Қайсар халық тәуелсіздігіне қол жеткізген күннен бастап тарихтың жаңа беттері ашылғаны белгілі. Азаттығымыздың айқындылығы үшін Тұңғыш Президентіміз-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үлкен мақсаттарды алға қойып, оны тиянақты іске асыруға білексыбана кірісті. Міне, сондай айқын міндеттің бірі – Елорданы Ақмолаға көшіру идеясы болатын. Елбасының келешекке жасаған тарихи қадамы, яғни, мемлекеттің бас қаласын көшіру туралы бастамасы осыдан 23 жыл бұрын ресми түрде жүзеге асты. Осы тұста, тарихқа сәл шегініс жасап Елорда жылнамасына көз жүгіртер болсақ, сонау 1997 жылдың 20 қазанында Президент Жарлығымен Ақмола қазақ елінің астанасы болып жарияланды. Арқа төсіндегі аядай қалаға астананы ресми көшіру 10 желтоқсанда жүзеге асты. Алдымен, мемлекеттік нышандар салтанатты түрде жеткізілді. Қарқынды құрылыс жүргізіліп, зәулім ғимараттар бой көтере бастады. Елбасының 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. Жаңа астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өтті. Негізі, Президент астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру идеясын 1994 жылы 6 шілде күні Қазақстан Респубилкасы Жоғарғы Кеңесінің жалпы отырысында ұсынған болатын. Міне, сол себепті де елімізде «Астана күні» 10 маусымда емес 6 шілдеде атап өтіледі.Елорданы көшіру туралы идеяны іске асырған Елбасы өзінің «Еуразия жүрегінде» атты кітабында: «1994 жылдың 6 маусымында Парламент Мәжiлiсiнде мен астананы көшiру туралы идеяны жария еттiм. Сол кезде жұрттың бәрi менi қолдаған жоқ. Көп адамдар мұны ақылға сыймайтын әрекет деп есептедi. Өйткенi, елдiң жағдайы ауыр болатын. Жалақы, зейнетақылар уақытында төленбей жатты. Ал ендi бiреулер астананы көшiру идеясын қолдағанның өзiнде бұл шешiм жуық арада жүзеге аспайды деген ойда болды. Дегенмен, осыдан үш жыл өткенде депутаттардың өзi пойызбен жаңа астанаға көшiп келдi. Ендi шешiмнiң дұрыс болғандығына ешкiм де күмән келтiрiп, дауласпайды», – деп жазған еді. Осыдан-ақ, өркениетке ұмтылған елдің бас қаласы –Елбасының ерен еңбегі мен ерлігі екені айқын көрініп тұр емес пе. Ұлт Көшбасшысы алға қойған ұлы мақсаттың арқасында ел тарихының жаңа, шынайы бейнесі қалыптасты. Содан бергі 23 жылдың ішінде Сарыарқа төрінде елеулі, еңселі Елорда әлемге танылды және елімізді әлемге танытты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың астананың атауын «Нұр-Сұлтан» деп өзгерту туралы қабылдаған шешімі өте орынды әрі құптарлық іс болды. Өйткені, қаланың бүгінгідей жетістікке жетуіне Елбасы өлшеусіз еңбек сіңірді. Бүгінде Елорданың сәулетіне көз қуанады. Қаланың көркі келісті, дамуы өрісті. Мұндағы зәулім ғимараттар, айшықты нысандар қазақстандықтардың мақтанышы. Олар шет елден келген қонақтарды әрдайым таңғалдырады. Тұңғыш Президентіміздің идеясымен іргесі қаланған жас қала қысқа мерзім ішінде мемлекет тәуелсіздігінің символына айналды. Бас қаламыз қазіргі таңда келісім ордасы саналады және барлық мемлекеттер бас қосатын Еуразия кеңістігінің орталығы іспеттес. Мұнда халықаралық маңызы бар түрлі форумдар, конгрестер мен өзге де әлемдік ауқымды шаралар жиі өткізіледі. Жалпы айтқанда, осыдан небәрі ширек ғасырға жуық әлем картасында тіпті есімі аталмайтын ел астанасы бүгінде халықаралық ынтымақтастық қаласына айналып, ел мерейін өсірген бас қала мәртебесін иемденгенінің өзі кімді де болса тамсандырмай қоймайды.Жасай бер, арқа төсіндегі қазақтың бас қаласы – нұр шұғылалы Нұр-Сұлтан!

Әйгерім Әбу

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here