Биылғы жаз былтырға қарағанда ерекше аптап ыстығымен есте қалатын болды. Лүп еткен жел жоқ. Қапырықты ауа температурасы қырық градусты көрсетіп тұр. Соған қарамастан жеке тұрғындар мен шаруа қожалықтары, өндірістік кооперативтермен қатар жауапкершілігі шектеулі серіктестер шөп шауып, егін орып, дала төсінде еңбек дүбірін қыздыруда.

Айналаға көз салсақ, алқапта қуатты техникалардың араласуымен шөпті шауып, тайлап, автокөлікке тиеп жатқан еңбек адамдардың жіті қимылын байқауға болады. Маңдайынан тамшылаған терді алақан қырымен сыпырып тастап, таңның атысынан күннің батысына дейін түн қараңғылығы қоюланғанша шаруа еңбеккерлерінің бұл іс-қимылын ерен ерлікке баласа да болғандай. Өйткені, олардың бар мақсаты қыстың қамын жазда ойлап, мал азығын ерте бастан дайындау, жем мен шөптің жеткілікті қорын жинап алу.

Біздің бағытымыз өрісі малға толы, төрінен қонақ үзілмеген, атқылаған бұлағы, жасыл малға жұғымды құрағы бар Аққайнар ауылына тірелді. Бұл ауыл адамдарының өзара ынтымағы мен татымды тірлігіне көңіл тоғайтуға болады. Қастекке көтерілетін автожолдың оң жағында сарғайып піскен күздік бидайды орып жүрген комбайндар көзге шалынды. Бұдан бөлек тіркемесі бар “КамАЗ” автокөліктермен сабанды тайлап жатқан “МТЗ-82” тракторының екпіні керемет. Күздік бидай бойы биік, дəні жақсы екен. Алқапта жүрген «Төре» шаруа қожалығының басшысы, Жамбыл ауданының құрметті азаматы, көптеген марапаттардың иегері, еңбек ардагері Қамбархан Үмбетов пен «ЛЭУ» ЖШС фирмасының бригадирі Александр Першинді жұмыс басында кездестірдік. Егістіктегі комбайндар бункерін қызыл дəнге толтырып, автокөліктерге тиеп жатыр. Амандық- саулық сұрасқан соң қожалық басшысы Қамбархан Самсыбайұлын əңгімеге тартқанымызда ол тершіген маңдайын бір сүртіп:

– Халқымыз «Жерге еңкейсең жемісін тересің» деген ғой, адал еңбектің наны қашанда тəтті болады. Ел қатарлы жермен айналысып, сонымен бірге малмен де жұмыс істеп келемін. Істің тетігін таба білсең табысқа кенелесің, абырой-атаққа бөленесің, бəрі өз қолыңда. Үкімет тарапынан еркін бағытта мал өсіріп, оның өнімін ұқсатып, пайдасын көруге қажетті мүмкіндіктер молынан қарастырылғаны белгілі.

Алдымен 60 гектар жаздық арпаны орып бастырдық. Шығымы көңілге тоқ. Жер жыртуға, күздік бидай мен жаздық арпаны көктемде сеуіп, жазда өнімін жинап беруге бірнеше жылдан бері «ЛЭУ» ЖШС көмектесіп келеді. Науқандық жұмысқа 2 «Вектор», 3 «Енисей-950» комбайнымен қатар 6 «К-700» тракторы жəне 6 «КамАЗ», 6 «Белорус-82» тракторы, 1 су тасымалдайтын автокөліктің көп көмегі тиюде. Өзіңіз көріп тұрғандай, күздік бидай шығымы жақсы. 15 гектарды екі комбайн орып жүр. Өнім гектарына орта есеппен 20 центнерден айналып жатыр.

Бригадир, «КамАЗ» жүргізушісі Александр Першин іскер азамат, өз ісінің нағыз шебері. Біздің арамыздағы келісім шарт бойынша есеп айырысамыз. Мен бидай мен арпа, сабанды 27 ауыл тұрғындарына алынған түсіміне қарай үлестіріп беремін. Сабанды тайлап жүрген механизатор Камал Қазиевтің де іс-тəжірибесі мол, өз жұмысына тыңғылықты азамат.

Мал азығына деп 18 гектар жоңышқаны шауып, тайлап, жинап алдық. Алдағы уақытта екінші рет шабатын боламыз. Еңбек етіп, мал өсіріп, егін орып, шөп жинап, жермен жұмыс істеуімізге Жамбыл ауданының əкімі Бағдат Əлиевтің де қайырымды қамқорлығы көп болды. Жұмыс істеп, табыс табамын деген адамға қазңр мүмкіндік мол. Қол қусырып, “Алма піс, аузыма түс” дейтін кезеңнің ауылы алыстап кеткелі қашан. Өйткені жатқанға жан жуымайды, оны күнделікті өмірдің өзі дəлелдеп отыр. Ұлым мен қызым да қожалық жұмысына төселді, өзім бас көз болып жүрмін.

«Ерінбей еңбек етсең шыдап егер, тікен де гүлге айналып шыға келер» деген халық даналығын есте ұстағанымыз жөн, – деген еңбек майталманының жүрекжарды сөзін біз де қостадық.

Туған ауылының туын жоғары көтеріп, адал еңбектің көрігін қыздырып жүрген ел ағасы Қамбархан Самсыбайұлының берекелі ісіне куə болып, ризашылық таныттық. Əлі де аттан түспей, ұтымды істің ұйытқысына айналған ардақты ағаның науқандық жұмысына сəттілік, əрбір күніне жақсылық тіледік.

Тұрсынжан АСҚАРҰЛЫ.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here