«Қарбыздар да өмір үшін күреседі»

Аудан орталығынан шалғай жатқан Бозой ауылының тұрғын- дарының дені жаз мезгілінде қауын-қарбыз өсіріп, соны кəсіп қылады. Биылғы жылы да бұл ауыл тұрғындары 1000 гектарға жуық жерге қауын-қарбыз егіп, енді өнімін сатуға шығаруда. Жуырда Бозой ауылындағы жас кəсіпкер Азамат Мұқаевпен кездеспек болдық. Алайда оны біз бірден таба алмадық. Өзге жұмысшылары сияқты Азамат та жиын-терім науқанына бауыры Асан екеуі білек сыбана кірісіп кетіпті. Біздің келгенімізді байқаған кəсіпкер қазақы қонақжалығымен қарсы алды. «Қарбаласып жүріп сіздердің келетіндеріңізді ұмытып кетіппін», – деп күліп қарсы алған Азамат аман- саулық сұрасқаннан кейін өзінің кəсібі туралы əңгіме бастады. – Қауын-қарбыз егумен əкем марқұм айналысушы еді. Біз ол кезде баламыз. Əкеміздің жанында жүріп осы көкөністі қалай өсіру керектігін үйрендік. Міне, 10-15 жылдың көлемінде өзім əке жолын қуып осы диқаншылықпен айналысудамын. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген ғой дана халқымыз. Бұл кəсіптің де өзіндік қиындығы бар. Ауылымыз аудан мен қала орталығынан алыс болғандықтан, біз өзгелер сияқты көкөністерге селитра қоспаймыз. Аллаға шүкір, ауылда мал шаруашылығымен айналысатын ағайындар аз емес. Солардан қара қи алып жиын-терім уақыты біткен соң осы алқапқа əкеліп себеміз. Бізде бəрі табиғи. Жаз шыға сала Ұзынағаш пен Алтын Орда базарларына арысы Өзбекстан мен Қырғызстаннан берісі Шымкенттен қауын-қарбыз келіп жатқанда біз əдейі іздеп барып соларды сатып аламыз. Ондағы мақсатымыз қауын-қарбызының дəмі мен құнарлылығын біліп, біздікі қандай болар екен деген үміт қой. Содан мамыр айы келгенде жерімізді жыртып дəн егеміз. Араға 90 күн салып қауын- қарбыз алғашқы өнімін бере бастайды. Сол аралыққа дейін тамыздың орта тұсы да келіп қалады. Қарбыздар да өмір сүру үшін бір-бірімен күреседі. Мысалы анау өсіп тұрған кішкентай қарбыз бен үлкен қарбызды қарасаңыз, кішкентай қарбыздың жарылып кеткенін байқайсыз. Ол неге десеңіз, екеуі бір түптен шыққан соң су мен оттегі үшін бірімен-бірі күреседі. Қайсысы мықты болса, сол өседі де əлсізі күрес барысында шамасы жетпегендіктен жарылып кетеді. Осындай қызық жағдайлар көптеп кездеседі. Алғашында қарбыздың бəрі маған қарбыз сияқты болып көрінетін. Сөйтсем, бұлардың да өзіндік сұрыптары болады екен. Қазіргі таңда 10 гектарға қауынның күрбек, əміре, əңгелек деген сұрпын, қарбыздың ницца, зебра, қара жəне ақ мрамор, қызайбай деген сұрыптарын егудемін. Бұрындары еккен егістігімізге су жеткізу қиын еді. 2017 жылы канал қазылып, су желісі тартылғандықтан биыл су тапшылығын сезінбедік. Соның арқасында аларымыз көп болар деген үміттеміз. Өзім осы кəсіппен айналысқалы бері алыстан адам іздеген емеспін. Ауыл адамдарын жұмыспен қамтып отырмын. Қазіргі таңда қол астымда ауылдың 5 тұрғыны жұмыс істейді. Əрқайсысына күніне 2500 теңгеден төлеймін. Сонымен бірге ішер тамағы тегін. Өздері жұмыстан соң үйіне керекті қауын-қарбызын да ала кетеді. Дəл мен сияқты осы ауылда бірнеше азамат қауын-қарбыз егумен айналысады. Олардың көбі осы ауыл азаматтарын жұмысқа тартады. Алдағы уақытта су мəселесі шешіліп, Айдарлы мен Сарытауқұмға да су барады деп естіп жатырмыз. Ол күн де алыс емес шығар. Ауыл маңында су арнасын тазалап жүрген техникалар жүр. Биыл осы су мəселесі шешілсе Бозой, Айдарлы, Сарытауқұм ауылдарының тұрғындары да біздің қатарымызға қосылып, Ұзынағаш пен Алтын Орда базарларына, қала берді экспортқа өз өнімдерін шығарып, халықты таза қауын-қарбызбен қамтиды деген ойдамын. Жиын-терім науқаны жаңа ғана басталды. Біз үлкен базарларға шыға алмайтындықтан осы жерден- ақ қауын-қарбыздың əр талын 250 теңгеден сатып жібереміз. Бізге сол да жетеді. Алланың берген несібесінен артыққа қол жеткіземіз деген құнығушылық жоқ бізде. Барға қанағат етіп, кəсібімізді дөңгелетіп жатқан жайымыз бар. Алдағы уақытта мал шаруашылығын да қолға алсам деймін», – деп өзінің кəсібі туралы сұхбат беріп, болашақта іске асыратын жоспарымен бөлісті.

Елдар ЕРКІНҰЛЫ

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here