• Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 6 сəуірдегі «Жергілікті атқару органдары басшыларының есепті кездесулерін өткізу» туралы Жарлығына сəйкес биыл он бесінші рет өткізіліп жатқан жергілікті əкімдердің халық алдындағы есеп беру жиналысы қаңтардың 15-де Бозой ауылдық округінен басталды.

Есепті кездесуге əр саладағы жауапты аудан əкімінің орынбасарлары мен бірнеше бөлім жəне мекеме басшылары қатысты. Аудан əкімі Бағдат Байшалұлы Əлиев биылғы есепті кездесуді жаңа форматта өткізді.

Ол Елбасының тапсырмасына орай қабылданған мақсатты бағдарламалардың өз деңгейінде орындалғанын алға тартты. Ауданда əлеуметтік-экономикалық көрсеткіштің өскенін тілге тиек етіп, қол жеткен жетістіктерді саралады. Біздің ауданның облыс көлеміндегі ең алдыңғы қатарлы аудандардың бірі екенін айтып, елдің негізі кəсібі ауыл шаруашылығы саласы болғандықтан жыл өткен сайын мал басының өсе түскенін, одан алынатын өнім түрлерінің көлемі мен сапасы артқанын жиналған көпшілікке жатық тілмен жеткізді. Аудан бюджетінің толыққаны ауыл шаруашылығы мен өнеркəсіп өңдейтін кешеннің іске қосылатыны, халыққа көрсетілетін əлеуметтік қамқорлық, білім жəне денсаулық сақтау саласындағы оң өзгерістер, бəрі-бəрі іскер басшының сөзіне тиек болды. Кездесуге келген ауыл жұртшылығын ашық əңгімеге шақырған əкім əлі де меншік игілігіндегі игерілмей жатқан жайылымдық жерлерді жергілікті ауылдық округ əкімнің балансына өткізсек қалай болады деген сауалын көпшіліктің талқысына салды. Осылайша, жермен дұрыс жұмыс істеудің маңыздылығына кеңінен тоқталып, мал саны өскен сайын жайылымдық алқаптардың ауыл халқына өте қажет екенін тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне балады, жер қашан да өз иесін табу керектігін айтты. Бұл ауылға су жеткізілгенін жəне ол тіршіліктің басты нəрі екенін кеңінен əңгімеледі. Күрті су қоймасының игілігін көріп, мал өсіріп, бау-бақша өнімдерін молайтуға мүмкіндік туғанын айтқан Бағдат Байшалұлы су арнасын дұрыс пайдалану керектігін де ескертті.

– Ауылдағы жан басын көбейту аса маңызды мəселе екені, өйткені бала саны кемісе мектепке баратын оқушы санының азаятыны белгілі. Содан барып мектептің жабылып қалу қаупі туындайтыны тағы анық. Осы проблеманы болдырмаудың жолын сіздер қазірден бастап ойлауларыңыз керек, ағайын! Соған сай əр отбасында демографиялық өсімді қолға алған жөн, – деген аудан əкімі бірлік бар жерде тірліктің болатынын алға тартты. Елін кемел келешекке бастаған Ұлт Көшбасшысы Елбасына Алла қуат берсін деген орнықты ой білдірді. Бозой ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Тілеуқабыл Толыбаев: – Боз жусанды Бозой ауылының қазіргі тұрмыс-тіршілігі жақсы. Тұрғындар өздеріне тиісті шаруаларын атқарып жатыр. Аллаға шүкір, ынтымағы жарасқан аядай ауылымызға үлкен жол салынуда. Суымыз бар, ел қатарлы еңбек етіп жатырмыз. Ешкімге алақан жаяр жайымыз жоқ. Қазан аузы жоғары, өз дəулетіміз өзімізге жетеді. Малымыз бар, бақша өнімін егіп, игілігін көріп жүрміз. Аудан басшысы Бағдат Байшалұлының бізбен бүгінгі жүздесуі ерекше бір жарасымды, ағайын мен бауыр-туыстың арасындағы сыйластық тəрізді өтуде. Халқымызда «Жақсы келді дегенше жарық келді десейші, жақсылығын өзімен алып келді десейші» деген қанатты сөз бар. Өзінің есепті кездесуін шалғайда жатқан осы ауылдан бастауы аудан əкімінің кісілігі мен кішілігі, үлкенге деген құрметі, кішіге деген ізеті деп білеміз. Елдің қамын ойлайтын, көргені мен көңілге түйгені мол осындай басшының болғаны біздер үшін үлкен абырой. Аудан əкімінің бір жылдық есепті жұмысына қанағаттанарлық деп баға беремін, – деді. Бұдан кейін де Айдарлы ауылдық округіндегі мəдениет үйіне жиналған ауыл тұрғындарының қарасы көп болды. Есепті кездесу жиынында аудан əкімі Бағдат Байшалұлы тізгінді қолға алып, жыл ішінде атқарылған жұмыстарға жеке-жеке тоқталды. Өткен жылдың жоғары көрсеткіш пен толымды табыстарға толы болғанын өз сөзімен деректі дəйектер арқылы жеткізді. Есепті кездесу жиыны көпсөзділіктен гөрі “кеңесіп пішкен тон келте болмас” дегендей, қарапайым əңгімелесу тұрғысында өтіп, ауыл халқын жігерлендіріп тастады. Тұрғындар тарапынан жер телімдері мен жайылымдық алқаптың тапшылығы, мал дəрігерінің қажет екені жайлы сұрақтар қойылды. Оған аудан əкімі жан-жақты жауап қайтарып, бұл мəселелердің өз уақыты келгенде біртіндеп шешілетінін бүкпесіз айтты. Ал, жер беруге уақытша мораторий жарияланғандықтан, қазіргі таңда жер телімдерін жеке иелікке берудің тоқтап тұрғанын тұрғындардың есіне салды. Ауыл азаматтары болса өздерінің көкейкесті сұрақтарына аудан басшысынан нақты жауаптар алды. Осылайша, Айдарлы ауылында өткен есепті жиында əкім мен халық арасындағы емен-жарқын əңгіме барысында Бағдат Байшалұлының осы ауылға арнайы келгеніне жұртшылық ризашылық білдіріп, аудан əкімінің жыл ішінде атқарған жұмысына қанағаттанарлық деген лайықты бағасын берді. Бұдан соң Ащысу ауылының тұрғындары аудан əкімінің есебін тыңдап, өз бағаларын беру үшін осындағы мектепке жиналды. Бір мақсат, бір мүддеге ұмтылған ауылдың қарапайым тірлігі жарасымды. Қолда барға қанағат етіп, өзара татулық пен бірлікте тіршілік керуеніне ілесіп келеді. Ең алдымен аудан əкімі Бағдат Əлиев жалпы ауданда атқарылған жұмыстарды шола баяндап өтті. Мұндағы тұрғындарға ауыз су тасымалданып жеткізіледі. Негізгі күнкөріс көзі – мал мен бау-бақша өнімдеріне тəуелді. Сондықтан осы саладан алынған өнімдерді ауыл тұрғындары өз қажетіне жаратуда. Мектепте оқушылар ұстаздардан білім мен тəрбие алады. Ауыл тұрғындарының атынан Елубай Айымов бұл күнгі кездесудің жоғары деңгейде өткенін айтып, аудан əкімінің бір жылдық есепті жұмысына қанағаттанарлық деп өз бағасын берді. Аталған ауылдық округтерде аудан əкімінің бір жылдық есептік кездесу жиындарына Алматы облыстық жастар ресурстық орталығы ҚММ директоры Байхамитов Жандос Бауыржанұлы қатысты. Қаңтардың 16-да аудан əкімінің есепті кездесу жиыны Балқаш көлінің жағасындағы Үлкен ауылында өтті. Мектепке жиналған ауыл тұрғындары аудан əкімі Бағдат Əлиевтің өткен жылы атқарған жұмыстарының есебін тыңдады. Осылайша, ырысты ит жылында ауданның экономикалық-əлеуметтік көрсеткіші толымды табыстарға толы болғанына тұрғындар тағы бір көз жеткізді. Жиында көп қабатты үйлерде газ баллонын қолдану барысында қауіпсіздік шараларын мұқият сақтау керектігі баса айтылды. Сондықтан Үлкен ауылдық округіне өрт сөндіретін машинаның керектігі, Балқаш көлі туризм саласын дамытуға əсіресе ыңғайлы болғандықтан осында демалыс орындарының құрылысын жүргізу үшін инфрақұрылымдарды дамытуға көмек қажеттігі туралы ұсыныстар айтылды. Жарыссөзге шыққан «Абылхайыр» ЖШС жұмысшысы Əсет Баймолдин, Үлкен орта мектебінің мұғалімі Гүлнар Асанова, «Энергетик» саяжай серіктестігі тұтынушы кооперативінің төрайымы Ольга Агеева аудан əкімінің 2018 жылы атқарған жұмысына бірауыздан қанағаттанарлық деген баға берді.

Қаңтардың 17-де аудан əкімінің есепті жиналысы Теміржол ауылдық округінде жалғасты. Мұнда да аудан əкімі Бағдат Əлиев тұрғындарды ашық əңгімеге тартып, өзара пікір алмасуға шақырды. Ол барлық көрсеткіштердің тиянақты орындалғанын дəлелді мысалдар келтіре айтты. – «Күре жолдың бойында мəрт отырады» демекші, теміржолдың бойында қоныс тепкен ынтымақты ауыл екендеріңіз рас. Сіздердің мекен де заман талабына сай көркейіп, дамып келеді. Суларыңыз бар, аспалы автокөлік көпірлеріңіз салынды, жаңа əкімдік пен жаңа мəдениет үйі жұмыс істеп тұр, мұндағы жағдайдың жақсы екенін байқадық. Ақмола сияқты өте шағын мекенге асфальт жеткізу мүмкін емес. Тас төгіп берсек, бұл да сіздерге деген көмек болады деп ойлаймын, – деп аудан əкімі газдандыруға қатысты жұмыстардың жүргізіліп жатқанын алға тартты. Газға қатысты тұрғындардың талап-тілегін облыс əкіміне жеткізетінін айтты. Жер мəселесінің басты назарда екенін, жайылымдық алқаптарды дұрыс пайдалану керектігін тұрғындарға түсіндірді. Бос жатқан жерлердің де қайтара алынатынын көпшіліктің есіне салды. Қолында дипломы бар, жұмыссыз ауыл жастары болса, оларды тəрбиелеп қызметке орналастыруға мүмкіндік жеткілікті екенін, бірлік болса тірлік болатынын аудан басшысы өз сөзіне арқау етті. Қазыбек бек ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Əбдін Есперов: – Аудан əкімінің 2018 жылы атқарған жұмысына қанағаттанарлық деген баға бере отырып, ауылымыздың барша азаматтарын Елбасының алға қойған міндеттері мен бастамаларын жүзеге асыру бағытында қоғамның барлық жүгін бірлесе көтеріп, ауылдың нығайыпкөркеюі жолында аянбай еңбек етуге шақырамын. Елбасының биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялауына байланысты ауыл жастары ел болашағы үшін бар күш-жігерін салып қызмет етеді, мемлекет басшысының өздеріне артқан сенімін ақтайды деп ойлаймын, аудан əкімінің жұмысына қанағаттанарлық баға беремін,– деді. Бұл күнгі кездесу Ақсеңгір ауылдық округінде жалғасын тапты. Онда аудан əкімі Бағдат Байшалұлы өңіріміздің жыл өткен сайын көркейіп, дамып келе жатқанына кеңінен тоқталды. Халық саны мен мал басының өсіп жатқанын, елдің əл-ауқатының жақсы екенін айтып, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарға назар аударды. Ақсеңгірде жаңа мектептің ашылуына байланысты білім саласының да көкжиегі кеңейгенін айтты. Халқымызда “қолы қимылдағанның аузы қимылдайды” деген қанатты сөз бар екенін еске салып, қазан аузының жоғары екенін астарлы сөзбен əдемілеп жеткізді. Бұл ауылдағы кездесу жоғары деңгейде өтті.

Онда Көкдала ауылының тұрғыны, ақын Өмірбай Өмірзақұлы аудан əкімінің есепті жұмысына оң бағасын беріп, өлеңін оқыды, өзінің жуырда баспадан шыққан «Көкдала күмбірі» атты кітабын сыйға тартты. Балғабек Қыдырбекұлы ауылында өткен есепті кездесу де жұртшылықтың зор ықыласын танытты. Заман талабына сай салынған мəдениет үйінің іші ауыл тұрғындарына толды. Аудан əкімі Бағдат Байшалұлы бір жылда атқарылған жұмыстарды рет-ретімен баяндап, тұрғындардың ұсыныс-тілегіне құлақ түрді. Өткен жылы бұл ауылда біршама жұмыстың жүзеге асырылғаны айтылды. Жарыссөзге шыққан ауылдық ардагерлер ұйымының төрайымы, Жамбыл ауданының құрметті азаматы Нұрғайша Тауасарова көрнекті жазушы жерлесіміз Балғабек Қыдырбекұлының 90 жылдығына орай, округтің атауын өзгертумен қатар жұртшылықтың көкейінде жүрген бірнеше маңызды мəселелерге назар аударып, ауыл тұрғындарының талапөтінішін ортаға салды. Аудан əкімі Бағдат Байшалұлы бұл жұмыстардың кезең-кезеңімен іске асатынын айтып, осы салаға жауапты орынбасары мен ауылдық округ əкіміне нақты тапсырмалар жүктеді. Жарасымды үрдіспен жаңа форматта өткен аудан əкімінің бір жылдық жұмысына есеп беру кездесулерінде ауыл тұрғындары зор ризашылығын білдіріп, аудан əкімінің жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді. Ауылдық ардагерлер ұйымының төрайымы Нұрғайша Əбдіуəлиқызы аудан басшысының алдағы қызметіне табыс, отбасына амандық тілеп, абыройы мен мəртебесінің арта беруіне ниеттестігін білдірді.

 Тұрсынжан АСҚАРҰЛЫ

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here