Қайырымдылар  қарапайым болады

Қасиетті Рамазан айында атқарылып жатқан қайырымдылық рəсімдері күн сайын жалғасуда.

Өткен дүйсенбі күні ерікті жастардың «Біз біргеміз» атты қайырымдылық керуені аудан орталығындағы əскери бөлімшеге барды. Ондағы мақсат, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мерекесіне орай Б.Момышұлы атындағы Ұлттық Ұланның № 28237 əскери бөлімінде қызмет ететін əскер отбасыларына, оның ішіндегі көпбалалы аналарға мерекелік сыйлық үлестіру болатын. Бөлімшеге аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айткүл Медеуова мен аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Балжан Досалы барып, қызметкерлерге аудан əкімінің мерекелік құттықтау лебізін жеткізді. Бұдан кейін аудандағы тұрмысы төмен отбасыларына азық-түлік себеттері таратылды.  Көмекке аса мұқтаж деп танылған əрбір отбасына жалпы құны 30 мың теңгені құрайтын азық-түлік жиынтығы берілді. Төтенше жағдай жарияланғалы бері жалпы аудан бойынша 3500-ден астам отбасына осындай қайырымдылық көмек көрсетілді. «Біз біргеміз!» қайырымдылық акциясы аясында атқарылған ауқымды шара аудан əкімдігінің ұйымдастыруымен, сондай-ақ, кəсіпкерлердің демеушілігімен жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, азық-түлікті сатып алу, қорапқа салу, тасымалдап жеткізу сияқты жауапты жұмысты аудандық жастар ресурстық орталығы атқаруда. Акцияны қарқынды жүргізіп, үлестіру жұмыстарына басшылық жасаған Балжан Досалы: «Біз біргеміз!» акциясы біздің ауданда жоғары деңгейде атқарылуда. Оған дəлел – осы уақытқа дейінгі көмек көрсетілген 3500-ден астам отбасының ризашылығы мен алғысы дер едім. Мен көмекке мұқтаж əрбір  отбасына барып, оларды сабырға шақырдым. Аудан əкімі Бағдат Байшалұлының арнайы сəлемін жеткіздім. Əр ауылда өзінің кəсібін тиянақты жүргізіп жатқан кəсіпкер азаматтарға зор алғыс айтамыз. Əсіресе, «Тəуекел Газ» ЖШС директоры Молдияр Нұрбаевтың көмегі көптеген мұқтаж жандарға демеу болды. Қауіпті індетпен күресу жолында біз, жастар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алға қойған бағыт-бағдарымен жұмыс жүргізудеміз. Бізді қолдайтын ел ағалары тұрғанда еш тосылмақ емеспіз. Біз аудан тұрғындарымен əрқашан біргеміз! – деді. Карантин кезінде жұмыссыз қалып, тұрмыстық жағынан қиналған отбасыларына демеу болған кəсіпкерлер елдігімізді, ауызбірлігімізді дəлелдей түсті. Жыл сайын сауапбы мол игі істер атқарып жүрген кəсіпкер Молдияр Нұрбаевты Алматы облысының жұртшылығы жақсы таниды.

Жасы жетпістен асқан ел ағасы өңірге Атымтай-Жомарттығымен танылған. Күнделікті үлестірілген əлеуметтік азық-түліктер де осы Молдияр ағаның мұқтаж жандарға көрсеткен көмегі. Алматы облысы «Газ шаруашылықтарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Молдияр Нұрбаев өз сөзінде: – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев карантин кезінде халыққа бірнеше рет мəлімдеме жасады. Вирустың қауіпті екенін, оның салдары елге қиын соғатынын түсіндірді. Мемлекетті дамыту жолында ел азаматтарына үміт артатынын баса айтты. Сондықтан мұндай сын сағатта қолында қаржысы бар əрбір азамат өзін ғана ойламай, елге шамасы келгенше қолдау көрсетуге тиіс деген ойдамын. Мен барлығы алпыс тоннаға жуық азық-түлік алып, оны карантин кезінде қиналған азаматтарға таратып беруді жөн санадым. Мемлекет басшысы қандай тапсырма берсе де орындауға тырысамыз, – деген еді.  Иə, қайырымды жандар қашан да қарапайым болады. Молдияр Қылшықұлы да ауылдағы ағайынның мұң-мұқтажына құлақ асып, ізгілікті жанына серік еткен азамат. Ел басына ауыртпалық түскенде қол қусырып отырмайтын қайырымды жандардың осындай өнегелі ісі өзге кəсіпкерлерге де үлгі болса дейміз. Молдияр ағамыз бұдан бөлек Алматының Наурызбай ауданындағы жəне қалаға іргелес жатқан елді мекендердегі тағы жүздеген отбасыға  көмектесіпті. Ол бірнеше жылдан бері Жамбыл, Талғар, Қарасай жəне Наруызбай аудандарын көгілдір отынмен қамтамасыз етіп келеді. Алдына жағдайын айтып келген жанның мəселесін шешуге қашанда бейім азамат Алматы облысының жəне төрт ауданның құрметті азаматы атағына ие. «Алтын Жұлдыз» медалімен, «Құрмет» жəне «Парасат» орденімен марапатталған жаны жомарт кəсіпкер Рамазан айында халыққа жеңілдікпен газ тарту жұмыстарын да жалғастырмақ. Өзі басқаратын компаниядағы əлеуметтік жағдайы нашар 117 жұмысшының əрқайсысына қосымша 45 мың теңгеден ақшалай көмек көрсеткенін де атап айтқан орынды. Жақсының жақсылығын айту бізге де парыз. Ел алғысына бөлене беріңіз, қадірлі Молдияр аға! Сіздің азаматтығыңызды мұқтаж жандар ешқашан ұмытпайды.

Бақтияр  АЙТАЛЫ.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here