ДАҢҒАЗА-ДУМАН ДҮНИЕ!

Сен бізді қайда апара жатырсың, өзі?

Күллі əлемге төнген індеттің сəл саябырсуын өз пайдасына жаратып, той тойлап жатқандардың саны артпаса, кемімей тұр. «Жағдайы жоқ дейін десең, қазақ тойханадан шықпайды» деп бір қарияның кейігені бар еді. Ал шындығына келгенде, халық тойды байығанынан жасамайды, керісінше қарызданып жасайды. Əлгі, «Бөрі арығын білдірмес сыртқа жүнін қомпитар» дегеннің кері. Əйтпесе, қымбатшылықтан бұрын індеттің өршіп тұрғанында үйлену той, қыз ұзату, мерейтой сынды қазақтың қанына сіңген дəстүрлі жиындардың қалыпты өмірдегідей аталып өтуі адамдардың аты жаман зауалға немқұрайды қарайтынын көрсетеді. «Басқа түссе баспақшыл», «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген өз мақалына мықтап ден қойғандар ел ішінде аз емес. Індеттен де, қарыздан да қорықпайтындар банктің босағасын тоздырып жүр жəне оның арты неге əкеліп соғарын ойлағысы да келмейді.

Той жасау үшін амал жоқ, несие алуға тура келеді. «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» демекші, ақшаны көргенде көбірек алғысы келіп, ашкөздікке салып, «Ей, ала салшы, өлмесек төлерміз, бір қуанышта немене» деп лепіріп кететін мінезіміз тағы бар. Ал содан не болатынын ішіңіз сезіп отырған шығар.

Дүние кімге опа берген. Той да өтер, құда-жегжат та кетер жай-жайына. Тойдың өзін-өзі жабуы да неғайбіл. Осындай ысырапшылдық пен дарақылық адамның алды-артын ойламайтынын дəлелдеп отыр. Жалпы, бұл қасиеттің қанымызда бар екені жасырын емес. Бұл жаратылыс па, жоқ далалықтардың кеңістікте өмір сүруінің əсері ме, деген сұрақ туындайды. Көшпелі халықтың табиғатпен етене жақын өмір сүруі сол елдің мінез-құлқына, болмысына тікелей əсер етпей қоймайды. Мысалы, «даладай кең» деген теңеудің адамға қарата айтылуы осыны айғақтай түссе керек.

Бүгінгі уақыт адамдардың бір-бірімен бəсекеге түскенін көрсетіп отыр. Себебі, адам үшін жаңашылдық мол мүмкіндіктер туғызды. Материалдық жағдайы жақсы адам не істеймін десе де өзі біледі. Адамзат санасы қашанда жақсы дүниелерді тез қабылдайды «заманына қарай адамы» деген сөздің де жаны бар.

 Алдағы əңгіме өзегіне айналатын той мəселесі туралы айтатын болсақ, той өткен дəуірлерде де болған. Ата-бабаларымыз той жасауды əркез қуанышты күнмен байланыстырған. Мəселен, сəбидің дəл дүниеге келген күнінде емес, оны ширап, аяқ-қолын жазып, адам бола бастаған кезінде қырқынан шығарып, «Бесік той» жасаған.

 Иə, Адам мен қоғам егіз. Оларды бірбірінен бөліп қарай алмаймыз. Дегенмен де, əр нəрсенің орны, жөн-жосығы болатынын көбіне естен шығарып аламыз. Ел еркіндігіне жеткеннен кейінгі жылдарда үкімет кез келген адам өзінің жеке кəсібін ашуға құқылы екенін жариялады. Міне, сол күннен бастап, əркім өзінің жеке кəсібін ашып, мемлекетке тиесілі жұмыс орындарының жаппай жекешеленгені есімізде.

Тойды берекеге, қазынаға теңеген халық дəмхана, тойханаларда бас қосатын болды. Бір жағынан ол халықты тиімділігімен, əрі қолайлылығымен қызықтыра бастады. Бұрынғыдай есік алдына шатыр құрып əуре-сарсаңға түспейді. Тойханалардың іші жылы, ыңғайлы əрі сəнді. Əсіресе, осы кəсіпті ұштап отырған адам үшін бұл нағыз табыс көзіне айналды. Келген қонақтарға ерекше көңіл-күй сыйлайтын тойханалардың ерекшелігі де осында. Тіпті, өлімде де дастарханы жиылмайтын халқымыз үшін бұл бір таптырмайтын орын саналғаны рас.

Ал екінші жағынан алып қарайтын болсақ, тойханаларда өтетін жиын-тойлар ағайынның арасын алшақтатуға барынша «үлес» қосуда. Əдеттегідей бір-екі күн бұрын той болатын үйге жиналып, ақылдасу шайын ішіп, малын сойысып, бауырсағын пісірісетін əдемі дəстүр адыра қалды. Себебі, бұлардың барлығын мейрамхана қызметшілері атқарады. Өз тойыңа өзің қонақ болып барасың. «Барыңды киіп, бақаныңды сүйреп» демекші, тек уақытында жетсең болғаны. «Ақысын берсең боқысын шығаратын» даяшылар мен ас əзірлеушілер құлдық ұрып, сенің қандай тілегіңді де орындауға əзір. Тіпті, алдыңа қойылған түрлі тағамның бір түйірін жерге түсірмей іліп əкететін даяшыларға қарап отырып таңғаласың. Міне, бүгінгі тойлардың мəзірі осындай.

Күн сайын тосын жаңалығы жаһанға жария болып жатқан заман адамзат санасын өзіне икемдеуін тоқтатпайды. Өйткені ол өмірдің заңдылығы. Бір жағынан ыңғайлы, екінші жағынан қорқыныш ұялататын уақыт көшіне, əлбетте, ілесесің. Табыс көзіне айналған тойханалар кез келген ауылда бой түзеді. Үлкен жолдың екі қанаты да толған дəмхана, тойханалар. Шіркіннің тал бойынан бір мін таппайсыз. Олардың кейбірінің ішінде құмар ойындары да жоқ емес. Бұл ненің белгісі? Бұл яғни, тіршілік иелерінің құмар ойындарға да тəуелді екендігін айғақтап тұр.

 Иə, бір ісмердің қолынан шыққандай тізілген тойханалар сонадайдан көз тартады. Естуімізше, бұлардың барлығы да қалталы адамдардың иелігінде. Қатар-қатар бой көтерген мейрамханалар күндіз-түні күн мен айға шағылысады. Олардың қонақ күтетін залына жүздеген адам еркін сияды. Бірнеше залдан тұратын бұл мейрамханалар сəн-салтанатымен құзырыңызға құлдық ұрады. Тек ақшаң болса болғаны.

 Сонда осыншама тойхана салуға рұқсат беріп отырған кім? деген сұрақ туындайды. Алайда, өмір өз арнасымен сырғып жатыр. Оған ешкім тосқауыл қоя алмайды. Уақыт атты ұлы күштің тегеурініне шыдау да мүмкін емес. Оны қолмен ұстап, көзбен көрмесек те, түйсігімізбен сезінеміз. Біреудің біреуге жаны ашитын уақыт алыс қалғалы қашан. Қазір «Сенікі тұра тұрсын, менікі жүре тұрсын» деген пиғылды ғана аңғарасың.

Той – адамдардың бүгінгі жалғыз қуанышына айналып кеткен жоқ па деген де ой келеді. Əрине, көзі тіріде ағайын-жұрттың басын қосып қалуды армандайтын халықтың тілегі орындала берсе екен дегеннен басқа айтарымыз жоқ. Тек, төрткүл дүниеге төнген коронавирус індетінің адамзат өміріне қауіп төндіріп отырған кезінде той-жиынды шектеу керектігін ойласақ, бұл сынақты да жеңер едік.

 Есімізде болса, COVID – 19 пандемиясы туралы естіп, білмей тұрғанда теледидар, əлеуметтік желілерде той жасауды доғару керектігі де айтылып еді. Ол кəдімгідей бүгінгі күннің өзекті мəселесіне айналып, əркім əртүрлі пікір жарыстырған болатын. Бірдеңені біліп айтқан шығар, кім білсін.

Баяғыда бір екі адам бірдеңесін бөлісе алмай қатты жанжалдасады. Біріншісі, жоқ, ол былай болған, менікі дұрыс десе, екіншісі, үй, сен қызық адам екенсің, ол былай болған деп ары керісіп, бері керіскен екеуі бұл дауды бізге бір шешсе, көпті көрген, өмірлік тəжірибесі мол ханымыз шешіп берер деп патшаға жүгінеді. Қосамжарланып сөйлеген екеудің біріне ол:

– Алдымен сен айт! – деп бұйырады. Оны əбден тыңдап болып,

– Сенікі дұрыс екен, – депті.

 – Ал енді сен сөйле, – дейді екіншісіне бұрылып. Оны да тыңдаған соң,

– Сенікі де дұрыс екен, – депті. Аң-таң болған уəзірі: – Ойбай-ау, сонда кінəлі кім? Біреуінің кінəсі болу керек қой? – десе, хан еш саспастан:

– Сенікі де дұрыс екен, – деген екен.

 Сол айтпақшы, кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін білмей далмыз. Білетініміз, қазір қолынан іс келетін, адамдармен тіл табыса алатын пысықтардың заманы туды. Бүгінгінің қазағы сауда жасауды да үйренді, бəріне икемделді. Бірақ бір өкініштісі, қазір қарапайым халық күнкөрістің қамымен жүр. Тілге тиек етіп отырған сол тойхана,мейрамханалардың қара жұмысын істейтін де солар. Өмір қашанда бай мен кедейден тұрған ғой. «Кедей бай болсам, бай құдай болсам дейді» деген сөз де осындайда айтылса керек.

Бірде психолог досым шетелден келген французды қазақтың 50-60 адамдық кішігірім тойына алып барыпты. Дастархан əдеттегідей жайнап тұр дейді. Салаттың бес-алты түрі, ақ балық, қызыл балық, қазы-қарта, жал-жая, бауырсақ, тандырға пісірілген күлше дейсіз бе, не керек бəрі бар. Француздың көзі шарасынан шыға жаздап отырыпты. Бір кезде ет келеді, еттен кейін қуырдақ, қуырдақтан соң торт, тəтті-мəтті, арақ-шарап өз алдына. Оған қоса қымыз-шұбат, десертіңіз тағы бар. Сонда əлгі француз телефонын ала салып, дастархандағының бəрін калькуляторға салып есептеп жібергенде жұмсалған ақша шыға келеді. Басын шайқаған француз:

 – Мынаның бəрі ысырап қой, қалай жей бересіңдер, – дегенде ұялып кеттік. Француздың айтып отырғанының жаны бар. Біз, “Ой, қазақ деген ақкөңіл, қонақжай” – десе, соған мəз болып, дараңдай береді екенбіз. Меніңше, алдыартымызды ойлайтын уақыт келген сияқты. Бұл той жасалмасын деген сөз емес. Əр нəрсенің өзінің орны, жолы бар екенін айтқым келіп отыр. Пайғамбарымыздың өзі ас ішкенде бір тізесін бүгіп, асқазанын басып отырады екен.

– Неге өйттіңіз, – десе, – барға қанағат – депті. Сол айтқандай, «Қанағат қарын тойдырады, қанағатсыздық жарлыға жалғыз атын сойдырады» деген мақалды да естен шығармаған дұрыс. Олай болса, осының өзі бізге сабақ болуы керек деп ойлаймын, – деді, əлгі досым.

Біреудің қалтасын қалыңдатып, енді біреуді қарызға батырып жатқан тойлардың əуре-сарсаңы да жетерлік. Басы əп-əдеміақ басталып, аяғына қарай бірін-бірі тыңдамай, берекесі кететін тойлар көпті жалықтарды. Жəне кейінгі кездері жастар жағы болмаса, орта жастағы адамдар тойға баруға аса құлшынбайды. Ал бұрын керісінше, үлкен кісілер тойдың көрігін қыздырып, сəнін келтіріп отыратын.

Негізінде, көп нəрсе асабаға да байланысты. Қазір неге екенін, тойдан жиналыс жасайтын асабаларды көріп жүрміз. Басталмай жатып тілін безеп, құдды бір көркемсөз жарысына қатысып жатқандай сұлу сөйлеуге тырысады. Одан қалса, дап-дардай адамдар отыр демей, ойын ойнатады, қол шапалақтатады. Сыртынан қарап тұрған адамға өте ерсі көрінетін мұндай ойындардың керегі қанша деп ойлайсың. Тойға жиналған қауым амандық-саулық сұрасып та үлгермейді, себебі, өзінен басқа адамның сөйлеуіне тыйым салып, өзі бір ұзын-сонар əңгімені бастап, соңында не айтып, не қойғанын білмейтін асабалар тарақандай қаптап барады. Бір сөзбен айтқанда, қазақтың қазіргі тойының даңғазаға айналып бара жатқаны жасырын емес. Осындайда балашағаның аузынан жырып жұмсайтын ақшаның обал-сауабы бар емес пе деген ой туындайды.

«Той – халықтың қазынасы» деген жақсы сөз бар. Қазақ тойға əрқашан ерекше жомарттықпен, айрықша көңілмен қараған. Өткен ғасырдың соңындағы елең-алаң шақта темір құрсаудан құтылған тəуелсіз ел үшін тойдың мəні ерекше еді. Ал қазір ше?

 Жеке отбасылық тойлар ғана емес, мерекелік ресми даталарды, оның ішінде мерейтойларды да назардан тыс қалдырған емеспіз. Мəселен, биыл Əбу Насыр əл-Фарабидің 1150, қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойларын əлемдік деңгейде өткізгіміз-ақ келген еді. Алайда, алдымызда не күтіп тұрғанын адамның шешпейтініне көз жеткіздік. Əлбетте, бұл мерейтойларды өткізудің тəрбиелік мəні ерекше болар еді. Əсіресе, келешек ұрпақ үшін ұлы тұлғаларымызды біліп өсуде мұндай тойлардың маңызы зор.

Негізі той – ұлтымыздың қонақжайлығын, бауырмалдығын көрсетеді. Қазақ халқы той жасаудан жарыс өтсе, барлық елден қара үзіп əлемде ең бірінші орыннан дара көрінетініне күмəніміз жоқ. Тек қазіргі жағдайда не нəрсенің де өз ретімен болғаны дұрыс қой деп ойлайсың.

Роза СЕЙІЛХАН.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here