Қадірлі жерлестер! Еліміздегі жұқпалы індет біршама өршігені белгілі. Алматы облысында коронавирусты жұқтырған 8 адамның ішінде біздің ауданның тұрғыны бар екені әлеуметтік желілерде және Республикалық сайттарда айтылды. Аудан тұрғындарының кейбірі «Әкімшілік неге ауырған адамдар туралы толық ақпарат бермейді» деп хабарлама жазғанын көріп отырмын. Алайда, аурулардың құқығы заңмен қорғалатынын ескеру керек. Сондықтан олар туралы жалпылама ақпарат қана айтылады. Дәл қазір бізге сақтық шараларын күшейтіп, белгіленген шектеулерді орындау қажет. «Тәртіпке бағынған құл болмайды». Дәрігерлер ол адамдарды белгіленген емханаға жатқызды. Жамбыл ауданының аумағында емес. Сондай-ақ олармен қарым-қатынаста болған адамдар түгел карантинге жатқызылып, сараптама алынды. Сараптама нәтижесі олардың қауіпті індетті жұқтырмағанын растады. Құрметті ағайын! Осынау қиын-қыстау кезеңде баршамыз ауызбіршілікпен, бірлесе отырып ауыр сынақтан аман өтейік. Әкімшілік барынша қарқынды жұмыс жүргізуде. Ал, сақтық шараларын толық орындау үшін әрбір аудан тұрғынының жауапкершілігі аса маңызды. Ол үшін сіздер әлеуметтік желідегі ресми ақпараттарға жүгіне отырып, белгіленген шектеулерге мән беріңіздер. Бүгіннен бастап Алматы облысына кіріп-шығу шектелді. Адам көп шоғырланған орындарға баруға, Қоғамдық орындарда бір отбасының мүшелерінен басқа 3-тен артық адамның жиналуына, отбасылық шаралар өткізіп, қонақ шақыруға, қонаққа баруға болмайтынын да ескертеміз! балаларды өз бетінше көшеге шығаруға шектеу қойылды. Базарлар, азық-түлікке қатысы жоқ сауда орталықтары, жекеменшік балабақшалар уақытша жұмысын тоқтатады.
Азық-түлік дүкендері мен дәріханалардың жұмыс уақыты таңғы 8.00-ден кешкі 20.00–ге дейін, ал екінші деңгейлі банктердің, пошта байланысы, жеке нотариустардың қызметтері сағат 10.00-ден 16.00-ге дейін ғана жұмыс істейді.
Сондай-ақ, аудан бойынша тек қызметтік көліктердің қатынуына рұқсат берілген (Медицина, құқық қорғау және өңірдің тіршілігін қамтамасыз ететін көліктер). Ресми тіркелген такси қызметіне ғана рұқсат бар. Жекелеген көліктердің ары-бері жүруіне рұқсат жоқ!
Сондықтан сіздерді аталған шектеулерге түсіністікпен қарап, талаптарды орындауға шақырамын!

Алаңдамаңыздар! Елімізге төнген уақытша сынақтан ел болып аман-есен өтейік!

Аудан әкімі Бағдат Байшалұлы Әлиев

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here