Екі мың түп ағаш отырғызылды

Уақыт өткен сайын аудан орталығына қоныстанған халықтың саны артып келеді. Ұзынағаш ауылының шеткі жағындағы  жаңадан салынған үйлердің қарасы көп. Жыл сайын жаңа көшелер ашылып, мектеп салынып, керегесі кеңейген аудан орталығының экологиялық жағдайын да назардан тыс қалдырмаған абзал.  Жуырда өткен бір жиналыста аудан әкімі « Ескірген ағаштардың орнына жаңадан ағаш отырғызуымыз керек. Ағаш сиреп кетсе «Ұзынағаш» деген атымызға сын» – деген еді.  шынында да ағаштың қоршаған ортаға беретін энергиясы мол.   Айтқандай-ақ, Бағдат Байшалұлы көп ұзамай осы бастаманы жүзеге асырды.

Жұма күні ұйымдастырылған сенбілікке аудан әкімшілігі, мекеме, бөлім және мектеп ұжымдары жұмылдырылды.  Ұзынағаш ауылының батыс жағындағы Астана көшесінің жаңа салынған көпір маңындағы 2.5 га  жерге 2000 түп терек ағашын отырғызды. Игі істің басында болған аудан әкімі көпшілікпен бірге қолына күрек алып, жас ағаштың түбіне топырақ салды.

Туған жердің табиғатын көркейтуге барын салып жатқан көпшілікке Ұзынағаш ауылдық округінің әкімі Ескелді Қасымов тайқазан асып, дастархан жайды. Ағабуынның сауапты ісінен өскелең ұрпақ үлгі алып өсері анық.  Осы жер 5-10 жылдың ішінде салқын самал есіп тұратын, саялы баққа айналары сөзсіз.

Бақтияр АЙТАЛЫ.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here