Сəрсенбі күні Жамбыл ауданына Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты Аңсар Мұсаханов жұмыс сапарымен келді. Сенаторды Жамбыл аудандық мəслихатының хатшысы Саят Жұрын қарсы алып, Балғабек Қыдырбекұлы ауылының маңындағы «Ранай» шаруа қожалығына бастап барды. Шаруа қожалығының басшысы Ерболат Сейдалиев сенаторды алма бағының қазіргі жай-күйімен таныстырды.

Мұнда жалпы аумағы 36 гектарға түрлі сұрыпты алма көшеттері егілген болатын. 2017 жылдан бастап қолға алынған мақсатты жұмыстың нəтижесі былтыр алғаш рет көрінген еді. Алайда, ауа райының күрт суытуына байланысты өнім ойдағыдай болмады. Əрине, еңбектің рахаты қиындықсыз келмейді ғой. Биыл бақшаның жағдайы жаман емес. Алманың 3-4 түрлі сорты жеміс беріп тұр. Негізгі межеге келесі жылы жетеміз деген үмітте бағбандар.

Көшеттің діңі үлкейіпті. Бақтың қасынан 1050 тонна жеміс сақтайтын қойма əзірленген. Кəсіпкер тек алма өндірісіне қарап отырған жоқ. Жерді ұтымды пайдаланып, осы шаруа қожалығының қасынан 20 адамға арналған шипажай салыпты. Оншақты бие байлап, келген адамдарға саумал ішкізіп, дəстүрлі жолмен емдейді екен. Білікті кəсіпкердің еңбекқорлығына риза болған Аңсар Тұрсынханұлы оның жұмысына сəттілік тіледі.

Бұдан кейін сенаторды қарсы алған Теміржол ауылдық округінің əкімі Қайратхан Баймолдаев қатар жатқан Жайсаң, Ақсеңгір, Теміржол ауылындағы егістік алқаптарын көрсетті. Қазір алқапта қызу жүріп жатқан шөп шабу науқанына орай А.Мұсаханов еңбек адамдарымен кездесті. Қысқы мал азығын дайындап жатқан шөпшілермен емен-жарқын əңгімелескен ол жердің құнарлылығы, шөптің қуаты туралы сөз қозғап, ауылдас ағайынға табыс тіледі.

Бақтияр АЙТАЛЫ.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here