Қазағы бар, ішінде қалмағы бар,

Бұл ауылдың тарихта салмағы бар.

«Бой бермеген қазаққа халықпыз» деп,

 «Қалдан-Серен батырдан қылыппыз» деп,

Қалжыңдайды әйтеуір сондағылар…

…Қалмақ деген жалғыз сөз тілде ғана,

 Қалмақтөбе мүлгіп тұр қырдағы оба.

Аталасын аларда ажыратып,

Екі арасын жалғайды Жылғары ана.

 Алшынбай мен Тұрсынбай, Едігелер,

Ердененің қалмаққа ебі келер.

Тірілерді көрмеге тізіп қойған,

Тірі музей сияқты көрінеді ел,

– деп Есенқұл Жақыпбеков өзі туған Бірлік ауылын өлеңіне арқау еткен еді. Сол Бірлікте қазіргі таңда Жылғары Анадан тараған Алшынбай, Тұрсынбай, Едігелердің ұрпағы тату-тəтті ғұмыр кешуде.

Десе де, ауыл азаматтарын көршілестер «қалмақ ауылы» атап кеткелі қай заман. Неге десеңіз, Шапыраштыдан тарайтын Есқожа руының батыры Қарасай бабамыздың – Əуез, Өтеп, Түрікпен, Көшек, Еркен, Төркен деген ұлдары болған. Сол Түрікпен атамыз үш əйел алыпты.Бірінші əйелі қыпшақ Құрама Құлпы бидің қызынан Тілеу мен Жарылғап дүниеге келсе, екінші əйелі қырғыз Тəуке Тиестің қызынан Түктіқұрт пен Қызылқұрт дүниеге келеді. Түктіқұрттың əйелі Қамқадан атақты Дəулет, Қаумен, Бəйтелі, Жəпек батырлар туған. Осы Дəулет батыр бабамыз бес əйел алыпты. Бірінші əйелі Алуадан – Нұрабай, Мырзабек, Кəшке өмірге келсе, екінші əйелі қалмақ қызы Күлуден Байкөбек дүние есігін ашқан. Ал үшінші əйелі қалмақ қызы Жылғарыдан – Лаба, Едіге, Тұрсынбай, Алшынбайлар туады. Төртінші əйелі қалмақ қызы Ерденеден – Төлеген мен Қашқынбай, бесінші əйелі Жерістен – Құлмырза, Жанбала мен Қуатбек туады. Жоғарыда айтылған Жылғары анамыздан тарайтын Алшынбай, Тұрсынбай, Едігелердің ұрпағы бір кездері Іленің арғы бетінде тұрыпты, қазіргі облыс орталығы Талдықорған қаласына бара жатқан күре жолдың бойындағы Арқарлы асуының оңтүстік қапталында Едіге бидің жерленген жері табылыпты деген əңгімені құлағымыз шалатын. Оны маған Есенқұл ағам көзі тірісінде айтып, жол түссе апарып көрсетемін деп жүруші еді. Ол күнге жете алмады.

Жамбыл ауданының бүгінгі əкімі Бағдат Байшалұлы Əлиев Кербұлақ ауданының əкімі болып тұрған тұста Арқарлы асуының етегінде Шапырашты руынан шыққан «Едіге би» туралы деректі естіген соң сол жерге барып, бабамыздың жатқан орнын тауыпты. Оның айналасын кеңейтіп қоршап, ескі обаның алдына ескерткіш тақтасын орнатқан екен. Уақыт өте келе осы ескерткіш тақтаны қайта жөндеу қажеттігі туындап, жуырда Жылғары Анадан тараған Едіге бидің ұрпақтары осы игілікті істі жүзеге асырды.

Ел ағасы Əмірхан Бəкіров бастаған Бірлік ауылының бір топ азаматы жуырда Арқарлы асуының оңтүстік-шығыс жазығына қарай созылған сілемдердің аяқталар тұсындағы «Жалғыз апан» деген жерге жол тартты. Олардың қатарында Бейсенқұл Құлманбетов, Бейбітжан Əжібаев, Ұлан Сұраужанов, Күмісбек Сарманбетов, Дидар Бəкіров, Едіге Ілиясов, Рəтбек Терлікбаев сынды жігіттер «Едіге биге» арнап жасаған жаңа ескерткішті алып барды. Олар АлматыТалдықорған-Өскемен күре жолынан тауға қарай 9 шақырым жол жүріп, Едіге бидің жатқан жеріне келіп жетті.

Біз барған «Жалғыз апан» деген жерде Едіге бимен қатарлас Жалайырдың Балғалы руынан шыққан көрнекті биі Бөлек Тасыбайұлы жерленіпті. Бөлек бидің жанында тұрған Едіге бидің обасын сол ХVI-XVII ғасырларда ұрпақтары пирамидаға ұқсатып күмбез шығарып, жалпақ тақта тастардан қалап көтеріпті. Едіге бидің бұл бейітін Жалайыр руынан шыққан бауырлар Бөлек биді іздестіріп зерттеу барысында тапқан көрінеді. Олар мұның Едіге бидің мазары екеніне көзі жеткен соң Жамбыл ауданында тұратын би ұрпақтарына аманат еткен деседі.

Сонау Күреңбел елінде Едіге бидің əділдікпен ел басқаруы бүгінгі күнге дейін аңыз болып айтылып келеді. Бұл деректер əрине, тектен-тек емес. Баба күмбезіне келіп, Құран бағыштап, арнайы мəрмар тастан жасалған құлпытасын қою үшін күн екінті ауғанда іске кірістік. Сөйтіп ақшам уақыты таяп қалғанда жоғарыда аты аталған азаматтар ескерткіш тасты қойып, іргетасын қалап, орнатып бекітті. Артынан ұлы аруаққа арнайы тағзым жасалды.

Баба басына ұрпақтары құлпытасын қойғаннан кейін Бірлік ауылында «Жылғары Ана» балаларына арнайы ас беріліп, садақа таратылды. Бұл да болса бүгінгі ұрпақтың кешегі ата тарихын зерделеп білуі үшін, текті ұрпақтың ендігі кезектегі тəлімді тəрбиесі үшін жасалған үлкен игілікті іс деп ойлаймыз.

Елдар ЖАҚЫПБЕКОВ.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here