Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында азаматтардың барлық өтініш-тілектерін жедел əрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бəрімізге ортақ міндет екенін атап өтті.

Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың талап-тілегіне сай жедел əрекет ету мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары болып саналады.

Осыған байланысты, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ісқимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті жəне Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің ұсынысымен Жамбыл ауданында «Сервистік əкімдік» ашылды.

Осы ғимараттың ашылуына Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Департаменті басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Қобылан Манапов жəне аудан əкімі Бағдат Əлиев қатысты.

Сервистік əкімдік форматының жайкүйін аудан əкімі таныстырды. Бұл ғимаратта мемлекеттік мекемелердің 13 маманы 36 түрлі қызмет бойынша штаттық кестеге сəйкес жұмыс істеп, тұрғындарға қызмет көрсетеді.

Сонымен қатар, бұл кеңседе «Жетісу адалдық алаңы» жобасымен жабдықталған азаматтарды қабылдау кабинеті орналасқан. Мұнда аудан əкімі, оның орынбасарлары, мекеме басшылары тұрғындарды жеке мəселелері бойынша қабылдайды.

 Жоба мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, сондай-ақ азаматтар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Мемлекеттік қызмет көрсететін мекемелерді бір жерге шоғырландыру, қызмет алушылардың уақытын, күш-жігерін, қаржысын үнемдеуге мүмкіндік береді. Себебі, бұрын тұрғындарға қызмет алу үшін елді мекеннің əр тарапына орналасқан бөлімдерге бару қажет еді.

Сонымен қатар, «Сервистік əкімдік» тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс істеуге, азаматтардың сұраныстары мен сұрақтарына дер кезінде жауап беруге жол ашып отыр.

Бұл көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту мақсатында тиісті шараларды қабылдау үшін қызмет алушылармен кері байланысты да нығайта түседі. Оған қоса, «Сервистік əкімдік» ғимаратында əртүрлі қолайлы жағдайлар қарастырылған. Күту залына ыңғайлы орындықтар, кондиционер, суға арналған диспенсер мен ақпараттық теледидар орнатылған.

Өзіне-өзі қызмет көрсетуге арналған бұрыш ұйымдастырылған. Мүгедектер үшін шақыру қоңырауы, пандус, киім шешетін бөлме, брайль шрифтінде жазылған тақталар бар.

 «Сервистік əкімдік» жобасы Президент жүктеген міндеттерді ойдағыдай жүзеге асыруға оң ықпалын тигізетін болады.

Бұл Алматы облысында ашылып жатқан 15-ші «Сервистік əкімдік» екенін де айта кеткен орынды.

Бақтияр АЙТАЛЫ.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here