Рухани жаңғыру адам баласының ішкі əлемінің жаңаруы, сана-сезімінің жаңа өзгерістерді қабылдай білуі десек қателеспейміз. Қазіргі таңда «Жаңғыру» деген сөзге немқұрайды қарамау керек екені айқын көрінеді. Өйткені онда бүтін бір ұлттың əдет-ғұрпы, салт-дəстүрі жатыр. Керісінше, заман сынынан сүрінбей өткен озық дəстүрлерді табысты жаңғырту қажет екенін түсініп келеміз. Егер жаңғыру елдің ұлттық рухани тамырынан нəр алмаса, ол адасуға бастаған болар еді.

Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бəсекелестік қабілетін арттырғанда ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады. Бəсекелестік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Болашақта халықтың табысты болуы оның табиғи байлығымен ғана емес, адамдардың бəсекелестік қабілетімен де айқындалмақ. Сондықтан əрбір қазақстандық бүгінгі заманға лайық əрекет етсе ұтылмайтыны сөзсіз. Демек, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру» сынды бағдарламалар барша қазақстандықтарды біз өмір сүріп отырған уақыттың талаптарына даярлаудың бір əдісі десе болады.

Рас, халқымыз ғасырлар бойы табиғатты көзінің қарашығындай сақтап, байлығын үнемді, əрі орынды жұмсауда экологиялық өмір салтын ұстанып келді. Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болған, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдей соғып жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлету жолында батыл қадамдар жасаған ұлтпыз.

Қазіргі қоғамда шынайы мəдениеттің белгісі орынсыз сəн-салтанат емес, қайта ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен не нəрсені де орынды жұмсай білу – көрегенділіктің үлгісін көрсетеді. Ұлт немесе жеке адам нақты бір межеге бет түзеп, соған мақсатты түрде ұмтылмаса болмайтынын уақыттың өзі дəлеледеп отыр. Олай болса, ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді.

Мемлекет пен ұлт құрыштан құйылып, қатып қалған дүние емес, үнемі дамып отыратын тірі ағза іспетті. Ол өмір сүру үшін заман ағымына саналы түрде бейімделуге қабілетті болуы керек. Жаңа жаһандық үрдістер ешкімнен сұрамай, есік қақпастан төрге озғаны жасырын емес. Сондықтан заманға сəйкес жаңғыру басты міндет болып отыр. Сынаптай сырғыған уақыт ешкімді күтіп тұрмайды. Ендеше, жаңғыру да тарихтың өзі сияқты жалғаса беретін процесс. Жəне жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – дамудың ең басты қағидаларының бірі болып қала береді.

Роза СЕЙІЛХАН.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here