Қазақстандағы жер қатынастарына байланысты тағы бес мемлекеттік қызмет онлайн режиміне ауыстырылды. Енді «Мемлекеттік жер кадастрынан ақпарат беру», «Жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнын анықтау», «МЖК ААЖ графикалық дерегімен жобаланып отырған жер учаскесін келісу», «Жер учаскесіне актілер дайындау жəне беру», «Жер учаскесінің сапалық жағдайы туралы ақпарат беру» сияқты мемлекеттік қызметтер egov. kz электронды үкімет порталы арқылы қолжетімді болады.

Қазіргі таңда барлық қажетті нормативтік-құқықтық акті тиісті мемлекеттік органдармен келісіліп, қызметтер egov.kz порталында тестілеуден өтіп жатыр. Нормативті актілер күшіне енгеннен кейін кез келген азамат бұл қызметтерді онлайн түрде сұрата алады.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы облысы бойынша филиалының орынбасары Əбдірəсіл Құлдашевтің айтуынша, «Жер қатынастары саласында ең көп сұранысқа ие қызметтердің көрсетілу мерзімі қайта қарастырылып, барынша азайтылды. Сонымен қатар egov.kz порталы арқылы алу мүмкіндігі оларды тұрғылықты жеріне қарамастан əлемнің кез келген жерінде отырып алуға жол ашады. Басты талап – электрондық цифрлық қолтаңбаның болуы», – деді ол.

Мəселен, егер бұрын МЖК ААЖ графикалық мəліметтерімен жобаланатын жер учаскесін келісу мерзімі 15 күнтізбелік күн болса, қазір ол 7 жұмыс күніне дейін, ал жеке сəйкестендіру құжатын дайындау уақыты 6 жұмыс күнінен 4 күнге дейін қысқарды. Мемлекеттік жер кадастрынан ақпарат беру мерзімі 3 жұмыс күнінен 15 минутқа дейін қысқарды. Барлық бес қызмет бойынша да солай.

Айта кетейік, жаңа қызметтер egov.kz порталының «Жылжымайтын мүлік» бөліміндегі «Жер қатынастары» тармағында қолжетімді болады.

Биылғы жылдың 9 айында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының фронт-офистері арқылы жер учаскесіне 31 696 мыңнан астам акт, жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнын анықтау бойынша 1 578 мың қызмет, мемлекеттік жер кадастрынан 97 мыңға жуық ақпарат, жердің сапасы туралы жарты мыңға жуық ақпарат берілді. Сондай-ақ шамамен 9 534 мың жер учаскесі келісілді.

 Аудан əкімінің баспасөз қызметі.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here