Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Рухани жаңғыру:болашаққа бағдар» атты бағдарламалық мақаласында көптеген мәселелер қозғалды. Соның бірі «ұлттық код» туралы айтқаны. Осы ұғымды біз қаншалықты түсініп жүрміз, сол жағы көкейге ой салады.

Ұлттық кодты сақтап қалу үшін біз алдымен бала тәрбиесін бірінші орынға қойғанымыз дұрыс шығар. Себебі, қазақта «Ел боламын десең–бесігіңді түзе» деген қанатты сөз бар. Бесікті түземек керек дедік. Сол бесікте жатқан балаға біз қаншалықты ұлттық тәрбие беріп келеміз? Іңгәләп дүние есігін ашқан шақалаққа азан шақырып ат қойып, бесікке бөлеп жатқан ата-ана бар ма қазір? Бар болса бірді-екілі жан ғана баласын бесікке бөлеп, қалғаны оны ескілікке балап жүр ме әлде… Бесікке бала бөлеуді ескіліктің көзі деп, бұтына химиялық қоспасы қосылған «Pampers» сынды жаялықтармен қымтап тастаймыз. Сондағы айтатынымыз, баланың нәжісі сыртқа шықпай сол жаялыққа сіңіп кетеді дейтініміз. Сіңген жаялық баланың бұтын ойып, қызартып, терісін бүлдіріп жатқанында шаруамыз жоқ. Сөйтіп өз перзенттерімізді кішкентайынан улауға бел буып, құрғақ жатып, тыныш ұйықтайтын бесіктен беземіз кеп. Оны бір деңіз…

Бесікке бөлемей баланы бауырымызға басып өсірген соң жасы 2-3 ке келгенде балабақшаға береміз. Балабақшаға берген де жақсы-ақ қой. Бірақ кейбір балабақшалар ертеңгіліктерін орыстың «хутарянка» сынды әндерімен бастап, орыстың халық әндерімен аяқтап жатса бала бойында ұлттық код қайдан сақталады? Осыны да бір мезет ой елегінен өткізіп, балабақшаларда өткізілетін ертеңгіліктерді түгелдей қазақшаландырып, сценарий жаздыртып қайтатан жаңғырту керек сияқты. Жә, оны да қоя қойыңыз. Сіз бен біздің баланы қазір смартфон мен көгілдір экраннан көрсетілетін мульфильмдер тәрбиелеп жатыр. Баламыз сәл ыңырсып, жылай бастаса қолымыздағы телефонды бере салуға әуестеніп алдық. Ал сол телефонның ішінде олар қандай дүние көріп отырғаны бізді қызықтырмайды да. Бізге ең бастысы баланың тыныш отырғаны. Соған мәзбіз. Осылай кете берсек олардың бойындағы ұлтжандылық қайдан болсын. Көргені баяғы американдықтар мен орыстардың, кәрістердің шығарған мультфильмдері. Оны телефоннан көрсетпейін десең теледидарың сайрап тұр. Аты дардай «Balapan» телеарнасынан көрсетілетін қазақшаланған мультфильмдердің де сапасы өте төмен. Баланың қызығушылығын оятпайды. Кейіпкерлерінің бәрі шетінен мүгедек я болмаса қазанбас сияқты көрінеді. Ондай дүниеге бала қайдан қызықсын… Содан кейін барып баяғы «Маша мен аю», «Человек паук», «Бен тен» дегендерді көруге құмартып тұрады. Ал сол мультфильмдердің астарына үңіліп қарасаң өздерінің болмысын, саясатын баланың санасына сіңіріп жатқанын байқайсыз. Соны ойласам біздің бала кездегі мультфильмдер қандай керемет еді деймін кейде. Олардың қай-қайсын алып қарасаң да адамгершілікке, бауырмалдық пен әділдікке үйрететін. Айтпақшы біз көріп өскен «Союзмультфильмнің» сол мультиктерінің бәрін Жапон мемлекеті авторлық құқықтарымен түгел сатып алып, өз тілдеріне аударып, жаңалап өз бүлдіршіндеріне көрсетуде екен. Біз неге солай етпейміз деп ойламын. Өзгенің азығын талғажау еткенше өзіміздің батырлар жырын, ертегілер мен аңыздарды анимациясын жақсылап тұрып жасап, шығарса оған бала неге қызықпасын, қызығар. Мысалға «Теке мен қошқар», «Аңшы», «Қажымұқан» сияқты өзіміздің бауырлар шығарған саусақпен санарлық мультиктерді балалар бірнеше қайтара көруге құштар. Сол сияқты дүниелерді көптеп шығарып, шет елдік мультиктердің орнынан қойса бала бойында ұлттық рух пайда болар ма еді. Осы жағын бір сәт ой елегінен өткізіп, қолға алсақ нұр үстіне нұр болар еді. Жоғарыда айтқан мақалымды «Ел болам десең–мультигіңді түзе» деп өзгертсем ешкім сөге қоймас. Себебі, сіз бен біздің баланы сол мультиктер тәрбиелеп жатқанын естен шығармайық!

Елдар Еркінұлы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here