Кейде осы қазақтың мінезқұлқы кеше қандай еді деген сұрақ туындайды.

Бабалардың сан ғасырлық тұрмыс-тіршілігі, басынан өткерген қилы тағдыры қаншалықты бұралаң болса да, ұлттың ұлы дархандығы ешқашан ортайған емес еді. Қазақ кеңістікті, еркіндікті жанына жалау еткен халық болатын. Ал, бауырмалдық, туысшылдық, қонақжайлық, бір-біріне деген жанашырлық қасиеттерін санай берсек, қолдағы он саусағымыз жетпейтін. Жер бетінде бұл тұрғыдан алғанда бізбен иық тіресетін халық некен-саяқ еді.

Қазақтың мінезі даласындай кең, тау суындай тұнық, құзар шыңдай асқақ екені өзімізге де, өзгеге де аян. Əңгімені мақтанышпен бастағанымыз кейбір жұртқа ұнамайтын да шығар. Мақтануға лайық болса неге айтпасқа. Жер бетіндегі ең төзімді халықтың алдыңғы қатарында қазақ тұр еді десек те жарасады. Оның басынан кешкен тауқыметті тағдырын бүгінде түгел тізіп шығу тіпті мүмкін емес.

Соңғы үш ғасырдың айналасында талай-талай тарихи оқиғалар өтті. Егескен жауға егеулі найза ұстап, қарсы шаптық. Жеңілген кездеріміз де болды. Бірақ, Алланың көзі түзу екен, ата қоныс жеріміз бен абыройлы елімізді сақтап қалдық. Күші басым озбырларға уақытша бодан болған шерлі жылдар да артта қалды. Кешегі екінші дүниежүзілік соғыстың алапат зардабын жер бетіндегі ұлттардың арасында ең көп тартқан да қазақ халқы болатын. Соның бəріне төзе жүріп, дербес мемлекет атандық, қасиетті тəуелсіздікке қолымыз жетті. Құдайға шүкірлік ету керек шығар.

Қазақ елі екі ғасыр алмасқан өлара кезеңде қайта түледі. Ел қатарлы əлемдік бəсекеде көк Туымызды желбіреттік. Содан бері де шиек ғасырдан астам уақыт өтті. Еліміз барлық салада қарыштап дамыды. Халықтың əлеуметтік тұрмысы жақсарды, экономикалық қуаты нығайды. Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында қол жеткізген жетістігіміз де ұшан-теңіз. Өркениетке бет бұрған қазақ даласының ауылдық жерлері де жыл сайын көркейіп, дамып келеді. Осының бəріне көз жұмып қарайтын кейбір адамдардың кесір ойына əрине, қынжыламыз.

Осы күні ел ішінде «билікке масыл болу» психологиясы қалыптаса бастағанын аңғарып жүрміз. Бұл қалай? Заманның өзгергені ме, əлде кеңістігі тар, кесапаты мол елдерден жұққан індет пе? Түсінбейміз.

Рас, көпке топырақ шашуға болмайды, дегенмен ішінара теріс пиғылды тоғышар адамдардың жан сыздатар əрекеті жиілеп бара жатқаны алаңдатады. Солардың тірлігіне қарағанда еріксіз жағамызды ұстаймыз. Мəселен, Үкіметтен тұрақты беріліп тұратын əлеуметтік жəрдемақыларды алып жүрген кейбір отбасының қанағатсыздығына қарап қынжыламыз. Бұл не деген сұмдық? Су ішкен құдыққа түкіргенмен тең емес пе?

Жақында ғана əлеуметтік желіні шулатқан бір отбасының əрекетіне тіпті таң қалдық. Көпбалалы ана ретінде жəне мүгедек баласының асыраушысы болғаны үшін ол үкіметтен 170 мың теңгеден астам атаулы əлеуметтік көмек алады екен. Сөйте тұра, “тəуелсіз журналисымақтарды” шақырып, күн көре алмай отырған шарасыз адамның кейпіне еніп, əлеуметтік желі арқылы бүкіл Қазақстан халқынан көмек сұрапты. Өздері отбасының барлық қаражатын пəленбай шаршы метр болатын жеке баспана салуға жұмсап жатқан көрінеді. Осы салынып жатқан құрылыстың қасына құрқылтайдың ұясындай шатыр құрып, “Міне, біз дəл қазір осындай лашықта қысылыпқымтырылып өмір сүріп жатырмыз” деп жергілікті əкімшілікті сынап, ақпарат таратыпты. Екі айдың ішінде үйінің қабырғасын жедел көтеруге шамасы жеткен сабаздар енді шатырын жабуға келгенде ақшадан қысылыпты-мыс. Апырай, бұл не деген масылдық? Үкімет көмектеспей қамқорлықтан тыс қалдырса, бір сəрі. Керісінше, алғанына шүкірлік етіп, мемлекетке рахмет айтпай ма. Жоқ, əлеуметтік желіде аянышты кейіпте көрінген отбасына түрлі тараптан қысым көріп пұшайман күйге түскен аудан əкімшілігі мен ауылдық округтің əкімі құрылыс материалдарын алып беріп, тегін тұруға пəтер жалдады деп естідік. Ой сұмдық-ай!

Сонда да əлгі отбасы мүшелерінің көңілі көншімей отырған көрінеді. Ауылды жерде өмір сүріп жатқан жұртшылықпен салыстырмалы түрде қарағанда бұл отбасының кірісі ең алдыңғы қатардағы кіріс емес пе. Сондай ақшаның жартысына да жете алмай жүрген отбасылар қаншама. Олар қайтіп тірлік кешіп отыр десеңізші?

Иə, адамда ең əуелі қанағат болуы керек. Үкімет жанашырлық жасайды екен деп мемлекеттің қоржынына жабыса беруге болмайды ғой. Масылдық – біздің бекзат ұлтымыздың менталитетін бұзады, жалқаулыққа жетелейді. Масылдық маңына барсаң мойныңа жабысып алады. Бере берсе екен, ала берсем екен, іше берсем, жей берсем екен деп тұрады өзеуреп. Өлгенде əрең құтыласың. Оның ағасы Жалқаулық деген кісі де жатқан бір кербез, анау-мынау жұмысты менсінбейді. Алты ай жаз, алты ай қыста шөптің басын сындырмай үйінде жатып алуға бар, бел қайыстырар жұмысқа айдасаңыз да бармайды. Қазір əйтеуір такси айдап, карта ойнап жүр деп естиміз. Оған да шүкір, тіпті ұтылып қалды дегеннің өзінде кешке үйіне бір бөлке болса да нан əкеледі ғой. Екеуінің де əкесі Кесір деген кісі еді, апырай мына ұлдары да АЙНЫМАй тартқанын қарамайсыз ба, ұқсамасаң тумағырлар.

Біз қазақ деген намысын ежелден бірінші орынға қойған халық едік. Барға қанағат, жоққа сабырмен қарайтынбыз. Енді не болып барады өзі. Қанағат, қайда кеттің сен?..

Қарабай Əбуұлы Салпық, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here