ТІРЛІГІМІЗДІҢ ТІРЕГІ

З0 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні баршамыз үшін ортақ мереке. Бұл датаның қаншалықты маңызды екенін қазіргі таңда отандастарымыз жақсы білсе керек. Ал оның қадір-қасиетін бірлігі жарасып, тату-тəтті өмір сүріп жатқан көпұлтты мемлекетіміз бен əлем елдері назарын өзіне бұрып отырған елдің өсіп-өркендеуіне қарап та бағамдаймыз. Түсіне білген адамға Конституция тек қана міндеттер мен талаптардың жиынтығы емес, ол күллі халқымыздың болмыс-бітімін айқындайтын басты құжат болып саналады. Ата Заң мемлекеттің даму көжиегін айқындаушы, ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан маңызды жобалардың сəтті орындалуына ықпал етіп отыр. Мемлекет қалыптастыру үшін əрбір елдің өзінің Ата Заңы болуы міндетті. Еліміз əлемдік кеңістікке тəуелсіз ел ретінде қадам басты. Сол жылдары өзінің дербес Конституциясын бекітті. Бұл ел тарихындағы саяси маңызы зор айтулы оқиға еді. Конституция мəтінінде жазылғандай, «Біз, ортақ, тарихи тағдыр біріктірген қазақ халқы байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып, өзімізді еркін, теңдік жəне татулық мұраттарына берілген бейбітшіл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі жəне болашақ ұрпақтар алдындағы жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып, осы Конституцияны қабылдадық» дейді. Міне, содан бері қарай өзіміздің таңдап алған жолымызбен, Елбасының сарабдал саясатының арқасында тура бағыттағы, барша əлемге бейбітшілік пен тұрақтылықты үндеген ел ретінде танылып келеміз. Шынтуайтында, Конституция ел тірегі. Асыл мұраттардың жиынтығы. Сол себепті елімізде қабылданып жатқан түрлі заңдардың қайнар көзі Конституцияда деп сенімді айтуға болады. Конституцияның қазіргі таңдағы нұсқасы 1995 жылдың 30 тамызында жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданғаны белгілі. Ал 1993 жылы қабылданған Конституцияға келетін болсақ, оны сол кездегі Жоғарғы Кеңес қабылдап, бекіткен екен. 1995 жылы қайта қабылдау кезінде халық арасында «Не үшін екі жылдан кейін қабылдайды» деген əртүрлі пікірлер айтылды. Алайда, мұның өзіндік себептері болғанын халық кейіннен біле бастады. 1993 жылғы бекітілген Конституция кейбір жаңа заңдардың қабылдануына, əсіресе, нарық қатынастарына байланысты заңдарға кедергі келтірген болатын. Сол себепті жаңа қоғамның барлық мəселелерін қамтитын, демократиялық, құқықтық, нарықтық жүйе құруға қадам басқан елдің даму жолы мен мемлекеттің мазмұнын жетілдіретін жаңа Конституция қажет болғаны кешегі деректерден белгілі. Сөйтіп, 1995 жылы жалпыхалықтық референдум негізінде Конституцияның жаңа нұсқасы қайта қабылданды. Қазақстандықтар сол уақыттан бері кейінгі қабылданған Конституциямен өмір сүріп келеді. Əрине, уақыт талабына байланысты кейбір баптарға өзгертулер мен толықтырулар енгізілген. Бірақ ол өзгерістер халықтың өміріне соншалықты əсер етпегені анық. Өкінішке қарай, Қазақстанда тұрып жатқан əрбір азамат Конституцияға құрметпен қарап, онда айтылған қағидаларды бұлжытпай орындап жүр дей алмаймыз. Сондай-ақ, бұл күнді Қазақстанда аталып өтетін өзге мерекелердей ерекше ескере бермейді. Егер орындайтын болса, сол арқылы өзінің құқығын білетін еді жəне өзіміз үшін де, жалпы қоғам үшін де бұл үлкен жетістік болар еді. Бұл тұрғыдан қарағанда, «біздің елде көпшілігінің құқықтық сауаттылығы төмен», – дейді тиісті мамандар. Тіпті, оны көзі ашық деген тұлғалардың да жетік білмейтіні қынжылтады. Əлбетте, қоғам заң бойынша дамиды, заң арқылы алға басады, өмір сүреді. Неге екенін, Конституцияны бейне бір өмірімізге түк қатысы жоқ сияқты көреміз. Өйтуге болмайтынын сол саладағы заң қызметкерлері де есімізге сала бермейді. Күнтізбеде қызыл сиямен белгіленген Ата Заң, яғни Конституция күні керек десеңіз, əрбір азаматтың жұмыс үстелінде жатуы керек екен. Кейбір шет мемлекеттер өз Конституцияларына үлкен құрметпен қарайтыны сонша, оның кішірейтілген нұсқасын жасатып, қалталарына салып жүруді əдетке айналдырған. Демек, кез-келген уақытта соған сүйеніп, өз құқықтарын қорғай алады. Осыны біздің қарапайым халық та үйренсе, нұр үстіне нұр болар еді, əрине. Сонымен қатар, Ата Заңның мазмұнын адам санасына бала кезден бастап сіңіріп, балабақша, мектептерден бастап құлағына құяр болса, кез-келгеніміздің құқықтық ой-санамыз жетіле түсер еді. Иə, қоғамның бір орнында тұрмайтыны белгілі. Өмір өткен сайын оның талаптары да өзгеріп отырады. Еліміз құқықтық- демократиялық, зайырлы мемлекет ретінде өзінің Конституциясына уақыт талабына сай бірқатар өзгертулер мен толықтырулар енгізгенін білеміз. Жалпы, өзгерістер көбіне уақыт талабына қарай туындайды ғой. Қазіргі қолданыстағы Конституция еліміздің өсіп-өркендеуіне, саяси-əлеуметтік, экономикалық жағдайдың кемелденуіне толықтай сəйкес келсе, келешекте мемлекеттік құрылымды одан əрі жетілдіруге байланысты кейбір баптар қайтадан қаралуы мүмкін. Жасыратыны жоқ, біздің ұлттың бойында заң қызметкерлеріне үреймен қарайтын əдет бар. Бəлкім, бұл зорлық-зомбылықты басынан көп өткерген халықтың қанына сіңіп қалған үрей ме, əлде оның басқа да себептері бар ма, ол жағы əлі бұлдыр. Иə, кез-келген мемлекеттің тəуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айқындайтын негізгі құжат – Конституция. Онда мемлекеттің барлық құрылымдарының, жеке азаматтардың, ұлт пен ұлыстардың, əлеуметтік топтардың мақсаттары мен міндеттері, құқықтары көрсетіледі. Осыдан он алты жыл бұрын, яғни 1995 жылғы 30 тамызда Қазақстан халқы тарихи шешім қабылдап, еліміздің құқықтық өміріндегі жасампаз жаңа дəуірге қадам басты. Содан бері тəуелсіздіктің тірегіне айналған Ата Заң – мемлекет пен қоғамда орын алып отырған барлық саяси-экономикалық, əлеуметтік реформалардың ілгері басуына, дамудың қайнар бастауына айналды. Өткен 16 жылдан бері мемлекет пен қоғамның дамуындағы өзгерістер демократиялық, зайырлы, құқықтық жəне əлеуметтік мемлекет ретінде орнығу талпыныстарының бəрі Ата Заң қағидалары негізінде жүзеге асып отырғаны тарих беттерінен белгілі. Айта кететін тағы бір жайт – Қазақстанның Ата Заңы əлемдегі ең жас Конституциялардың бірі болып саналады екен. Расында, бүкіл мемлекеттік құрылымды айғақтайтын, елдіктің бастауы болып табылатын құжат бар- жоғы 16 жасқа толып отыр. Тарих тілімен айтқанда бұл көп уақыт емес. Десе де, осындай алмағайып заманда «Қазақстанның Ата Заңы уақыттың сынынан сүрінбей өтті жəне өзінің талабына лайықтылығын жан- жақты дəлелдеді» делінген зерттеушілердің пікірінше. Қазақстанның Конституциясы əлемдегі жалпыадамзаттық құндылықтарды дəріптейтін ең үздік 50 Конституцияның бірі болып саналады. Мұның өзі Ата Заңымыздың үлкен əлеуеті мен қабілетін білдіреді. Сондай-ақ, тəуелсіздігін алған Қазақстанның ең басты қадамы – Ата Заңды қабылдаумен тығыз байланысты. Бұл туралы: «Тəуелсіздікті алғаннан кейін бізге бүгінгі өмір өз шындығымен жəне алдағы уақытпен бірге қадам басып, өткен ұрпақтың іс- тəжірибесі мен жарқын болашаққа деген сенімін қалыптастыратын негізгі заң қажет болды. Тəуелсіз Қазақстанның Конституциясы ашық жəне демократиялық қоғам орнатудың негізгі принциптерін баянды етуге тиіс болатын», – деп жазады Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстан жолы» атты кітабында. «Күні кешегі тарихи оқиғаларға жүгінсек, Жаңа Конституцияны қабылдау қарсаңында ұзақ мерзімді қызу жұмыстардың атқарылғаны ел назарында. Елбасының бастамасымен құрылған сарапшылар əлем елдерінің көптеген Конституцияларын əсіресе, ХХ ғасырдың екінші жартысында қабылданғандарын мұқият сараптаудан өткізеді. «Біз үшін дамудың əртүрлі сатыларында тұрған, саналуан əлеуметтік-мəдени ұлттық жəне басқа да ерекшеліктері, əртүрлі құқықтық жүйесі бар елдердің Конституциясы басты мəселені – тұрақтылықты нығайтудағы, халықтың əл- ауқатын жақсартудағы жəне демократияны дамытудағы қол жетпес табыстарын ұғыну маңызды болды. Ізденіс географиясы да ауқымды болатын – ол Еуропаны, Азияны, Солтүстік жəне Латын Америкасын қамтиды. Мен өз басым тікелей əлемдегі жиырма елдің Конституциясын талдап, олардан конспекті  жасап алдым. Нəтижесінде, жаңа Конституцияның қажеттігі туралы шешім қабылдамас бұрын жинақталған бес жылдық тəжірибе болды. Біз содан негізгі басымдықтарды, мақсаттарды ажыратып, оларға жетудің құралдарын үйрендік. Конституцияны қабылдау қарсаңында ондаған жылдар бойы азаматтарымыздың ой-санасында қордаланып қалған стереотиптерді жою үшін мемлекет пен қоғамды түбегейлі реформалау барысында пайда болатын көптеген объективті жəне субъективті мəселелерді шешу үшін бірнеше жылға созылған табанды жұмыстар атқаруға тура келді. Иə, кейде біздің шешімдеріміз жартыкеш, ымырашыл сипатта да болды. Кез келген жаңа істе болатыны сияқты, қателіктер де жіберілетін. Осының бəрі сол кездерде анық өтпелі сипатта болған мемлекеттік институттар мен заңнамалық қызметерден көрініс тауып отырды. Бірақ сол бір қиын-қыстау жылдарды еске алғанда, елімізді күрделі əлеуметтік катаклизмдерге соқтырмай, аман сақтап, əлемдік қауымдастықтың тең құқықты мүшесі ретіндегі осы заманғы мемлекет құру үшін не керектің бəрін істегеніме, мемлекетті құруға қызмет жасағаныма сенімдімін», деп жазады сол кітабында Елбасы. Сөйтіп, еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сол кездері Еуропа мен Азияның Солтүстік жəне Латын Америкасының, тағы да басқа 20- дан астам дамыған жəне дамушы елдердің Конституцияларын саралап, зерттеп шығады. 1994 жылы Президент өз қолымен Əділет министрлігіне жаңа Конституцияның жобасын тапсырады. Нақ осы жобаның үлгісі бүгінгі Ата Заңымыздың негізін қалаған болатын. Олай болса, 1995 жылы қабылданған Конституцияның да бастапқы авторы – тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев деп зор сеніммен айтуға болады. Жалпы, Ата Заң тəуелсіз мемлекет ретінде еліміздің дамуына жол ашып, Қазақстанның бетке алған бағыты мен бағдарының тұтас бөлігін қамтып отыр десек, қателеспейміз. Қазақстанның тірегіне айналған Конституцияны қатаң ұстану керектігін де тілге тиек еткіміз келеді. Сондай-ақ, оны құрметтеу, қорғау, маңыздылығын жоғалтпай сақтау республиканың əрбір азаматының міндеті мен парызы екендігін айта кетуіміз керек. Бастысы, еліміздің дамып, өркен жаюындағы жеткен жетістіктердің барлығы да Ата Заңның тиімділігін айқындап отыр. Елбасының сөзімен қорытатын болсақ, «Конституцияны қатаң ұстану – бұл мемлекеттіліктің табысты дамуының жəне қоғамдағы азаматтық келісімнің негізі. Ол бойынша өмір сүру – бұл демократияның ең жоғары мектебі. Бұл мектептен барлығымыз өтуге тиіспіз. Біздің міндет – Конституцияға аса ұқыптылықпен қарау. Өзіміздің елімізді, өзіміздің тарихымызды, өзіміздің жетістіктерімізді қалай құрметтесек, оны да солай аялауымыз керек. Конституцияны осылай білмесек, оның талаптарын мүлтіксіз орындай алмасақ, онда қоғамдық келісімге, тəртіпке, бейбітшілікке жəне тыныштыққа жету мүмкін болмайды. Яғни, мұндай жағдайда Отанның ырыс- берекелі болашағы туралы айтудың да қажеті жоқ.

Роза Сейілхан

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here