КЕШІРШІ, КҮРЕГІМ!

Күнделікті әдетімше қораға кіріп екі күннен бері алынбаған сиырдың тезегін шығара бастадым. Жалғыз дөңгелекті қоларбаға мынадай қапырық ыстықта пора-пора болып тезек тиеу оңай емес. Сиырдың сарғыш қоймалжың жапасы күректің тебінгісіне дейін жабысып, кеуіп қалған. Қолға ауыр. Білмеймін,  әлде еріншектігім бе.

Осы қарт күректің мойын тұсындағы шегелік тесігіндегі тот басқан қисық шеге қисалаңдап көптен бері түсуге айналған.  Қолданған сайын былқ-сылқ етіп, жұмыс істеген адамды ашуға булықтырады. Тезек шығарған сайын бір жынданып, қолдан келгенше балағаттап, қабырғаға ұрып аламын. Бұл жолы да дәл солай. «Былқ-сылқ еткен әкеңді…» – деп қабырғаға лақтырып жібердім. Қатты соққыға шегесі шыдамаса керек, сабы бір бөлек, басы бір бөлек домалап кетті. Бұл әрекетімді көріп тұрған ешкім жоқ. Ыңғай бәлдәрәп тұрған қасымдағы науаның үстіне отыра кетіп, бір күліп алдым.

«Осы мені жын ұрған ба? Неге күйгелек болып бармын?  Мына сорлы күректің не жазығы бар»,– деп күбірледім.  Сабы сынды — сағы да сынды… Бір ұшы сиырдың жас тезегіне малынған. Ал, күректің өзі иығы майысып екпетінен жатыр. Жер бауырлап  үнсіз қалған кейпі өте аянышты, қатты өкпелі көрінеді. Міндетін маған сілтегендей: «Ал, енді қолыңмен салып көрші, нақұрыс» дегендей томсырайған пішінде.

Ештеңеге зауқым жоқ, сілейіп отырмын. Әлгі сұрапыл ашуымның мына байғұс күрекке еш қатысы да жоқ шындығында. Өмірдегі түрлі әділетсіздікке, жүйкені жұқартқан әлдекімнің мысықтілеуіне күйініп, кіжінгеннен  істегенім… Өз үйімде, өз қорамда қоқырайып, қырып-жоярдай  мінезімді мына бір тілсіз, әлсіз күрекке көрсетіп, дәл осы жерде менен асқан құзіретті адам жоқ екеніне ісініп отырғанымды қарашы… Е-е-е, күреке,  сіркесі су көтермейтін, менен өткен сорақы иең болғанда сені былай бір соққымен қалдырмас. Сабыңды балталап отын қылып, басыңды қораның төбесіне лақтырып тастайтын еді. Бүк түсіп жатар едің мына ыстыққа қаңсып.

Қожайынның қабағын баққандай  қора ішіндегі екі бұзау, ағаш діңгектер, сүйеулі тұрған айыр бәрі үнсіз. Қол қусырып төмен қарап, құдайдан менің сабырға келуімді тілегендей шарасыз кейіпке еніп тұр.  Тағы да тістеніп жанымда тұрған тіреу ағашты теуіп жібердім. Жоғары жақтағы ұясына үймелесіп тұрған аралар жан-жаққа жамырап ұшып жатыр. Кейбірі: «бізде нең бар, ей!», дегендей жақын ұшып келіп, жаман көзін алайтып өтіп жатыр.  Керек болса шүйлігіп келіп, бет-аузымды шағып, күптей қылып ісіріп жіберу қиын шаруа емес бұларға.  Дегенмен сауап болды. Бала күнімде дәл осындай аралардан талай қорлық  көріп, шаққанына шыдамай өкіріп жылағаным есіме түсті.

Иә, мықты болсам осы жойқын күшімді әділетсіздікке құныққан қайсыбір адамдарға көрсетер едім ғой.  «Ә-ә-әй, қораның ішіндегі батырым-ай» деп күлкің келіп жатқан шығарсың, ә, салтақ күрегім. Білем сенің титтей де жазығың жоқ. Маған адал екеніңді түсінемін. Сен өте еңбекқорсың. Қалқиған басыңды қайда тықсам да, қыңқ етпестен міндетіңді абыроймен атқарасың. Тезек шығару да, көмір кіргізу де, қар күреу де сенің мойныңда. Одан басқа да қолыңнан келер тіршілігің жетерлік.

Осы сен мұндай төзімділікті қайдан алдың, сатпақ күрегім? Шынымды айтсам, сенің алдыңда ұяттымын. Адамға керек «Сайман» деген мәртебелі атыңа лайық құрмет көрсетіп, тазалап жуып, көлеңке жерге сүйеп қоймадым-ау осы күнге дейін. Мына тірлігімді әкем көрсе, сенің көзіңше ит терімді басыма қаптайтыны анық. Тілің жоқ мылқаусың.  Іштей күбірлеп: «Ей, ақымақ адамдар. Осы сендер неге санасыз болып барасыңдар? Адалдықтарың қайда? Бауырмалдықтарың неге әлсіз? Сыйластық дегенді ұмытқандарың қалай? Біреудің адал еңбегін бағалауды ар көретін болыпсыңдар. Жандарыңды қинамай олжалы болғыларың келіп тұратыны несі? Байды көрсең жалпақтап, кедейді көрсең кекірейіп қалғандарыңды қашан қоясыңдар. Мына өткінші өмірді мәңгілік тұрақ болады деп ойлайсыңдар-ау! Сан ғасырдан бері сендердің тіршіліктеріңе тырмысып, адал еңбек еткен мына маған, “КҮРЕК” дейтін сайманыңа көрсеткен сый-құрметіңнің түрі осы ма? Өкпеледім сендерге. Иығымды сындырдың, сидиған сабымды жас тезекке малып қойдың. Ақымақсың ей, адамзат. Осыны өз қолыңмен тазалайтыныңды ұмытпасаңшы. Мейлі, маған істеген зорлығыңмен ештеңе тындырмассың “қора батыры”. Менің де бір мәртебелі сәттерім бар. Ол не дейсің ғой?  Күндердің күнінде сен жататын қараңғы көрді кім қазарын ұмытпағайсың. Көріңе гүрсілдетін топырақ салатынымды да ұмытпа… Үстіңе шөккен түйедей төмпешік топырақты үйіп болып, сен келген көліктің үстінде көпшілікпен бірге қайтатыным ақиқат”,  деп жатқан шығарсың, сатпақ күрек.

Еһ, дүние! Қадіріңді кім білген… Осы күректің күбірін естіп сескеніп қалдым. Кешірші мені, күрегім!

Бақтияр АЙТАЛЫ.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here