Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық “Алаш” əдеби сыйлығының иегері,қазақтың көрнекті жазушысы Жұмабай Шаштайұлы – 70 жаста

Әдебиет – адам затының әлмисақтан  бермен қарай толқуы мен толғамының  куәсі ғана емес, мыңдардың нысаналы   сөзі, рухани-тарихи әлемдегі  санқилы құбылыстар екенін  ескергенде, сол әлемге баруға талаптанған қаламгер  ауыр сынаққа бет алғанын, тағдыры қайда бастайтынын анық біле алмайтын зор сынмен  бетпе-бет келерін, өзіне дейінгі  алыптармен іштей жарысқа түсерін  ойлап, ұшы-қиыры жоқ   телегейге қалтылдаған қайығымен түскендей тәуекелді сезінсе керек. Өзіне дейінгі ұлылар мен олардан мұраға қалған сөздің де кейінгілерді үнсіз сынға алатынын ұмытпайтын қаламгерлер сирек. Сол сиректің бел ортасында – бүгінде жетпістің асқарына  шаршамай-шалдықпай көтерілген, өзінің жазу мәнерімен, болмыс құбылыстарына терең  бойлаған шығармаларымен  қазақ әдебиетінің қазынасына зор үлес қосқан, айтулы прозашы замандасымыз Жұмабай Шаштайұлы.

       Көркемдік мазмұны тереңге тартқан туындылары дүниеге  қазақ әдебиетін  тың толғамдар өрнегімен, таныс та бейтаныс өмірдің  құбылыстарымен, шиырып айтқанда, тек өзіне ғана тән көркемдік тәжірибесімен  байытқаны талассыз.

    «Аяз би» романының көркемдік концепциясы  соның бір мысалындай. Халық ертегісіндегі «Аяз би, әліңді біл. Құмырысқа, жолыңды білді»  еске салып, біздің заман мен қоғамда «сондай Аяз би бар ма? Бар болса, кәне? Жоқ болса, неге?» дегендей   сауалға мегзей отырып,  қоғам мен адам өміріндегі әлеуметтік, тарихи, моральдық,  индивидуалдық ықпалды күштер мен серпіндердің сабақтастығы мен қайшылықтары сол заманда қалай көрінгеніне зейін қойып,  жауап іздеуі – қаламгердің өз кезінің өзекті мәселесіне зер салған сергектігі мен пайым-парасатын танытады.

     Құдіретті мемлекеттің іргетасына су жіберіп, солқылдатқан да сол – бүкілмемлекеттік, бүкілқоғамдық астамшыл, іштар өзімшілдіктің өмірлік қажеттілік тәрізді мойындалып, астыртын ішкі саясатқа ұласуынан  емес пе еді?!  Өмірдің барлық саласына зер салып, қыруар сақтық шараларын әмісе ойластырғанда, рухани серпіннің  жасампаз қуатқа ұласпау себебі қоғамдағы бүкілмемлекеттік қозғаушы күштің рухани принципі жете анықталмауына байланысты емес  пе  деген толғаныс романның көркемдік әлемін байыптауға жол ашатындай.                                       

         Ал әлі аяқталмаған «Жаңғырық» романында жиырмасыншы ғасырдағы күрделі кезеңдерді сабақтастыра, салыстыра зерттеу, замана зомбылығын әшкерелеу талабы тізгін ұстағандай. Бір қарағанда, қалыпты, солай болуы тиіс, басқашаға орын түгіл  қисын жоқ секілді қоғамдағы құбылыстардың адам тағдырына ықпалын байыптау, жеке адам мен қоғамның байланысы, сантарау, сантінді  сабақтастығы –  адамзат ойшылдарын замандар бойы толғандырып келеді. Ендеше жеке адамның өз кезіндегі орта-қоғамға әсері, мемлекет-қоғамның өз ішіндегі жеке адамның күнделікті күйкі тіршілігінен бастап, тұтас-толайым тағдырына ықпалы – әзелден әдебиет назарында.

    Қай замандағы билік те өзі үстемдік құрып, билеп-төстеген дәуірінің кемшілік-мәселесін анықтап, аяншақтамай, арылу амалдарын іздеудің орнына  бүркемелеп, аламанды айла-шарғымен алдаусыратқанда, «ауруын жасырған – өледінің»  керін келтіріп, өз күнін өзі қысқарта беретінін мұртты көсемнің өліміне шынымен күйзелген көптің күрсінісін, көз жасын көргенде, іш жиып сезінесіз.

      Ұзақ  жылдар бойы адамзат тарихында бұрын болмаған жаңа сипатты алып  мемлекетті келешекке қалай апару жауапкершілігімен қатар еліттірмей қоймайтын  аса қолайлы «мүмкіндіктерін» пайдалану, кәдеге жарату «батылдығы» тарихта аса сирек кездесетіні айқын. Билік – қоғам мен саясатты жүргізе білу   мен шаруашылықты – экономиканы  ұқсата алудың ежелден бермен қарай бір үзіліп, бір созылып келе жатқан сабақтастығының өзіндік тәжірибеге айналған үлгі-құбылысы ма, әлде соның  тұтқасын ұстағандардың ырықсыз тірлігі ме, әлде «жазған құлда шаршау жоқтың» лажсыздығы ма, әлде «не бел кетер, не белдік кетердің» қаперсіздеу қарекеті ме, немесе  құрыққа сырық жалғаған айлалы әрекеттер мен есептердің бүркемесі ме деген мәселе-сауалға жауап іздеу  – «Жаңғырықтың» тәуелсіздіктің арқасында қолы жеткен жаңа жүгі.

    Мәскеудегі Қызыл алаңда  бұқаралық сипат алғандай, елдік қасіретке ұласқандай көрініс-мысал – биліктің жеке адамның  өмірін зынданға айналдырып, есінен танғандай күйге жеткізгеніне айғақ. Болмысқа сыни-зерттеушілік көзбен қарауға әдді қалмаған  құлди құлдың рух  серпіні  мен сана сергектігінен айрылғандай ахуалы анық. Сондай міскін адамдар  қайдан шыққан, қалай жаралған деген сауал-мәселе алдымыздан шығады. Оның құпиясы, түп-тамыры бір ғана адамда ғана ма, әлде басқару механизмі  жете ойластырылмаған шалағай биліктің өз түбіне өзі жететінін алдын ала сезіне алмағаны ма? Қалай дегенмен, бір ғана адамның жер жүзінде теңдесі жоқ алып мемлекетті ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында ұстауы, санмың адамды ойыншық қылып қана қоймай, қорқынышпен, жазамен әбден естен тандырғанына миллиондар неге, қалай көнген деген сұрақ іште тұншықса да, әлсін-әлсін бас көтере береді.  Адам кейіпті аңға, түйсік-түсініктен жұрдай зомбиға айналып кету қаупінің өршуі мен соның зардабына, заман, қоғам трагедиясына  зер салуы жазушы интуициясының  тереңдігі мен мүмкіндігін, болмыстану принципін,  әлі аяқталмаған романның көркемдік мазмұнының мегзеу мүмкіндіктерін ұғынуға бастаса керек.

     Қаламгердің жолы болған, оқыған талғампаз  қалам иелері  бірауыздан жылы лебізін іркілмей білдірген туындысы  – «Аспанқора» (алғаш «Қияда» деген атпен 1982 жылы жарық көрген  «Таң нұры» деген жас жазушылардың ұжымдық жинағына енген) повесі. Көпке белгілі   шындық, көзтаныс қарапайым тіршілік, қарапайым адамдар, солардың аз тірлігіне мәз секілді кәдуілгі тірлігі.    

     Повестегі оқиға желісі қарапайым, басты кейіпкері – майданнан оралған,   соғыстың екінші жылында бір қолынан айрылған мүгедек қойшы. Әуелгі Атабай аты  былай қалып, «Атан» атанып кеткен оның  Аспанқораны қалауына себеп – көркіне қылығы жарасқан, көргеннің көз құртына айналған  жас келіншегі Ханымгүлді қызғануы деп топшылауға қисын бар. Бейнеті бір бітіп болмай мезі қылатын,  шүйіркелесер адамы жоқ ел-жұрттан аулақ  оңашада іші пысатын келіншектің біртоға, оңайлықпен ауыз ашпайтын Атанды қымс етсе, көпшіл завперме Қасыммен салыстырып, өз күйеуін қомсынуы – ақыры  «байқамай», көңілшектік жасап , оның ыңғайына көнуіне әкелуіне желеу. Ажарлы әйелін қызғанған еркек, күйеуінің көзіне шөп салған әйел, ажырасу,  ері басқа қызға үйленіп, байдан шыққаны басқаға тиіп, беті қайтуы, балалы болуы  секілді белгілі жәйттер. Мұндай кейіпкерлер де, осы төңіректегі  «әңгімелер» де таңсық емес.

      Алайда  алғашқы сөйлемнен бастап, үйіріп әкететін динамика шығарманың соңына дейін бәсеңдемейді.  «Атан өліпті» деген мәлімет-диалогтан басталған шығарма « Ол кім еді? Неге? Қалай?»  деген сұрауға іштей жауап іздеген оқырманды  елең еткізіп, жетелеп әкетеді. Сұлу қызға үйленгеннен  кейін-ақ драма басталып, Қасымның келіп кетуі Атанның жан дүниесін ширықтырып, психологиялық шиеленістер күшейе береді. Шығарманы бір деммен оқып шығасыз. Гәп- шағындығында емес,  туындының  драмалылығында, автор темпераментінің жалыны бір бәсеңдемей, соңына дейін маздап, көркемдік динамикасын үнемі ширатуында.

     Талап-танымы, табиғаты әрқилы характерлер – Қасымның ептілігі мен екіжүзділігі, бір кездегі бейкүнә, балғын бойжеткен Ханымгүлдің  кейін желігіп, сұрқияға айналуы, Қаламқастың бейкүнә, аңқау қарапайымдылығы, Атанның тумысынан дарыған ерекшелігіне қоса өзіне  де, ьүйткен тіршілігіне де көңілі толмай, кейде тұтанып, кейде қорыну салдарынан беріштене берген тұйықтығы пейіл-мінез ерекшеліктерінің сипаттары ретінде ғана айқындалмай, үнемі оқиғалардың өрбуіне, психологиялық тартыстың  асқына түсуіне себепші. Бұл орайда сөзді тұздықтап, дәлелдеп жатуға орын тар  болғандықтан, мысал келтіріп  уақыт алмай-ақ, кейіпкерлердің, әсіресе Атанның портреті, диалогтар ширақтығы мен серпінділігі, пейзаждардың нақтылығы  көркемдік-кеңістік фон есебінде ғана емес, оны сәт  сайын әр қырынан таныта беретін, туындының көркемдік әлемін  байыта түсетін,  нағыз зергер суреткердің ғана қаламынан туатын шынайы көркемдік табыстар екенін арнайы атап айту керек. Қазақ прозасында портрет жасаудың даусыз дарынды шеберлері  қатарында Мұхтар Әуезов, Әбдіжәміл Нұрпейісовтен кейін көрнекті тұлға деп Жұмабай Шаштайұлы деп тартынбай айтсақ, той қарсаңындағы жалпылама мадақтау емес, жазушының талантты, жанкешті еңбегіне кезінде айтылмай, кештеу болса да берілуге тиіс әділетті баға деп білем.

    Жол-жөнекей дерлік көрінетін  Рақымберді шал, қарауыл шал, Ханымгүлдің кейінгі күйеуі, заводтан қой алып қайтқанда жәрдемдескен ұшқалақ, мазасыз жігіт секілді эпизодтық кейіпкерлерге дейін штрихтармен анық та дәл сипатталып өткенде, жазушы қаламының сергектігі, мергендігі мен   екпіні сүйсіндіреді.

      Талантты жазушының  талғампаздығы  мен суреткерлігінің бір мысалы – «Аспанқора»  атты бітім-болмысы  басқалардан бөлек, өрнегі де өзгеше  туындысы.  Жаппай жаттанды, жасанды, бірөңкей ұқсас, біркелкі бояулары мен барар өрісі иек астынан  аспайтын туындылардан жалыққан кезеңде әдебиетімізге табиғаты, тағдыры әрқилы соны, соқталы  образдар келді. Шын шеберліктің шыңдауымен көз алдымызға келген олардың өмірі оқырманды өнеге етуден гөрі  ойландыруға жетеледі.

     «Аспанқораны» қайталап оқығанда, қазіргі Жұмеке деген атқа жеткен жасамыс «жігіттің» емес, кешегі уыздай жап-жас Жұмабайдың  адам мен болмыс ақиқатын  тану алғырлығы мен зерттеу ыждаһаты, суреткерлігі  мен  шеберлігі тәнті етеді.

    Оның «Аспанқора»  мен  «Құралайдың салқыны» повестері  қыруар мақалаларда мақтала беретін өмірдің «өзекті» мәселелерін көтеруге жанықпайды. Мұндай проблемалық өткірлікпен алдау да оңай, сонысына бола талдау да оңай. Керісінше, тұрмыс-тіршіліктің өзіндей қарапайым, табиғи, әлемнің қай еліне барсаңыз да, алдыңыздан шығатын тағдыр иелері, шынайы болмыстың өзі. Айтары айғайлап, андағайлап тұратын, даңғойлықпен ұштасып жататын әсіре көрнектілікке, ұран проблемалылыққа, кейіпкер-идеяға күш салып, рупор-кейіпкерлерге саңы ауып тұратын  я шалағайлықтан, я есепшілдіктен аулақ.

   

     Осындай кейіпкерлердің  тіршілік сипаты, кескін-келбеті, таудағы табиғаттың саналуан жанды  көріністері – баршасы біздің прозамызда осындай толымды, біртұтас бұрын көрінбеген. Олардың өзіндік табиғи гармониясын, өз заңдылығы мен соған сәйкес туындайтын философиясын, ал, ұғынып көріңіз. Шамаңыз бен шыдамыңызды  сынап байқаңыз. Бұл арада әлем әдебиетінен де, өз прозамыздан да талай мысалдарды қапталдастыра салыстыруға мақала көтермейді.  Анығы: «Аспанқора» мен «Құралайдың салқыны»  – қай әдебиеттің де таңдаулы көркемдік табыстары қатарында саналуға лайықты.

        Басқалар менсіне қоймайтын  қарапайым кейіпкерлер – отбасындағы жұпыны тірлік иелері де бақытты өмірден дәмелі.  Олардың да өмірдің жарқын нұрына бөленуге толық құқығы, өз бойына шақ арыз-арманы бар. Өздері де анық біле бермейтін жақсылыққа талпыну қарекеті,  үш характердің де түйсіктік деңгейдегі  ынтызары мен  ықыласы үнемі назардан тыс шеттемейді. Алайда санадағы кембағалдық  кесірлі керіс, пайдасыз тайталасты өршіте беруі   салдарынан талқаны шыққан бейшара  тірлік  дүниесі  әртүрлі  қайшылықты ой-толғанысқа қалдырғанда, қаламгердің өз кейіпкерінің  табиғатын толық ұғынған сезімталдығы мен қапысыз танытқан суреткерлігіне разы болмау мүмкін емес.

     «Аяз би» мен «Жаңғырық» романдары  – билікке ұмтылу мен соған мәжбүр етіп, астыртын қолдағанын білдірмейтін, соның салдарынан қоғамдық- әлеуметтік, тіпті тарихи-саяси құбылысқа айналып, жеке адамды желкелеп, ой-санасын   ірітуге деген өшпес наразылық, қайтпас қарсылық болса, повестері  – болмыс тұңғиығы мен телегейінде өз бақыты үшін тырбанған, тайталасқан, күресіп баққан адам мен алдамшы заманның, қамал қоғамның, қамау тіршіліктің  қайшылықтарының  нақты-бейнелі шежіресі.  

    Әңгімелерінде де  адам  мен қоғамның күрделі сипаты мен сырларын зерттеуге  үнемі ыждаҺатпен құлшынып,  шыңырауына  бойлаған, зерделілігімен де, зергерлігімен де талғампаз әдеби қауымның көңілінен шыққан қазіргі қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғасы, сирек дарын – Жұмабай Шаштайұлының шығармашылығы  алдағы уақытта да зор табыстармен толыға-молыға бермек.

    Бекен ЫБЫРАЙЫМ,
сыншы, филология ғылымдарының докторы

 

* *   *

    Қай романның желісінде
отыр екен…

Алқалы жиын. Кіл мықтылар. Төраға – төрге таяу отырған танымал әріптесімізге мақтауын келістіріп сөз берді. Лайық. «Жазушы, бірнеше кітаптың авторы» деген мадақ де сөз қосылды. Әйнегі қалың көзілдірігін қолына алып, тершіген маңдайын бет орамалымен бір сүртіп алған көкеміз: «Айналайын төраға, мына мақтауыңның барлығына келіскенмен мені жазушы дегеніңізге келісе алмаймын. Кітап шығарғанның барлығы жазушы емес… Мен бар болғаны журналистпін, тарихшымын. Жазушы деген ой-хой… олар Сәбит Мұқанов, Шерхан Мұртаза, Жұмабай Шаштайұлылар ғой…» дегені-ші. Ғажап!.. Жазушылық бейнет-құбылыстың сырын ақ жүрекпен ашуға ниет қылған ағамыздың қылығына төңірек толы кісі аса мән де бере қоймаған сыңайлы. Әріптесіміз бар болғаны қаламгерлік кәсіптің, жазушылық өнердің адам айтқысыз маңдайтер тамшыларымен, өлшемі зор еңбекпен келетінін айтқысы келген-ді. Ағамыздың аузынан Жұмабай Шаштайұлы есімін естіген сәтте, шалқи түскенім-ай, несін жасырайын!..

Сонау 70-інші жылдардың орта шенінде, иә, қазіргі заманның көрнекті жазушысы Жұмабай Шашатайұлымен, құрметті Жұмекеңмен қатарласып, тізе қосып бір газетте – атыңнан айналайын «Екпінді еңбекте», бүгінгі «Атамекенде» еңбек еттік! Ерекше ынталы  Жұмабай Шаштайұлының жазу үстеліндегі өте майда жазу тізбелері – әріп-белгілері… ақ параққа өте бір ыждаһаттылықпен асықпай түсіріп, кенет бір терең ой құшағын шомып кетер болашақ зор жазушының мінез-құлқындағы ерекешелік болмысы… көз алдымда! Жазушылыққа қадам осылай басталады екен ғой деген бала көңілмен ой топшылағаным да бар. Бәлкім, “Таң нұры” (1982 ж.) атты ұжымдық жинаққа енген “Қияда” атты алғашқы повесі, 1984 жылы шыққан бойда сол кездегі саяси басшылық тарапынан қатал сынға іліккен “Қызыл қар” атты тұңғыш жинағының алғашқы тараулары сол «Екпінді еңбек» мектебінің парталарында жазылған да шығар!? 

 Бойында ізгілігі мен ізеті меймілдеп тұратын  ақкөңіл ғажап жан Жұмекеңмен бір газетте көп уақыт бірге қызмет істей алмадық. Сол жылдары оны көрші Красногор аудандық газетінің редакторы өз аяғымен келіп, талантына тамсанып, орынбасарлыққа аттай қалып алды да кетті. Бірақ, біз Жұмекеңмен арақатынасымызды сақтап қалдық…

«Сөздің әлбетте сұрауы бар, алайда оның есебін біліп, мөлшерін анықтап отыратын әдеттен алшақтау нышандары жеткілікті. Жұмырбасты пенде баласының ақыл-ойы алғыр тартса да, өзімшіл ауруынан арылу қиынға соғып барады. Сөздің еш әсер етпейтін себебіне бойлауға ешкімнің құлқы жоқтығына етіміз үйренгені сонша – сыпайылықтан ада сыйымсыздау мінездерді ерен санамайтынға айналыппыз…» Шынайы «Сөз» туралы бүгінгінің жазушы-романисі Шаштайұлы осылай  дейді. Жан-жүрегі сөз құдыретімен етене қабысқан әдебиет майданы саңлағының, шынайы сөз жаншырының жан  тербелісі міне, осындай!

…Алмасы самсаған бау іші. Шаштай ата. Домбыра. Бауырсақ иісі… Сейітхан, Есенқұл, әрине, Жұмекеңнің өзі де… қатар тұрып, белімізге дейін жалаңаштанып алып, белорақ тартқанымыз да, мая салғанымыз да есте!

Ұлы Жамбыл мавзолейінің иығына тиіп тұрған жердегі осынау құтты шаңырақтың қазаққа сайдың тасындай саңлақтар сыйлағанын да құбылыс демей көріңізші! Тоқан – суретші, Жұмабай – жазушы, Дүйсебеай – композитор, кенже ұл Ермек – термеші-жыршы, мәдениет үйінің директоры. Шаштай атаның – таланттар шеберханасы!

…Жазушы Шаштайұлы дәл бүгін қай романының қай желісінде отыр екен?

Талғат СҮЙІНБАЙ,
Қазақстан Республикасы Ақпарат саласының үздігі.

***

Тереңдігіне тəнтімін

Шешеміз Қалила  әңгімені жақсы айтатын. Ыбырайым деген ақсақалды естіген шығарсың, Жамбыл атамыз сол Ыбырайым ақсақалға барып сағаттап  әңгіме айтады екен.  Оны шешеміз  бізге келіп айтады. Қалила анамыз әдебиетке де,  қолөнерге де  жақын адам еді. Ол кездері ауылдың әйелдері жүн сабап, көрпе тігіп, құрақ құрап жататын. Біздің анамыз да  текемет басу, сырмақ сырудың шебері болатын.  Қолынан бәрі келетін еді. Біздің ауылда Мүсірәлі Молдахметов деген ақылды, парасатты адам болды, яғни Сейітхан Молдахметовтың туған ағасы. Сол кісі бәрімізге жол сілтеп, ақылын айтып отыратын. Менің домбыра  тартқаныма қарап, олай емес, былай тарт, үйрен дейтін. Ол кезде мұғалім деген жоқ қой, болса да бірді-екілі ғана.

Әдебиетке қызығушылық танытқан Жұмабай сияқты балалар 7-8 сыныпта жүргенде әдеби үйірме ұйымдастырды. Мүсірәлі, Сейтхан, Нағашыбек, Жұмабай, Бақыт Балайұлы, т.б, бірталай жігіттер жиналып, өздерінше  жазған-сызғандарын талқылайтын. Өлеңдерінің буындарын санап жатушы еді. Соның бәрі есімде қалыпты. Қазір олардың ішінде әдебиетте қалғандары – Сейітхан, Нағашыбек, Жұмабай үшеуі ғана ғой деймін. Қалғандары  агроном, енді біреуі қойшы болып өз алдыларына өмір көшіне ілесіп кетті. Ауылдағы көзі тірілер біледі ғой, әкеміз Шаштай да әңгімешіл болатын. Мүмкін әкеден де бірдеңе дарыған шығар.  

Мен ойлаймын, әдебитке келудің өзі оңай емес. Ал, журналист болу одан да қиын. Алдыңғы толқын ағаларымыз әдебиетке  ештеңе білмей  келе алмаған. Өйткені, көкірегіңе түйгенің болмаса болмайды ғой. Біз бала кезімізде кітапты көп оқитынбыз. Мұғалімім Әлімжан Сартбаев аға маған көп тәлім берді. Өзі бір жақсы адам еді ғой.  «Дүйсебек, не істеп жүрсің» деп ылғи сұрап отыратын.  «Жамбыл салған ән еді» деген кішкентай кітап шығарып, соны ол кісіге апарып бергенде балаша қуанды, жарықтық. Қалай болғанда да, біздің ауылда  Әлімжан ағаның, Мұхамеджан Әбдрахмановтың әдебиетке қосқан үлесін жоққа шығаруға болмайды. Қазір ойлап отырсам, қазіргі кездегідей емес, ол кезде кітап оқылатын еді. Ал, қазіргілерде әдебиет туралы түсінік тұрмақ,  өз туған топырағынан шыққан таланттарды білмейді. Ал әкесі білмеген дүниені оның баласы қайдан білсін.

Қазір ауылдағы еркек кіндіктінің бәрі таксист. Оларда ой жоқ сияқты көрінеді маған. Тепсе темір үзетін сол жігіттерге қайран қалам. Ауылдың әңгімесін айтқанша, бір кітап оқыса, жанның азығы емес пе. Олар Жұмабайды танымауы да, таныса да әйтеуір бір белгілі адамның бірі  ғой деп қарайтынына күмәнім жоқ.

Жалпы, жарты ғасырда адам өзінің қатты өзгергенін байқатып қояды екен. Адамның адам сенгізіз өзгеруіне елу жыл жетеді. Ол қандай өзгеріс дегенде,кітап оқымайтын, ұлттық музыканы түсінбейтін ұрпақтың  келгендігін айтар едім..  

 Жұмабай басында ақындығымен көрінді. Өлеңдері Жетісу газетіне жарияланып тұратын. Оның жазушылыққа келуіне  Рафат Әбдіғұлов  көп әсер етті ғой деп ойлаймын. Рафаттың өзін әдебиетке әкелген Жұмабай еді. Рас, Рафаттың білімі өте терең болды.  Мен оны психолог жазушы дер едім.  Себебі тілі терең,  иірімдері қиын. Ал енді шығармашылық қарымы мықты, халтурщик емес. Оны әдебиетшілер де  мойындайды. Халтура деген нәрсе қай жағынан болса да көрініп тұрады ғой. Мысалы, Нұрғиса Тілендиев ағамыздың ешбір әнінен халтура көрмейсің. Сол сияқты мүлде тартпайтын жазушылар жетіп артылады. Олардың кім екенін ішіміз сезеді әрине.  Мәселен, Джек Лондон шығармаларын  қаңғып, кедейшілікте жүріп жазған ғой. Оның «На далеком севере» «Боксер Джо» деген романдары бар. Ол Руф деген қызға ғашық болып, сол қыз Джек Лондонды тәрбиелейді, сол сияқты  әдебиетке келу үшін үлкен багаж керек, музыкада да солай.

Біз Жұмабай екеуміз тете боп өстік әрі бір-бірімізді екі ауыз сөзбен-ақ түсінеміз.  Екеуміздің арамызда Жұрынбай деген бала болған дейді білетіндер.  тіл-көз тиіп шетінепті. Мықты бала болған деп елден естиміз. Пышақты домбыра ғып тартып отыратынын айтады көргендер.  Негізі әрқайсымыз әртүрліміз ғой. «Бір биеден ала да туады, құла да туады» демекші, бір-бірімізге мүлде ұқсамаймыз. Ол да өмірдің заңдылығы ғой.

 Дүйсебай Шаштайұлы, мәдениет саласының үздігі.

***

Тектіден туған жарығым

Тумысынан сөз құдіретін, өнер қасиетін бойына сіңіріп туған, бүгінде қазақтың белгілі сөз өнер шебері, атақты жазушыға айналған Жұмабай қайным да 70-жасқа толыпты-ау!  Қара мұрты қиылған әсем жігіт еді, сол қара мұрт пен қара шашқа ақ кіріпті. Жазған дүниелеріне дүние-тіршілік, жаратылыстың сырын ашуға тырысқан философиялық даналық сарыны еніпті.

Жұмабайды өмірге әкелген ата-анасы да тегін емес. Атамыз әрі күйші, әрі ақын жанды адам еді.

Анасы – әулие адам еді. Ондай адам жай бала туама! Балалардың бәрі нағыз өнерпаз болды. Анасы менің атам, шежіреші Ыбрайым атамды аузынан тастамай айтып отырушы еді. Сол кісіге деген құрметі болар, Сағым екеумізді құрметтеп, дастарханына шақырып отырушы еді.  Анам мен енем айтпаған ақыл-кеңесін айтып, өміріме бағыт-бағдар сілтегендей кездері болып еді. Адамның қадірін біліп, соны ұмытпай кейінгіге өсиет етіп жүретін, ағайынның арасын жақындастырып жүретін қайран сол дана қарттар-ай! Сондай кісілер бір отбасының ғана емес, бүкіл қазақтың байлығы екен ғой. Сондай әулие адамдардан туған Жұмабай қазағының жақсы жазушысы болды.  Бар көрген, білгенін көз аясына сыйдырып, көңіліне тоқып, еш шашау шығармай кезекті бір шығармасына керекті бір сәт іздеп тұрғандай,  тынымсыз көз қарасына қарап тұрып, әлі де талай-талай шығарманы өмірге әкелетініне сенімдімін. Өмір жасың ұзақ болсын, жарығым! Абыройың асып, мәртебең өсе берсін.

Жеңгесі Еркехан Ибраймова.

***

Суықтөбенің сұңқары

Əдебиет дегеніңіз көркемтаным тұрғысында концептуалдық жетістікке жету жолында қаламқағазбен алысқан кез келгеннің қолынан келе бермейтін өмірдің өзгеше бір құбылысы. Ол қаперіне кірмейтін жазғыштар көп. Қазір Қазақстан Жазушылар Одағының мүше саны 800-ден асты. Үлкен бір бөлегі филологтар, бірді-екілі əдеби мақала жазған журналистер. Мүшелік билетті малданып ауылда, ауданда, аймақта қаптап жүр. Ал шын ақын-жазушылар… көп болса, 70-80. Бəлкім, одан да аздау. Сол аздың ішінде біздің Жұмабай бар. Шерағаң «мен əлгі Шаштайұлының «Аяз биін» оқыдым», – деп жиі разы кейіпте айтып отырушы еді. – Одан ары қарай: «Əлгі қиғылық салған «Қызыл қарымен» Мəскеуден шығатын ең құдіретті газет «Правдаға» дейін жетіп, Дінмұхаммед Қонаевтың баяндамасына да кіріп кеткен. Солай еткен қайсың барсың?» деп алып: «Бұл Шаштайұлы енді мал болмайды» депті ғой қыбы қанған қызғаныштың қызыл көздері, ə…

М.Горькийдің «Шындықты да қулықпен айту керек» деген сөзі бар. «Қызыл қарды» бұғанасы ендіенді бекіп, қаламының қабырғасы енді-енді қатайып келе жатқанда жазған Жұмабай ол кезде мұны қайдан білсін. Шапырашының шаппа-шап мінезімен айтылмай жүрген ақиқатты алды-артына қарамай азу тісін ақситып, ақтарып салған ғой. Талантты жазушының қай-қайсында да болатын мінез бұл. Протестік əдебиеттің біздің елде етек жая қоймаған кездегі қызыл идеологияға қауіпті құбылысы.

 Мен Жұмабайдың кім екенін шындап танығаным «Сең үстінде кімдер кетіп барады» деген əдеби мақаласы. Əбдіжəміл Нұрпейісовтің «Сең» романына арналған қаһармандықтың қанатын қақтырған лебіз. Енді қараңыз: Сол мақала газет редакторының құзырымен Красногор аудандық партия комитетінің бірінші секретарының атымен жарық көреді. Редакторы «Сеңге» арнайы мақала жазылып, ол партия қызметкерінің атымен жарық көрсін деген жоғары жақтың нұсқауын айтты. Жұмабай қайтеді. Көнеді. Ал ауданның, аймақтың атқа мінерлері үшін əлгі секретарь жазушы ретінде танылды. Көзі тірісінде соны малданып та жүрді. Бұл да бір Жұмабайға жасалған қиянат еді.

Одан кейінірек оны бір телехабардан көріп разы болып қалдым. Абай мен Жамбылды салыстыра қарау əңгімесі жүріп жатты ғой бір кездері. Онда ол: «Абай əлемдік, ал Жамбыл ұлттық деңгейдің ақыны» деп кесіп айтты. Ақиқат осы. Ақиқатты айту үшін əділ болу міндет. Жазушы өзінің шығармаларында өзгені былай қойғанда өз ақиқатына əділдіктің ұстанымымен қарайды. «Қызыл қарды» роман қылып қайта жазып шығуы соған дəлел. Осылай ету талабы өзгеміздің қолымыздан келе қоймайды. Өз кемшілігіңді көруден қорқасың. Өзіңе-өзің əділ баға беруге батылың жетпейді. Л.Толстой жарықтық атақты «Анна Каренинасын» 17 рет, «Соғыс жəне бейбітшілігін» 4 рет қайта-қайта түзеп шыққан ғой. Өзіміздің классигіміз Əбдіжəміл Нұрпейісов «Қан мен терін» жылдар бойы түзеумен келеді емес пе? Өз ақиқатын, өз көркемдігін сөзбен айтып жеткізудің аса əділ жанкештілігі. Оның Жұмабайға тəн болғаны тəнті етеді.

 Жақсы жазушының жан əлемінде аунап-қунап жататын жан шуағы оның рухани қуатының бір сипаты. Жан-шуағының жарық сəулесі жан-жағына тарайды. Қазақ əдебиеті газетіне редактор болған жылдары, ішінде өзіміз де бармыз, қаншама қаламгерге шапағаты тиді. Қазақстанның төрт құбыласынан таныла қоймаған жанашыры табылмаса ешқашан таныла алмайтын талайдың шығармаларын жариялады. Маған, яғни «Жамбыл» журналына дейін ұсынып отырды. Талапты жастарды іздеп-тауып жұмысқа қабылдады, ұстаздық етті. Таным таңдауға үйретті.

Мына, Рəтбек мырзаның тапсырысына байланысты алақандай əңгімеде Жұмабайдың қадіріне жетіп жазатын мүмкіндік жоқ, əрине. Маған сенімді қаламдас, сырлас, пікірлес, бауыр, іні болған Жұмашты 70 жасымен шын жүректен құттықтаймын. Қағазың столыңнан, қаламың қолыңнан түспесін! Суықтөбеден ұшқан сұңқар ғой, Ол!

Несіпбек ДƏУТАЙҰЛЫ,

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

***

Шаңырақтан шуақтанған шабыт

 

Қаламын алса, қатал тірліктің

сызын да ұмытқан, мұзын да ұмытқан.

Жалауын жығып жасандылықтың

«Қызыл қар» жазып қызылды құртқан…

Қадірбек Құныпияұлы.

 Қойшының баласы болғандықтан, төрт түлік мал төңірегіндегі əңгіме ауаны жанымызға жақын. Жұмабайдың жайлауы, қыстауы, күздеуі, көктемесі көкейімізге дөп қонады. Бəрі де біз шиырлаған жер. Рахаттанып оқимыз. Майтөбенің көк майсасындай сөз қолданыстары көңіл қылын шертеді. Оның əкесімен Орысбұлағында қатарласа қой баққанымыз бір дəурен… Əріден тартып, сөз сабақтаса «Мың бір түнді» оқып отырғандай боласың. Жылқы құрықтаған, қой қоралаған, зеңгі баба өргізген Шаштай шалдың шаңырағына шабыт шапағы түскен дерліктей. Ең үлкен ұл Қырғызбай ұста, шебер. Ортаншы ұл Тоқтасын (Тоқан) қылқалам маманы, Жұмабай қаламгер, Дүйсебай күйші-музыкант. Ал кенжелері Ермек ағып тұрған əнші-асаба.

Киелі шаңыраққа əдейі бас сұғатын əйгілі композитор, дəулескер күйші Нұрғиса Тілендиевтің сонау Алматыдан туысқан тартып, ұдайы келіп тұратыны бекер емес шығар. Көзін төрт түлік мал бағумен ашқан шақшадай ғана Шаштай Жамбыл жыраудың күй-сарындарын, айтыс-мақамдарын майын тамызып тартатын ғой. Нұрғисаға міне, сол өнерімен Нұрпейісов «Қан мен терін» жылдар бойы түзеумен келеді емес пе? Өз ақиқатын, өз көркемдігін сөзбен айтып жеткізудің аса əділ жанкештілігі. Оның Жұмабайға тəн болғаны тəнті етеді. Жақсы жазушының жан əлемінде аунап-қунап жататын жан шуағы оның рухани қуатының бір сипаты. Жан-шуағының жарық сəулесі жан-жағына тарайды. Қазақ əдебиеті газетіне редактор болған жылдары, ішінде өзіміз де бармыз, қаншама қаламгерге шапағаты тиді. Қазақстанның төрт құбыласынан таныла қоймаған жанашыры табылмаса ешқашан таныла алмайтын талайдың шығармаларын жариялады. Маған, яғни «Жамбыл» журналына дейін ұсынып отырды. Талапты жастарды іздеп-тауып жұмысқа қабылдады, ұстаздық етті. Таным таңдауға үйретті. Мына, Рəтбек мырзаның тапсырысына байланысты алақандай əңгімеде Жұмабайдың қадіріне жетіп жазатын мүмкіндік жоқ, əрине. Маған сенімді қаламдас, сырлас, пікірлес, бауыр, іні болған Жұмашты 70 жасымен шын жүректен құттықтаймын. Қағазың столыңнан, қаламың қолыңнан түспесін! Суықтөбеден ұшқан сұңқар ғой, Ол! ұнаған Күшікбай есепшінің ұрпағы ұлы домбырашының «Ата толғауын» тудыруға бірден-бір дəнекер болғаны анық…

Шаштай шаңырағы шабыт шуағын шашумен таңырқатып келеді. Нұрғисаға ой салған отағасы кезінде Жамбыл жайлы телехабарда Жамбыл шертпелерін тартып, жүргізуші Ілия Жақановтың ықыласына бөленді. Дүйсебай Шаштайұлы «Отырар сазы» оркестрінің құрамында бүкіл əлем елдерін таңырқатып қайтты. Ең кенжелері, шаңырақты ұстап отырған Ермек Шаштайұлы Құдай берген қоңыр үннің арқасында Талдықорған өңірінде өткен Жəлмендеұлы Пішəн рухын əспеттеуге арналған республикалық байқауда əкесінің айтуымен үйренген Пішəннің «Ғайша» əнін шырқап, лауреат атанды. Қарапайым шофердің бұл табысы тамам жұртты таңтамаша қалдырды.

Ал енді биыл жетпіс жастың биігіне көтеріліп отырған Жұмабай Шаштайұлының қаламды серік етіп, баяғыда «Қызыл су» деген хикаят жазып, онысы алдымен «Жалын» журналының бəйгесін алып, соңынан шулығанға іліккені ел есінен шыға қойған жоқ шығар. Өзі бағысқан қоғам малының жұтқа ұшырап, бірінің жүнін бірі жұлып жегенін қаз-қалпында жазғаны халыққа ұнағанымен, үкіметке жақпай қалып, соқа басы сынға ұшырады. Қонаевтың аузымен, «Правданың» хабарымен, баспа жəне кітап саудасы істері комитетінен қараланған «Қызыл суды» жұрт жапатармағай іздеп тауып, тіпті таласып оқыды. Жұмабайдың аты аспандап кетті. Халық жақсы қолдағанын байқаған жоғарғы жақтағылар райынан қайтты. Тіпті, Олжас Сүлейменов сияқты танымал тұлғалар ара түскеннен кейін сол даулы шығарма «Қызыл қар» деген атпен «Жалын» баспасынан 1984 жылы жарық көріп, оқырман қауымға емін-еркін жетті…

 Əнеки, шабыт шуағына шомылған Шаштай шалдың шаңырағынан шыққан таланттар шоғыры осындай.

Көркемсөз бен көркем əдебиетті екі қанатым деп білетін қаламгердің осы қос жанрда да көріне білуі – керемет нəрсе. Бірталай қызметтердің басын қайыра жүріп, кешегі қарапайым қалпындағы өмір кешулерін жүрдек газет-журнал тілімен сорғалатып самғау Сейдахмет Бердіқұлов тектес бесаспап редактор үлгісіне саяды. Шабыт шылауында шарқ ұрған Шаштай шалдың баласы туындатқан дүмді дүниелер баршылық. Олар: «Қызыл қар», «Жала мен нала», «Жыржолбарыс», «Біздің заманның Аяз биі», «Жаңғырық», «Сарғайған парақтардағы сағыныш» боп қалың қауымның кітап сөрелерін толтырды. «Жалын», «Санат», жəне «ҚазАқпарат» баспаларынан басылып шыққан повесть, роман, əңгімелер мен ой-толғамдар автордың пісіп-толғандығын, туындыгер тұғырына көтеріліп, шығармашылық машыққа əбден төселгендігін айғақтайды. Кітаптардағы публицистикалар мен көркем дүниелерде көңілді гүлдендіретін детальдар жетіпартылады. Мəселен, «Шаштай ақсақал «Алматыдан келгенкеткен кісілерден: «Əлгі Нұрғиса аман жүр ме?» – деп тынбай сұрап жататын. Міне, сол қария дүниеден қайтқанда, Нұрғиса көкеміздің: «Менің əкем қайтыс болды», – деп солқылдап тұрып жылағанын көзіміз көрген еді» деген тұстарда қандай тəлім-тəрбие жатқанын кеудесінде сəулесі бар жан баласы сезінсе керек-ті. Дəл мұндай жан жадыратар жəйттер жинақтарда көп-ақ…

Тіршілік мектептерден өткен, ірі-ірі баспасөз орындарында басшылық қызметтер атқарған кешегі қойшының көмекшісі, бүгінгі ел тағдырын, жер мəселесін қуатты қаламына арқау етіп, Елағасы дəрежесіне көтерілген Жұмабай Шаштайұлының мерейі үстем бола бергей.

Орысбай ƏБДІЛДАҰЛЫ,

Жамбыл ауылының түлегі, «Құрмет» орденді қаламгер

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here