Әрбір адамның кіндік қаны тамып, кірін жуған жері болады. Онда туып, өседі, білім алады, алғашқы өмірлік тәжірибесін жинақтайды.  Бірақ мәңгі жадында сақталып, ардақтап ән-жырға қосып жүрегімен беріле сүйіп өтеді. Ол киелі мекенді бәріміз – туған жер деп атаймыз.

Қазақстанда туып, кейін тарихи Отанына қоныс аударған кейбір немістер араға уақыт салып қимастық сезіммен ауасын бір жұту үшін  ғана қайта келгендерін көзімізбен көргенбіз. Туған жердің құдіреті деген осы болар.

Бірде инстаграмм әлеуметтік желісінде танымал әнші Жұбаныш Жексенұлының видеосы жарияланды. Оның әлеуметтік желідегі «Туған жерімнің табиғатындай сұлулық ешбір жерде кездеспейді» деген пікірі   әлдебіреулердің қытығына тисе керек. Ашуланған әнші видеода: «Шымкент – менің туған жерім. Әр адамның туған жері өзіне оттай ыстық. Адам анасын сүю арқылы ана тілін сүюді үйренсе, туған жерін сүю арқылы Отанын сүйеді. Мен Отанымды қастерлеймін, бірақ туған жерім мен үшін бәрінен де қымбат. Бұл менің перзенттік парызым» – деген екен. Расында, туған жерін артығырақ сүйді екен деп біреуді келекелеп, кеудесінен кері қағуға болмайды. Жүрегі бар азаматтың барлығы туған жерін жырақта жүріп сағынып, ақындар жырына қосып, қасиетті топырағына қарай тартылады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы «Туған жер» жобасында туған жерге еңбегі сіңген, оның әлеуметтік-экономикалық жағдайының бір жағына шығып қол ұшын созған азаматтарды БАҚ өкілдерінің насихаттауын талап еткен-ді. Мақала жарияланғаннан бері «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы аясында ауданнан шыққан, туған жеріне тер төккен көптеген азаматтардың өмірбаяны, еңбек жолы «Атамекен» газетіне жаппай жарияланды. Олардың арасында ұшқыш, кәсіпкер, дәрігер сияқты көптеген мамандық иелері кездеседі. Себебі, туған жері үшін еңбектенуге  мамандықтың қай  саласын игергені маңызды емес. Таңдаған мамандығына адалдық танытып, туған жеріне жақсылық нұрын шашқан жандар туралы жазу әлі жалғасуда. Өйткені көпшілікке үлгі, жастарға дұрыс жол нұсқайтын тұлғаларды ел тануы тиіс. Осындай жандардың бірнешеуі туралы төменде әлі тоқталамыз.

«Туған жер» жобасы бойынша «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» жобасы да іске қосылып киелі жерлер картасы сызылды. Аудандағы киелі өңірлерге экспедиция ұйымдастырылды. Бұл бастама туған жердің қадір-қасиетін ұғынып, бағасын білуге, патриотизмге тәрбиелейді. Сондықтан бұл тақырыптың «Туған жер» жобасынан орын алуы тегін емес.

Сондай-ақ «Туған жер» жобасында ұлттық салт-дәстүр, ұлттық мәдениет туралы тақырып қозғалды. Бөтен идеология құрбанына айналып кетпес үшін тамырымыз бекем, салт-дәстүріміз айқын болуы тиіс. Ендеше, кейбір ұмыт бола бастаған дәстүрлердің бірнешеуіне реті келіп тұрғанда қысқаша тоқталсақ.

Бұрнағы заманда келіннің аяғы ауыр екенін білген ауыл әйелдері енесіне: «Келіннің құрсағы ақ айранға тойыпты, ақ алғысты болыпты», – деп қуанышты хабарды жеткізген. Мұны естіген енесі: «Келінді ата-бабасының әруағы желеп-жебеп жүрсін», – деп қара шаңырақтың керегесіне ақ орамал таңған. Ол – жас келіннің жүкті болғанын бүкіл ауыл білсін деген ниеттен туған «керегеге ақ орамал таңу» салты болған. Нәресте туғаннан кейін шілдехана, баланы қырқынан шығару, иткөйлек, бесікке салу, тұсаукесер дәстүрлері кезекпен кезек орындалған. Бұл дәстүрлердің кейбірі қазір ұмытыла бастаған.

Сондай-ақ, киім киюдің ұлттық рәсімі де сақталмайды. Мысалы көшпелі тұрмыс салты кезінде жасөспірім қыздар аң терісінен жасалған, төбесіне үкі тағылған бөрік кисе, жаңа түскен келін әуелі сәукелемен, кейін орамал салып жүрген. Отыздан асқан соң әйелдер кестеленген кимешек киген.

Сәукеле туралы қазір тарихи әдебиеттерден оқығанымызбен, ұлттық музейлерден тамашалағанымызбен, оның әсемдігінен бейхабармыз. Себебі күнделікті көрмейміз. Сәукеле келіншек киімі. Ол бас киім ғана емес қазақ сән-салтанатының, салт-дәстүрінің мәдениеті мен шеберліктің озық үлгісі, өнер туындысы болған. «Алтынмен апталып, күміспен күптеліп» дегендей, ол інжу маржан, гауһар, лағыл, жақұт сияқты асыл тастар тізбегімен әрленіп, әшекейленген. Негізі мақпал, барқыт сияқты қымбат маталардан тігіліп, бұлғын, құндыз терілерімен жиектеліп, оқамен оюланып, түрлі түсті моншақтармен шашақталып, көркем жіптермен кестеленіп, алдыңғы жағы көзді тастармен қапталып, алтын, күміс теңгелермен безендірілген, төбесіне үкі тағылған бас киім түрі.

Мұны көпшіліктің білмеу себебі қазір ұлттық киім кию салты ұмытылған. Көршілес өзбек, қырғыз бауырларымыз айыр қалпақ, ала шапандарын әлі күнге шейін тұрмыста тұтынса, біздің елде ұлттық киім киген кісіні көшеде кездестірсе барлығы таңырқайды, одан қалса сайқы-мазаққа айналдыруға әуес. Патриотизмді күшейтудің жолы салт-дәстүрді ұстанып, ұлттық колориттің бояуын оңдырмауда, сондықтан ата-бабадан қалған кез келген құндылықты қадірлей білгенге не жетсін.

«Туған жер» жобасы аясында салт-дәстүрді, ұлттық мәдениетті жандандыру, киелі жерлерді танудан бөлек туған жерін гүлдендірген азаматтарды елге насихаттау жұмысы да БАҚ өкілдеріне жүктелгенін ескерген жөн. Сондықтан туған жеріне туын тіккен бірнеше азаматтардың есімін атап, еңбегіне тоқталсақ.

Бірде Аққайнар ауылындағы «Тоқаш Бокин атындағы орта мектеп мектепке дейінгі шағын орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде ширек ғасыр бұрын түлеп ұшқан түлектер бас қосып мектеп ұстаздарымен қауышты. Жарты ғасыр бұрын алтын ұяны бітірген түлектерден: ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Үмбетов, кәсіпкер «Фараби» өндірістік кооперативінің басшысы Балтабек Досмұхамбет, тарих ғылымдарының докторы Жұмакүл Ахметалиева, Білім саласының үздігі белгісінің иегері Роза Егембердиева, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Қазақстан журналистер одағы сыйлығының екі мәрте иегері, танымал қаламгерлер Күмісжан Байжан мектеп қабырғасына қайта оралды.

«Елу жылда ел жаңа» демекші, ауыл тұрғындарының айтуына қарағанда бұрынғы Аққайнар мен қазіргі ауыл келбеті салыстыруға келмейді. Расында өмірімде осындай қала инфрақұрылымына сай салынған, дамыған ауылды бірінші мәрте көруім осы еді. Туған жеріне қолынан келген барлық жағдайды жасаған, атап айтқанда жолын асфальттап, мектепті инновациялық технологиямен жабдықтап, заманауи үлгідегі стадион салып берген Серік Үмбетовтей ел азаматы екенін сол жерде естіп білдім. Туған жеріне ғана емес, бүткіл Қазақстанға танылған ағаның есімін еңкейген кәріден, еңбектеген балаға дейін біледі десек артық айтқанымыз емес. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, орайы келгенде тілге тиек еткеннің айыбы жоқ деп білеміз.

«Туған жер» жобасының аясында туған жеріне еңбегі өткен азаматтардың арасынан Темірлан Шайнүсіповтың есімін мақтанышпен айтамыз. Мектепте оқып жүргенде Ы.Алтынсариннің «Атымтай жомарт» атты әңгімесін оқып, қатты таңданғаным бар еді. Ондай жомарт адамдар өмірде жоқ қой деп ойлайтынмын. Ақтерек ауылының тумасы Темірлан Шайнүсіпов туралы естігенде, күдігім сейілді. Шынында мейірімділік пен қайырымдылықтың ақ туын ұстаған, адалдықтың ақ кемесінде жүзетін замандастардың бұл жалғанда барына риза болып қуандым. Қазіргі нарық заманда әркім өз пұшпағын өзі илеп, біреуге қолұшын бермек түгілі амандасуды, көршілерінің үйіне кіруді ар санайтын, имандылық азайған алмағайып заманда Темірландай азаматтармен бір елде, бір көк тудың астында ғұмыр кешіп жатқанның өзі неткен бақыт.

 «Ақтерек» жекеменшік ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің төрағасы Темірлан мырза ауылындағы қараусыз қалған ескі ғимараттарды қалпына келтіріп, тұрғындардың күнделікті тұрмыс-тіршілігінде маңызы зор «Болашақ» сауда-сауықтыру орталығын ашты. Сондай-ақ «Ақниет» тойханасын салдырды. Ауылдың той-жиындары қазір осы тойханада өткізіледі. Өз қаражатына ауылшаруашылығына қажетті техникаларды сатып алып, егін және мал шаруашылығын қолға алды. Осының арқасында ауылдастарын жұмыспен қамтыды. Бүгінгінің «Атымтай Жомарты» Ақтерек ауылында жүздеген үй салып, оны тұрмысы төмен отбасыларына, шаруа қожалықтың жұмысшыларына үлестірді. «Ер туған жеріне» демекші, су құбырын жүргізіп Ақтерекке су кәрізін орнатты. Ауылын көгалдандыру мақсатында мекеме аулаларына 1000 түп шырша, қарағай көшеттерін отырғызды. Елбасы «Ел келешегі – жастар» дегендей, келешектің тұтқасы жас балғындардың көктеп өсуіне жағдай жасап, «Дария» жекеменшік балабақшасын ашты және футбол алаңының құрылысына демеуші болып алғыс арқалады.

Келесі кейіпкеріміз Мыңбаев ауылында тұрады. Ол Елбасы Еңбек Ерінің жоғары белгісін төсіне қадаған кәсіпкер, жерлесіміз Олимпиада және әлем чемпионы Жақсылық Үшкемпіров. Оның ауыл тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын, экономикалық өсуін жақсарту үшін көптеген тыңғылықты жұмыстар атқарып келе жатқаны баршамызға мәлім. Саналы ғұмырының соңғы 20 жылын кәсіпкерлікке арнаған Жақсылық Үшкемпіровтың басшылығымен Мыңбаев ауылында жасөспірімдердің салауатты өмір салтын ұстанып, спорттың самбо, дзюдо, бокс, футбол сияқты бірнеше түрлерімен айналысуына мүмкіндік беретін спорт мектебі, үй-күйсіз жүрген отбасыларын баспанамен қамтамасыз ету үшін 38 бөлмелі «Жақсылық» жатақханасы, ауыл бүлдіршіндерінің мектепке дейінгі даярлығын жетілдіруге арналған «Жақсылық» балабақшасы салынып, көпшілік пайдалануына берілді. Бұл да атпал азаматтың еліне, туған жеріне деген сүйіспеншілігін, патриоттық асқақ сезімін көрсетеді. Жақсылық ағаның «Жақсылық» атты шаруа қожалығы 1998 жылы құрылған болатын.  Иелігіндегі 20 мың гектар жері, 8000 ірі қара малы бар, сондай-ақ егін шаруашылығын да дөңгелетіп отырған кәсіпкердің алға қойған мақсаттары асуда-асу. 

«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы бойынша есіме әу дегенде сау етіп түскен ел ағалары осы кісілер. Ол да тегін емес шығар. Себебі әрқайсысының өмір жолы жастарға үлгі боларлық дара да сара жол. Олардың еңбек жолы шиыр-шиыр, қиындығы мол, қатпары көп жолдардан тұрады. Себебі мақсатқа жету үшін ауырдың астымен арқасы жосылғанша жүру керек. Кейбіреулер ойлағандай мақсатқа жету қолды аспанға соза сала, айды алу деген сөз емес. Оны жан тәнімен сезіну үшін ел алдындағы ардақтылардың жүрген ізімен жүріп өті керек. Онсыз машақат салмағын екінің бірі түсіне алмайды. Ауыр міндеттен жалтарып басын ала қашпай, еліне шапағат-мейірімін төгуден шаршамаған жандардың есімі тарихта алтын әріптермен жазылады.

Туған жер деген сөз тіркесінің мағынасын бір сөйлеммен ғана жеткізу мүмкін емес. Туған жер ұғымы бұрын да болған, болашақта да болады. Бірақ оның қайталанбайтын байлық екенін, жүрек жылуы, көз қуанышы екенін терең ұғыну – бір бақыт. Қолдан келсе, туған жерге ту тігіп, жақсылық жасау да бір парыз.  

Майра Алдабергенова.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here