2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап халық саны екі мыңнан асатын елді мекендерге төртінші деңгейлі бюджет енгізілген болатын. Яғни, ауылдық округ əкімдері өз қазынасын өзі басқарып, ауылдың əлеуетін арттыруы тиіс еді. Ұтымды басқару механизмі жолға қойылғалы бері қандай өзгерістер болды? Əкімдердің белсенділігі артты ма? Осы мəселенің мəн-жайын білу үшін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Динар Жүсіпəліқызы Нүкетаева Жамбыл ауданына арнайы іс-сапармен келді.

Сенатор жұмыс сапарын бес мыңнан астам тұрғыны бар Қарақыстақ ауылдық округінен бастап округ əкімі Бақыт Жапаровпен кездесті. Мұндағы дербес бюджеттің жай-жапсарымен танысты. Əңгіме барысында жарты жылдықта жиналған салық түсімі жəне оны қандай бағытта жұмсау керектігі сөз болды. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарының тұрмыстық жағдайы, көпбалалы аналардың жай-күйіне назар аударылды.

Бүгінгі таңда атаулы əлеуметтік көмекке қол жеткізу үшін түрлі əрекеттерге барып жатқан адамдар жоқ емес. Жəрдемақы алу үшін күйеуімен ажырасқан немесе жұмыстан шығып кеткендерді де тілге тиек етіп, сондай олқылықтың алдын алуды тапсырды. Ауылда жұмыссыз жүргендерді мемлекеттік бағдарламалар арқылы қайта оқытып, жұмысқа орналастыру мəселесін ескерусіз қалдырмауды міндеттеді. Сенатор өз сөзінде: «Сіздердің бір жылдық жиналған салықтарыңыздың 50 проценті өздеріңізде қалады. Мысалы, 12 млн. теңге жиналса, оның 6 млн. теңгесін ауылды көркейту бағытындағы түрлі мақсаттарға жұмсайсыздар. Сол қаражат есебінен атқарылатын əрбір істі осы ауылдағы қауымдастықтың мүшелерімен ақылдаса отырып шешесіздер. Өйткені қауымдастықтың мүшелері ауыл тұрғындарының талаптілектерін жақсы біледі. Бұл қаражат тікелей ауыл халқының əлеуметтік жағдайын жақсартуға жұмсалуы тиіс», – деп, ауыл əкіміне қадап түсіндірді.

Сондай-ақ, Д.Ж.Нүкетаева Қарақыстақ ауылының учаскелік полициясымен де сөйлесті. Округ бойынша жыл басынан бері 17 қылмыс тіркеліпті. Соның ішінде 5 мал ұрлығы болған. Полицейдің айтуынша оның екеуі ашылып, ұрылар ұсталған. Ал, қалған қылмыскерлерді іздестіру ісі жүргізіліп жатқан көрінеді.

Бұдан кейін іс-сапар Қарғалы ауылдық округінде жалғасты. Сенаторды қарсы алған ауылдық округ əкімі Досбол Тұрысбеков өзі 2016 жылдан бері басшылық ететін Қарғалы ауылының жағдайын шола баяндап берді. Округ бойынша жылдық салық мөлшері 114 млн. теңгені құрайды екен. Жоспар бойынша жеті айда 57 млн. теңге салық жинау көзделген, əкімшілік қазірге дейін 66 млн. теңге салық түсімін артығымен орындапты. Бұрын ауылдық əкімдіктің жылдық шығыны 30 млн. теңге болған. Қазір оған қосымша 4-ші деңгейлі бюджет қосылып отыр. Бұл Қарғалы ауылдық округінің өркендеуіне көп ықпалын тигізеді. Мысалы, былтырғы жылы ауылдық округ əкімдігінің жеке қорында 8 млн. теңге артылған көрінеді. Ол аудан əкімінің жылдық есеп беру жиынында түскен ұсыныстарды орындауға жұмсалған. Динар Жүсіпəліқызы Қарғалы ауылында тіркелген жұмыссыздардың жағдайын сұрады. Д.Тұрысбековтың айтуынша Қарғалы ауылында 1 қаңтардағы есеп бойынша 5855 оқушы болған. 5 мектеп, 5 балабақша жұмыс істейді. Халық санының өсуіне байланысты енді алтыншы мектептің құрылысын жүргізуге тиісті жер бөлініпті.

Жұмыссыз ретінде тіркелген 51 адам мемлекеттік бағдарлама арқылы түрлі мамандық иесі атанып, өздерінің жеке кəсібін ашқанын, кейбірі сол ауылдағы өндіріс орындарына жұмысқа тұрғанын айтты. Басқа ауылдармен салыстырғанда Қарғалының аумағында бірнеше ірі жұмыс орындары бар. Атап айтқанда, қоқыс қалдықтарын өңдейтін, асфальт шығаратын завод, қой жүнін жуып, өңдейтін цех, тұшпара шығаратын кəсіпорын, жəне басқа да мекемелер ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, бюджетке төленетін салық кірісін еселеп отыр.

Сенатор бұдан өзге де маңызды мəселелерге жеке-жеке тоқталды. Соның ішінде: көпбалалы аналар, мектеп оқушыларының жазғы демалыс орындары, ауызсу, жол, көше шамдары, ұрлық сынды түйткілді мəселенің астарына үңілді, əрбір салада жұмыс атқарып жүрген мамандарға өз ісінде тиянақты болуды тапсырды. Негізінен қиындық туғызып отырған бір мəселе ауылдық округке қарасты барлық тұлғалардың салық бойынша берешек қарыздарын əкімшілік өздері жинайтындығы. Мұндағы қиындық – салық комитетінің транспорт бойынша бірыңғай базасы ауылдық əкімшілікке берілмейді. Берешегі бар борышкерлердің тізімін тек салық мекемесіне барып сол жерден алуға тура келеді. Бұл тізім əр ауылдағы борышкерлерді жіктеп көрсете алмайды. Тұтас аудан бойынша қарызы бар азаматтардың тізімін түгел шығарып береді. Соның ішінен əр ауылдың тұрғындарын іріктеп алуға тура келеді.

Динар Жүсіпəліқызы сапар барысында Ұзынағаш ауылдық округінің əкімшілігіне арнайы бұрылды. Округ əкімі Ескелді Қасымов 60 мыңнан астам тұрғыны бар Ұзынағаш ауылының қазіргі жай-күйімен депутатты егжей-тегжейлі таныстырды.

Аудан орталығындағы 8 мектепте 10 мыңнан астам оқушы білім алады. 21 балабақша бар, оның үшеуі мемлекеттік, қалғаны жекеменшік. Көпбалалы аналарға берілетін атаулы əлеуметтік жəрдемақы бүгінгі күнге дейін 2200 адамға рəсімделген.

Жалпы аудан орталығының салық жинау қуаты жоғары. Тіпті жоспардан асырып орындайды. Бұл округте де салық жинауда қиындық туғызып отырған мəселе автотранспорт бойынша қарызы бар борышкерлер екен. Себебі, 2016 жылдан бастап автотранспорт бойынша жиналатын салық ауылдық округтерге міндеттелген. Соның салдарынан 2013 жылдан бері жиналмаған қарыздар, яғни, салық басқармасының аяқталмаған жұмыстары əкімшілікке жүктелген. Бүгінгі таңда Ұзынағаш ауылдық округі бойынша 1496 адамның қарызы бар. Яғни, 56 млн. теңге көлемінде берешек қаржы көлік иелерінің мойнында жүр.

Ауыл əкімі осы қиындықтан шығу үшін бір амалын ойластырыпты. Сөйтіп, биыл аудан орталығына екі LED-экран орнатыпты. Екеуі де орталық көшенің бойына орналасқан, адам көп жүретін жерде тұр. Қазір сол экраннан ауданның көрікті жəне киелі жерлері бойынша бейне роликтер көрсетілуде. Ал, енді мемлекетке салық бойынша қарызы бар жəне оны төлеуден жалтарып, қашып жүрген тұлғалар осы LEDэкранға фотосуретімен де жариялануы мүмкін. Сонда ғана əлгі борышкерлер өздері келіп төлеуге мəжбүр болмақ.

Ауыл əкімінің бұл бастамасын құптаған Динар Жүсіпəліқызы: «Бұл өте жақсы əдіс екен. Аудан орталығында орналасқан LEDэкран тек қана борышкерлердің қарызын көрсетумен шектелмейді. Оған алуан түрлі бағытта көріністер салуға болады. Ауданның мəдениетін, табиғатын, жетістікке жеткен тұлғаларын, батырларын, т.б. жарнама роликтерін көрсетуге болады», – деді.

Ұзынағаш ауылдық округі салық бойынша бір жылда 474 млн. теңге жинауды межелепті. Былтырғы жылы жоспарланған межеден 56 млн. артығымен орындалды. Сол қаржыны аудан орталығын абаттандыруға, жол жөндеу жұмыстарына, орталық көшелерді безендіруге, тағы басқа маңызды нысандарға жұмсаған. Бұл əрине, жергілікті қауымдастықпен ақылдаса отырып атқарылатын жұмыс. Жұмсалған қаржының барлық хаттамалары тиянақты сақталған.

Ұзынағаш ауылы бойынша жұмыссыз жүрген 60 адамды мемлекеттік бағдарлама арқылы қайта оқытып, барлығын жұмысқа орналастырған. «7-20-25» бағдарламасы бойынша да оншақты адам өтініш білдіріп, оларға тиісті жеңілдіктер көрсетілген.

Сенатор бұдан өзге де түйткілді мəселелерге тоқталып, мемлекеттік бағдарламалардың тиянақты орындалуы барысында əсіресе, ауыл əкімдері нəтижелі жұмыс атқаруы керектігін баса айтты. Динар Жүсіпəліқызы өзі аралаған Қарақыстақ, Қарғалы, Ұзынағаш ауылдарындағы қарқынды жұмыстарына оң бағасын берді. Кейбір қиындық туғызған мəселелерді оңтайлы шешуге ықпал ететінін айтты.

Қорыта айтқанда, елді мекендердің төртінші деңгейдегі бюджетін құру əкімдерге маңызды əлеуметтік мəселелерді шешу мен ауылдың гүлденуіне зор мүмкіндік туғызатын елеулі жұмыс екенін уақыттың өзі айқындап отыр.

 Бақтияр АЙТАЛЫ.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here