Айлардың сұлтаны болып саналатын қасиетті Рамазан айы да аяқталуға санаулы күндер қалды. Осы айда Алладан үміт етіп, мейлінше көп сауапты іс атқаруға құлшынып жүретін жандардың қатары көп-ақ. Солардың бірі «Түрік Қызыл Ай» қоғамдық қоры. Аталмыш қор қасиетті Рамазан айында әлемнің 37 мемлекетінде тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік алып беріп, қайырымдылық танытып келеді. Сол елдердің қатарында біздің мемлекет те бар. Биыл олар Қазақстан  бойынша 1500 отбасыға азық-түлік алып беріп, сауапты істің жаршысы болмақ. Игі істі бастамас бұрын аталмыш қор өкілдері «Қазақ Қызыл Ай» ҚҚ-ның қазақстандағы бөлімшесіне бас сұғып, тыныс-тіршілігімен  танысты. Өз кезегінде «Түрік Қызыл Ай» ҚҚ-ы еліміздің бірнеше қалаларында қайырымдылық акциясын өткізді.Мәртебелі меймандар сол бір игі істің куәгері ретінде қайырымдылық шарасына қатысты. Сөйтіп «Түрік Қызыл Ай» ҚҚ-ры мен «Құл Қожа Ахмет Яссауи» білім және парасат қоры  Рамазан айында еліміздің Шымкент, Алматы, Талдықорған сынды бірнеше ірі қалалары мен аудан орталықтарында қайырымдылық шараларын өткізді. Сондай игі істің бірі жуырда «Uzynagash» мешітінде де ұйымдастырылды.

«Түрік Қызыл Ай» ҚҚ-ы директорлар кеңесінен келген Жеңгиз Котч, «Түрік Қызыл Ай» ҚҚ-ның Бурса қаласындағы филиалының бастығы әрі президенті Даут Гюркан ауданның тұрмысы төмен 100 отбасына 25 кг-дай азық-түлік үлестіріп, алғыстарын алды. Аталмыш қор өкілдері бұнымен шектеліп қана қоймай Рамазан айында мешіттер мен медреселерде, жетімдер үйінде қайырымдылық шараларын ұйымдастырып,бірнеше күн ауызашар беруге ниетті екенін де жеткізді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында халқымызды ұлттық құндылықтарды құрметтеуге, туған жерді көркейтуге, жаңашыл ойлап, қоғам үшін игі іс жасауға, өн-бойымыздағы рухани құндылықты жаңғыртуға үндеді. Елімізді рухани жаңғыруға бастаған мақала жұртымызға парасатты ой, пайымды пікір тастады. Ал рамазан – рухани жаңғыруымызға септігін тигізіп, иманымызды күшейтуге мүмкіндік туғызатын қадірі мен қасиеті мол ай. Осы айда мейлінше сауапты іс жасасақ Алла ол ісіміздің сауабын еселеп берері хақ. Сол үшін осы ай да сіз бен біз де жақсылық жасап жарысайық.

Екі ел арасындағы бауырмалдылықты ту еткен алты құрлықтың арғы жағынан ат терлетіп келген түбі бір түрік бауырларымыздың жасаған жақсылықтарының сауабы молынан болсын деп тілейміз. Алла ол бауырларымыздың да қылған құлшылықтары мен тілеген дұға-тілектерін қабыл етсін!

Е.Жақыпбек

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here