Уақыт өткен сайын Жамбыл ауданында халық саны артып келеді. Демек, жан саны артқан өңірде тұтынушылар сұранысының ұлғаятыны да заңдылық. Халық көп шоғырланған аймақта соған лайық кəсіпорындар мен зауытфабрикалар, өндіріс орындары болмаса, ел экономикасы еселенбейді.

Əсіресе, биылғы жыл еліміздің барлық өңіріне айтарлықтай салмақ түсірді. Күллі əлемді үрейлендіріп, миллиондаған адамның өмірін жалмаған «COVID-19» індеті енді ғана бəсеңдеп, ауыздықталған сыңай танытады. Əйтсе де, бөрікті аспанға атуға əлі ерте. Қауіпті дертпен алты бойы алысқан ірі мегаполистер мен маңызды өңірлердегі тұрғындар əрең ес жиғаны да жасырын емес. Індеттің кесірінен сан мыңдаған кəсіпкерлер шарасыздықтан жұмысын тоқтатты. Соның салдарынан мыңдаған адамдар жұмыссыздықтан зардап шекті. Бір қуанарлығы, мемлекет тарапынан көрсетілген жəрдемақылар мен жан-жақты қамқорлық уайымға салынған елдің еңсесін көтерді. Адамзатқа төнген бұл сынақтың ызғарына берілмей, оған қарсы табандылықпен күресу жолында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Төтенше жағдай жариялап, барша халықты үрейге бой алдырмай, ауызбірлікке шақыруы – тығырықтан шығудың басты бағыты болды.

Осы тұрғыда ауылдағы ағайынның жанынан табылып, жығылғанға сүйеу болған, шарасыз қалғандарға шарапатын тигізген Атымтай-Жомарт кəсіпкерлердің еңбегі зор. Солардың бірі – Алматы облысын көгілдір отынмен қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып жүрген Алматы облыстық мəслихатының депутаты, Жамбыл, Талғар, Ақсу аудандарының құрметті азаматы, «Тəуекел Газ Құбыры» ЖШС директоры, танымал кəсіпкер Данияр Молдиярұлы Нұрбаев мырза.

Данияр Молдиярұлы Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаевтың жəне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа əр жылдары жолдаған Үндеуінде атап айтылған игі шараларға өзіндік үлес қосып, ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсарту бағытында аянбай еңбек етіп келеді. Жыл сайын тұрмысы төмен отбасыларына жасайтын қайырымдылығы өз алдына бір тарау əңгіме. Жуырда сақи мінезді саңлақ кəсіпкермен жүздесіп əңгімелескенде өзара сұхбатымыз былай өрбіді:

– Данияр мырза, сізді аудан тұрғындары «Тəуекел Газ Құбыры» ЖШС директоры ретінде жақсы біледі. Дегенмен, оқырмандарға өзіңізді толығырақ таныстырып өтіңізші.

– Мен жер жанаты Жетісуда, Ақсу ауданының Жансүгіров ауылында дүниеге келдім. Мектепті бітірген соң Талдықорғанда Д.Қонаев атындағы институтты «құқықтанушы» мамандығы бойынша бітірдім. Содан кейін Алматы қаласындағы Қазақ Мемлекеттік Техникалық университетін тамамдап, экономист мамандығын алдым. 2012 жылдан бері осы Ұзынағаштағы «Тəуекел Газ Құбыры» ЖШС директоры қызметіндемін.

– Алғашқы еңбек жолыңызды қашан жəне қай жерде бастадыңыз?

– Еңбекке 1994 жылы «Сұлтан» ЖШС де жүргізуші болып кірістім. Кейіннен сол мекемеде менеджер, экономист болдым. Ал, 2002-2012 жылдары «Терминалкомплекс» серіктестігінде инженер міндетін атқардым. Шетелде жүріп өзіме мол тəжірибе жинадым.

– Қазір сіз басшылық етіп отырған «Тəуекел Газ Құбырында» қанша адам жұмыс істейді?

 – Біздің серіктестікте 100 адам жұмыс істейді. Олардың жалақысы 80-130 мың теңге аралығында. Айлықтары уақтылы беріледі. Зейнетақы қорына тиісті қаражат аударылады. Кейде біздің қызметкерлердің арасында да ауырып қалатындар немесе қиындыққа тап болатындар кездеседі. Мен ондай сəттерде оларға қаржылай көмектесіп тұрамын. Өмір болған соң неше түрлі қиындықтар кездеседі ғой. Сонда əрекетсіз қалу азаматтығымызға сын емес пе.

– Сіз жыл сайын Жамбыл ауданының тұрғындары арасында да қайырымдылық көрсету үлгісін танытып жүрсіз. Көмекке мұқтаж адамдар сізге өздері келіп өтініш жасай ма? Əлде…

– Мен тек Жамбыл ауданында ғана емес, Алматы облысының бірнеше ауданында қолдан келгенше қайырымдылық нұсқасын көрсетуді өзімнің азаматтық міндетім санаймын. Кейде маған арнайы келіп жағдайын айтып, көмек сұрайтын адамдар да бар. Көпшілігі үйіне тегін газ кіргізіп беруді немесе жеңілдік жасауды өтінеді. Оларды мұқият тыңдап, жағдайына қарай көмектесемін. Осы уақытқа дейін Жамбыл ауданында 500-ге жуық отбасына тегін газ желісін қосуға қолұшын бердім. Ал, бұл орайда жеңілдікті пайдаланған азаматтар одан да көп. Тұрмысы төмен жəне көпбалалы отбасыларына азық-түлік жағынан да үнемі көмектесіп тұрамын. Олардың тізімін əкімдіктен аламыз. Өйткені жергілікті əкімдікте көмекке шынайы мұқтаж адамдардың тізімі көрсетілген.

– Биыл елімізде “COVID-19” індеті таралып, біраз кəсіпкерлер жұмысын амалсыз тоқтатуға мəжбүр болды. Бұл індет сіздің мекемеге қаншалықты ауыртпалық түсірді?

 – Біздің серіктестік негізінен халық игілігі үшін қызмет етеді. Карантин кезінде жұмысшылар санитарлық талаптарды сақтай отырып, өз жұмысын жалғастырды. Баяғыдай емес, қазір халық көгілдір отынға əбден үйренген. Газ – күнделікті тұрмыстіршіліктің ажыратылмас бір бөлігіне айналды. Сондайқтан біздің мекемеге күнделікті келіп-кетіп жатқан адамның қарасы көп.

Карантин кезінде мекеменің барлық тұсын күнделікті залалсыздандырып, қойылған шектеулерді қатаң сақтай отырып, тұрғындарды үзіліссіз қабылдадық. Сөйтіп, қалыпты өмір ырғағын əлсіретпеуге өз тарапымыздан шамасыз келгенше үлес қостық.

Əрине, аудан халқы қауіпті індеттің салдарынан біраз əбігерге түсті, біраз мекемелер жұмысын тоқтатты. Біз болсақ керісінше, күнделікті тұрмыс барысында алғы шептегі қызмет көрсету орындарының бірі саналғандықтан уақытпен санаспай еңбек еттік. Сөйтіп, əрбір үйді көгілдір отынмен тұрақты қамтамасыз етуге ұмтылдық. Серіктестік тарапынан тікелей менің өзімнің басшылығыммен төтенше жағдай кезінде аудан орталығында тұратын, тұрмыс тауқыметін тартқан 25 отбасына азық-түлік жиынтығы үлестірілді.

– «Қазір кейбір азаматтар өз бетінше жұмыс істегісі келмей, қайырымды жандарға масыл болуда» деп те айтылып қалады. Осы мəселе туралы жеке көзқарасыңыз қалай?

– Адал еңбекпен келген табыстың қадірі ерекше болады. Ал, масылдық адам баласын аздырады. Жалқаулыққа үйір етеді. Барға қанағат етіп, ақ адал еңбегімен бала-шағасын асырап отырған отбасынан тəрбиелі, еңбекқор ұл-қыздар өсіп шығады.

Мен кейде мына бір мəселеге қынжыламын. Маған жұмыс сұрап келген азаматтарға ел қатарлы қызмет ұсынамын. Ол оны жаратпайды. Бəрі бірден басшы болғысы келіп тұрады. “Ұзынағаштан қалаға барып келіп жұмыс істеймін” – деп жұмыстан шығып кеткен азаматтардың бізге қайта айналып келген кездері де болды.

Кез келген жұмысты жауапкершілікпен атқаратын азаматтар қашанда айналасына сыйлы болады. Əсіресе, жастарымыз ғылым-білімге табандылықпен ұмтылуы қажет. Өйткені, XXI ғасыр нағыз бəсекенің басталған кезеңі. Қазақ елін əлемдік аренаға шығаратын да осы бүгінгі жастар. Олар «бір күн істеп, үш күн демалатын» күзетші болуды армандамауы керек. Олардың мақсаты тым биікте болғаны жөн.

– Өзіңіз көмектескен жандардың алғысын естігенде қандай күйге бөленесіз?

– Халқымызда ежелден келе жатқан ізгі қасиеттер көп. Соның ішінде ер азаматқа нағыз керегінің бірі – елдің батасын алып, алғысына бөлену. Бұл өзі өте ауқымды тұжырым. Оның ішіне адамзатқа керек қасиеттердің бəрін сыйғызуға болады. Шарасыз жанға шарапатын тигізіп, жығылғанға сүйеу болу елінің болашағын ойлаған əрбір азаматтың перзенттік парызы.

Зымыраған уақыттың көшімен бірге қазақ елі де əлемдік өркениетке ілесіп келеді. Дамыған отыз елдің қатарына кіру үшін ең əуелі халықтың тұрмысын жақсартуымыз керек. Алайда, барлық адам бір деңгейде өмір сүруі мүмкін емес. Ел болған соң оның ішінде сан түрлі тағдырлар болады. Мен сол сан қилы тағдырдың тауқыметін тартқан адамдарды көп кездестірдім. Оларға қолымнан келгенше көмек көрсетіп те жүрмін.

Көмек сұрап келген адамның ішкі жан дүниесіне үңіліп, олардың тығырықтан шыққан кездегі риясыз қуаныштарын көру менің де жанымды жадыратады, қуанышқа бөлейді.

Адамды кейде таршылық сынайды, кейде баршылық сынайды. Бай мен кедей қай заманда болсын қатар жүретін ұғым. Біз жетімін жылатпаған елміз. Қайырымдылық, ізгі ниетпен жомарттық жасау ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа ауысып келе жатқан ата дəстүріміз. Оның өзегінде терең филисофиялық мəн жатыр. Ол – ұлттың ауызбірлігі, ұйымшылдығы. Сондықтан, мен арзан атақ үшін емес, ұлтқа шынайы қызмет етуді мұрат тұтамын. Осы ұстаным – менің азаматтық ұраным.

– Сіздің қайырымдылығыңыз бен елге жасаған жақсылығыңыз ескеріліп жүр ме?

– Мен өзімнің жасаған əрбір сауапты ісімді қайтарымы болсын деген мақсатпен істеген емеспін. Көпшіліктің ризашылығынан асқан байлық бар ма. Жақсылық жасадым деп мақтана жар салу əдетімде жоқ. Елімнің батасымен өркендедім. Алматы облыстық мəслихатының депутатымын, үш ауданның Құрметті азаматымын. Еліме жасаған азғантай көмегімді ескерген халыққа жəне облыс əкімдігіне алғысым шексіз. Осындай жетістікке жетуім əуелі Алланың, содан кейін ақ ниетті елімнің арқасы деп білемін.

– Депутат ретінде ауыл тұрғындарының əл-ауқатын жақсарту бағытында тағы қандай міндеттер жүзеге асырылса дейсіз?

 – Ауыл халқын жарқын болашаққа бастаудың ең басты бағыты – ауылдан өндіріс орындарын ашу, зауыт-фабрикалар салу. Сөйтіп, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту.

Қазір ауылдан Алматы қаласына қатынап жұмыс істеп жүрген азаматтар саны өте көп. Міне, сондықтан істің оңтайын тауып, қаржылай қуаттанған кəсіпкер əріптестеріме айтар ұсынысым – ауыл халқына жұмыс тауып беруді барынша қолға алу керек. Бүгінгі таңда мемлекетте шағын жəне орта бизнесті дамытуға жəне қолдауға бағытталған тиімді бағдарламалар жүзеге асырылуда. Мысалы, «Бизнестің жол картасы – 2020» жобасы осының айғағы. Егер Сіздің бизнесіңіз бағдарламаға қатысушыларға арналған экономиканың басымды салаларының тізіміне енсе, онда сіз екінші деңгейлі банктерде несие рəсімдеу кезінде пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, несиеге кепіл беру сияқты мемлекеттік қолдау шарасын пайдалана аласыз. Егер инновациялық жоба ұсынған жағдайда мемлекеттік гранттар бөлу жобасына да қатысуға болады. Мемлекеттік бағдарламаны ұтымды пайдаланып, қарапайым халықты жұмысқа тарту – бүгінгі таңдағы ең маңызды мəселе деп есептеймін.

– Əңгіме барысында ақтарыла сыр шерткен азаматтығыңызға рахмет! Жұмысыңызға сəттілік тілейміз. Ел алдында алғысқа бөленіп жүре бергейсіз!

Сұхбаттасқан Бақтияр АЙТАЛЫ.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here