Рухани Жаңғыру: «Туған  жер»  бағдарламасы

 

Бір көргеннің көкейінде мәңгілікке заңғар болмысымен тұрақтап қалатын Суықтөбенің етегін ен жайлаған ауыл бар. Ол – Талап ауылдық округі. Мұндағы айдарлы ұл мен тұлымды қыз тауға қарап өседі. Алғыс естігенде «Таудай бол!» – деген сөзді ойша Алатаудың асқақ сілемі Суықтөбемен мазмұндайды.  Абсолюттік биіктігі 3273 метр болатын найзалы шың Қастек пен Сұраншы батыр ауылдарының ғана емес, күллі Жамбыл ауданының мақтанышы.

Өткен шақтың өнегесі 

Округтегі барлық жер көлемі – 70217 гектар, оның 556 гектары суармалы да, 34400 гектары жайылымға арналған. Бұл екі елді мекендегі халық саны – 3235 адам.

1928 жылы мал басын көбейту мақсатында, оның ішінде жылқы малын асылдандыру үшін артель болып ұйымдасқан. Ал, 1937 жылы атақты режиссер Ш.Айманов Суықтөбенің бөктерінде «Амангелді» киносын түсіреді. Осы кинотуындының құрметіне ауылдың атын Амангелді қояды. 1963 жылы Амангелді атындағы қой совхозы құрылады.

Талап ауылдық округі Қарақыстақ селолық Кеңесінен 1983 жылы бөлініп шығады. Оның жеке совхоз болуына ықпал еткен Ешмұханбет Ізбасаров деген азамат. Қазіргі күнге дейін ауыл адамдары Сатыпалды Жақыпбаев пен Арол Күрішбеков деген қос азаматты ерекше құрметпен еске алады. Себебі, осы азаматтар басшылық еткен кезде ауылға клуб, балабақша, жол мен мектеп түскен. Бірақ, 1996 жылы Аманкелді атындағы қой совхозы тарап, «Сұраншы батыр» өндірістік кооперативі болып құрылады. Оған Сатыбалды Нұрманов басшылық жасайды.

Қастек ауылы жоңғар шапқыншы-лығы кезінде мыңбасы болған батыр Қастектің атымен аталады. Ол жөнінде сөз сүлейі Сүйінбай ақын былай деп жырға қосқан:

Жау тисе жапан далада,

Бөрілі найза атамыз,

Қарасайлап шабамыз,

Қызыл қанға батамыз.

Бөрілі байрақ астында,

Ту түсіріп, жау алған,

Қазыбек, Қастек атамыз.

Жиренайғыр өзеніне Суықтөбедегі бұлақтардан бастау алатын Қастек өзені келіп қосылады. Қастек ауылы маңынан шамамен 3-4 гектар аумақты алып жатқан бекініс табылған. Археологтар бұл жерден ескі қыш құмыралар мен садақ оғының басын, найзаның ұшын, нан пісіретін тандырлардың орнын тапқан.

Көне дүние күмбірі

Қастек ауылынан 2,5 шақырым оңтүстік бағытқа қарай, Қастек өзенінің сол жағасында, Суықтөбенің етегіндегі адырлардың бірінде орналасқан ежелгі бекіністі Қастек қаласы деп атайды. Ал ғалымдар қазба жұмысы жүргізілген бұл жерге «Төрткүл» бекінісі деген атау берген. Төрткүл негізінен республиканың оңтүстік аймақтарында сақталған көне бекініс орындары. Сондықтан Көне шаһарға берілген атау белгілі бір тарихи жағдайға байланысты емес. Төрткүл шын мәнінде төрт бұрышты болып келеді. Көлемі жағынан аса үлкен емес төрткүлдер  керуен жолдарының бекіністері болып табылады. Бұл айтылғандарға қосарымыз көне түркі тілінде «torkil» «Төрт бұрышты» дегенді білдірген. Өкінішке қарай, тарихи қала аумағының көптеген бөлігі ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап егін алқабына айналғандықтан жер тегістеліп, жоғарғы мәдени қабаты бұзылған көрінеді.

Қаланың орталық бөлігінің үш жағын (солтүстік, оңтүстік және батыс) ор қоршап жатса, шығысы өзен жағындағы құлама беткейге жалғасады. Солтүстік және оңтүстік жағында да ор жазық бар. Шаһар маңынан шыны ыдыстардың да сынықтары табылған.

Қазба жұмыстары барысында табылған материалдардың басым бөлігі керамикадан жасалғаны байқалады. Сонымен бірге олардың арасында темірден, сүйектен және тастан жасалған бұйымдар да табылған.

Аудан көлемінде ұйымдастырылған  «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы арнайы экспедиция картасына бұл көне қала енген болатын. Қыш қирандыларын қолымызбен ұстап, ежелгі мекеннің қазылған орнына барып көрген едік. Сапар құрамында болған археолог Арнабай Нұржанов: «Қыш бұйымдарының ішінде қазан, көзе, құман, құмыра, көзелек, шырақ және тағы басқа да ыдыстардың кездесетінін, мұндай ыдыстарды дайындауда жергілікті шикізат – табиғи қоспалы – дала шпаты, кварц, қоңыр әк пен слюдасы көп мөлшерлі қатты саз пайдаланылғандығын»  түсіндірген еді. Қала халқы  Қастек өзенінің жағасында егіншілікпен және бақша шаруашылығымен айналысқанға ұқсайды. Мұны ескерткіш маңынан табылған металдан жасалған соқа тісі мен кетпен дәлелдейді.

Сонымен қатар, қала  маңынан қола, темір, шойыннан жасалған заттар табылған.

Қастек қаласына жүргізілген қазба жұмыстары барысында табылған тарихи деректер мұнда бекіністердің болғаны туралы хабар береді. Сонымен қатар, бекініс салынбаған жерлер де бар. Орналасу аймағының табиғаты тұрмысқа қолайлы, сондықтан қала аймағында сауда мен қолөнер, т.б. салаларды дамытуға байланысты іс-шаралар жүзеге асырылғаны байқалады.

Қорыта айтқанда, Қастек қаласының халық тарихындағы алар орны ерекше. Бір сөзбен айтқанда, Қастек – ел өркениетінің қалыптасуына сүбелі үлес қосқан қаланың бірі. Ол жер ауданның ғана емес, күллі отандастарымыздың мақтанышы. Мамандар көне қала болған аймақты аспан асты мұражайына айналдыруға әбден болады деген пікірде. Егер осы идея жүзеге асса, Талап ауылдық округінің гүлденген дәуірі басталып кететін еді.

Тұлғалар тұғыры

Жамбыл ауданы бойынша ең алғашқы Социалистік Еңбек Ері атағын Талап ауылдық округінің тумасы Бітешов Құстүтін алған. Ол Ленин орденінің де иегері. Біз ауыл тарихы хақында сөз бастағанда артель болып құрылғандығы жөнінде айтып өттік. 1948 жылы  Құстүтін 100 биеден 100 құлын алған. Мал шаруашылығына үлес қосқан Құстүтін Бітешовтың даңқы жайында өз заманында басылымдар жарыса жазып жатты. Өзі қырылдап сөйлейтін, ұйықтағанда да қырыл шығаратын адам болыпты. Себебі, 28 жасында патша әскері мылтығының сүңгісі кеңірдегіне кіріп, содан аман қалыпты. Қазір Сұраншы батыр ауылының бір көшесі осы Еңбек Ерінің есімімен аталады.

Ұлы Отан соғысының ардагері Арқабаев Қаһарға да осы ауылдан көше берілген. Ол «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталған тұлға. Талапта бұл орденмен 1983 жылы  Болдырған Қалибекова және Ауған Бердікенов марапатталған. Әбдіғұл Егіншібаев 35 жыл бойы шопан таяғын тастамай, Еңбек Қызыл Ту және «Құрмет Белгісі» орденін иелеген.

Талап ауылдық окургінің тұрғындары өздерін Жүсіпәлі Нүкетаевтың жерлестеріміз деп мақтанышпен айтып отырады екен. Сонымен қатар, генерал-майор  Тыныбек Оңалбаев пен техника ғылымдарының докторы, профессор Баймұрат Халықовты да құрметпен еске алады. Заң ғылымдарының докторы, профессор Арықбай Ағыбаев, «Архабай» авиакомпаниясының президенті Ермұхамбет Арқабаев, медицина ғылымдарының докторы Қапуза Сейдахметқызы, педагогика ғылымдарының докторы  Ақжарқын Артықбаева және Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы, журналист Айдос Үкібай да осы Талап ауылында дүниеге келген. Округті көптеген жылдар бойы Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты Түйметай Өзенбаева басқарған.

Білім ошақтары

Екі ауылдық елді мекеннен тұратын округте екі мектеп бар. Олар Сұраншы батыр және Қастек орта мектептері оқушылардың сауатты азамат болып қалыптасуына негіз болуда. Сұраншы батыр атындағы мектеп 1922-1926 жылдары Тиес бастауыш мектебі болып құрылған. Сейдахмет Ысқақов пен Ыбырайым Ізбасаров сол білім ошағының  негізін қалыптастырған. Кейін, 1930 жылы мектеп жетіжылдық болады да, оған ауыл интернаты қосылған. 1936 жылы мектепке Амангелді батырдың аты беріледі. 1962 жылы сегізжылдық, ал 1984 жылы Амангелді орта мектебі болып толығып, білім бере бастайды. 460 орындық жаңа ғимарат 1986 жылы пайдалануға берілген. Қазір мұнда 291 бала білім  алуда.

211 түтіні бар Қастек ауылының алғашқы мектебі 1923 жылы ашылған. Тайжан деген ауқатты кісінің үйінен ашылған мектепте ауыл шәкіттері алғашқы сауатын  Ахмет Байтұрсынұлы жүйелеген төте жазумен ашыпты. Оның алғашқы мұғалімдері Бұлантай Өтепов пен Әукер Тұрғанов деген азаматтар көрінеді. 1958 жылы Қастек мектебі жетіжылдық білім жүйесіне көшсе, 1963 жылы сегізжылдық оқу ордасына айналған. Бұл мектепке кезінде Сүйінбай Аронұлының аты берілген. Алайда,  1980 жылы мектептен Сүйінбайдың аты алынып, қайтадан  сегізжылдық Қастек мектебі деп аталады. 1993 жылы 360 орындық жаңа типтегі корпус бой көтеріп, пайдалануға беріледі. Мектеп орта білім беретін білім ошағына айналады.

Киелі жерлер

Таулы өлкенің тұрғындары күн ұясына батты деген тұрақты тіркесті бөлекше түсініп, ерекше мән береді. Олар үшін күннің ұясы таудың арғы жағында. Таңғы уақытта да алтын шашын аспан әлеміне шашырата шұғыла тарататын күн таудан көтеріліп келе жатады. Сондықтан да болар өлкенің киелі жерлерінің көбі Суықтөбе қойнауындағы сырларға байланысты екен. Мәселен, Қойжол сайына тоқталсақ, бұл жерді ауыл тұрғындары Қарасай батырдың кіндік қаны тамған жер деп есептейді. Оның үстіне Қойжолдың жоғарғы қапталында Қаракезең деген Сарыжазыққа қарай асатын жол бар. Бастау сулары да осы маңда орналасқан. Айнала саздан көк майсаға оранып жатады. Қастек ауылының ауыз суы осы жердегі бастаулардан алынады. Үш үлкен тасты бір-біріне сүйеп қойған Қойжолда кішкене аршалар өсіп тұрған көрінеді. Әлгі тасқа тәу етушілер сол аршаларға ақ байлайды екен.

Сонымен қатар, Тәуке-Тиес соғысқан жерді де ауыл ақсақалдары жас ұрпаққа ұлағат етіп айтып отырады. Бұл жерде қазақ пен қырғыз бірігіп қалмаққа қарсы соғысқан екен. Әлбетте, соғыс болған жерде шейіт болған батырлардың қабірлері болатыны сөзсіз ғой. Сондықтан Қастек өзеніндегі көпірдің солтүстік жағындағы дөңнен өте бергенде құран оқып, бет сипауды барлығы әдетке айналдырған. Осы жердегі жеңістен соң, қырғыздың Тиес батыры қазақпен құдандаласып, Түрікпеннің баласы Түктіқұртқа қызын берген деген аңыз бар. Түктіқұрттан Қаумен, Дәулет, Бәйтелі, Жәпек деген батырлар тараған. Біз оларға арнайы тоқталып өтетін боламыз. Әзірге киелі жерлерге қатысты ақпарымызды толықтыра кетейік.

Суықтөбе етегіндегі Ақтас деген жерде хан Тәукенің жайлауы болған деседі. Қазақ пен қырғыз бірігіп кеңес құрған бұл жайлау да Суықтөбе етегіндегі елдің  мақтанышы болып есептеледі.

Біз Шиен ауылдық округі туралы жазғанымызда Қастек ауылы мен Шиен арасындағы шекаралық мәселелерге тоқталған едік. Сол шекарада Қараш батырдың сөресі деген жер бар. Ол жер батырдың бәйгеден ылғи бірінші келетін торысының тоқтайтын орны екен. Тақия төбенің маңында орналасқан сөрені ауыл тұрғындары оңай тауып, көрсетіп бере алады.

Суы мөлдір, ауасы таза мекенде Бөшен құламасы деген жер бар. Әрине, ол құлама жағалай ағып Жиренайғырға қосылатын Қастек өзенінің бойы. Көне Қастек шаһары туралы жоғарыда сөз еттік. Әлбетте, ол шаһар Ұлы Жібек жолының бір бекінісі болғаны сөзссіз. Қытай-қырғыз саудагерлері бекіністен шығарда және қалаға кірерде осы сарқырамаға бір сәлем беріп, торсық толтыра су құйып алып өтеді екен.

Суықтөбенің теріскей бетіне қарай жолға шығып, қазақ-қырғыз елі қарым- қатынас орнатқаны белгілі. Бірде қол біріктіріп қалың қалмаққа қарсы шыққан кездер болған. Енді бірде барымта мен қарымтаға байланысты елдестіру мәселелері де жүріп отырған. Екі елдің шекарасында Бел атаның бейіті бар. Әулие кісі деп әспеттеліп, арнайы тоқтап, құран оқылатын орынға қырғыз да, қазақ та ат тізгінін тартып аял қылады.

Сұраншы батыр ауылына Бәйтелі батырдың ұрпақтары ескерткіш орнатқан. Қазір бұл ескерткіш ауылдың көрікті орындарының бірі саналады.

Жәпек батыр

Ер Жәпек қалмақ ханы Доланқараны жекпе-жекте найзаға түйреп өлтіреді. Басбатыр тауының етек жағында Доланғара деген жер бар. Жалпы көшпелілер феномені бойынша жекпе- жекте қайтқан батырдың атына  шайқас болған жердің аты берілетін болған. Жәпек батырдың бұл  ерлігіне қарсы тарап қалыңдыққа қыз берген деседі.  Қарасайдың немерелері Бәйтелі, Қаумен, Дәулет, Жәпек өз заманында ерекше батырлығымен көзге түсіп, тарихта өшпес із қалдырған ірі тұлғалар. Бұлар жөнінде жыр алыбы Жамбыл:

Бәйтелі, Қаумен, Дәулет,

Жәпекпенен төртеуі,

Бәрі ерлер әулеті,

Өнері асып тұр жаннан

Түзеген көшін сәулетті, –

деп жырлаған екен. Қазір Алматы облысының Іле ауданында Жәпек батырдың атында ауыл бар.  Абылай хан тұтқынға осы Шапырашты Жәпекпен бірге түскен деген деректер де кездеседі.

Қараш батыр 

Қарасай батырдың немересі, Қараш батырдың қазақ-қырғыз арасында тату көршілікті, ел бірлігін сақтауда әділеттілігімен  аты шыққан дейді. Ол жасынан әрі ақылды, әрі батыр болыпты. Сәуегейлігімен өзгеге ұқсамайтын ерекшеліктері жетіп артылатын тұлға болса керек.

Қараш батырдың Суықтөбе тауының үстінде тұрып Қопада жатқан елге «Мал- жан аман ба?» деп, айқайлаған дауысы естіледі екен. Бұл жер шамамен алпыс шақырым. Әрине, қанша алып болса да, алпыс шақырымдық жерге адам дауысы жетеді дегенге біз онша сене бермейміз. Дегенмен, Суықтөбенің басынан жазықтағы елдің түтінінің түзу шығып жатқандығы, ұры-қары мен жаудан аман жатқандығы анық байқағанға қолайлы болғандығы байқалады.

Сұраншы батыр

Сұраншы батыр ауылы 1853 жылы  300 (үш жүз) жасақпен, қоқандықтардың 20 мың әскерiн Қопа маңында тас талқан етiп жеңген Сұраншының атына берілген. Ол 1848-60 жылдары Қоқан билеушілерінің Жетісуға басып кіруіне қарсы күресті. 1864-65 жылдары Ресей әскері сапында Ұзынағаштан Сайрамға дейінгі қазақ ауылдарын азат етуге қатысты. Батырдың жорықтарына қатысқан Сүйінбай Аронұлының «Сұраншы батыр» деп аталатын тарихи жыры бар. Ал, Жамбыл бабамыз «Сұраншы батыр» поэмасын қалдырған. Осы шығармалардан біз өр рухты батырдың ерлігінен өнеге түйеміз. Сондықтан Талап ауылдық округінің бір елді мекені батыр Сұраншының атымен аталуы барша қазақтың құптайтын, әрі мақтанышпен айтатын оқиғасы болған деп білеміз. Шоқан Уәлихановтың 2010 жылы шыққан көптомдық шығармалар жинағында “Қашқарға сапарында 3 мың қытай жасағының қашып кұтылған қалдықтарымен кездесiп, әңгiмелескенi” туралы жазылған.

Бүгінгі тыныс

Округтегі Сұраншы батыр атындағы спорт кешені  2015  жылдың желтоқсан айында іске  қосылды. 58 ауыл тұрғыны интернет жүйесіне қосылған. Округ бойынша интернет жүйесі, ұялы телефонға қосылу жүйелері қамтылған.  Телекоммуникация  (радио, теледидар, телефон желілері және компьютерлік желі), интернет желісі жетілген.  Округке  қарасты  2 мешіт,  Қастек медициналық  қосыны  және  әкімшілік  ғимаратына  газ  құбырлары  қосылған.  Ауыл  бойынша  80  пайыз  тұрғындарға  газ  жүйелері  жүргізілген. Бүгінгі таңда ауылдық округті Әлішев Берік Мәженұлы басқарады. Ынтымағы жарасқан өңірдің ақсақалдар алқасының төрағасы Жамантаев Ерболат ақсақал дерек жинауға мейлінше көмектесті. Киелі жерлер мен көрікті орындарды айта отырып, туған жерінің одан сайын гүлдене түсуі үшін кейбір мәселелер жөнінде де айтып өтті. Мәселен, Талап ауылдық округіне арнайы медициналық қосын мен жедел жәрдем қызметі ауадай қажет. Пошташылар мен медицина қызметкерлері әкімшіліктің ғимаратында отырғандығы қарияның қабырғасына батады екен.

Сұраншы батыр ауылы аудан орталығынан 40 шақырым қашықтықта орналасқан. Алтын және Күміс алқа таққан 67 ана бар. Талап ауылдық округі бойынша Сұраншы батыр және Қастек  ауылы тұрғындарының  иелігіндегі мал басы цифрмен есептеген былай сипатталады:  ірі қара мал – 2398 бас,  ұсақ мүйізді мал – 9752 бас,  ешкі – 200 бас, жылқы  – 551 бас.

Осылай қойнауына төрт түлікті сыйғызған ырысты ел агроөнеркәсіптік салаға қатысты өз жобаларын да ұсынып жатыр екен. “Аруақты  жерден ат үркеді” демекші, көне шаһары бар ауылға ат басын бұратын саяхатшылар көбейсе, күре жолдың бойына қан жүгіріп, халықтың әл-ауқаты бұдан да көтерілер еді.

Түйінсөз

Таулы өлкенің әр мезгілдегі пейзажы әртүрлі. Көктемде баурайы масатыдай құлпырып, қырдың барлығын қызғалдақ басса, қыста Суықтөбе ақ қардың астында сұңғақ та тәкаппар кейіпке енеді. Мұнда дүниеге келген ұлдың батыр тұлғалы болмауы мүмкін емес. Құдды мен сияқты өр бол деп тұрғандай. Ал бұлағынан су алуға барған сұлудың  жаны сондайлық мөлдір болатыны даусыз ғой. Адамға өмір сүріп жатқан табиғаты әсер етпей қоймайды. Даладай дархан, таудай өр, бұлақтай мөлдір, ауадай саф азаматтар мекен ететін ауыл жайлы айтылар әңгіме көп. Ол аймақ, сонда тұрып жатқандардың ғана емес, рухын құлатпаған, «бөрілі байрақтың» астына жинала білген әр қазақтың мақтанышы.

 

Айнұр  Төлеу

Атамекен

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here