Қазақтың даңқты батыры, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы «Отан үшін отқа түс – күймейсің» деген еді. Қашанда Отанды қорғау қ а с и е т т і борыш. Ел басына күн туған кезеңде қияқ мұрты енді тебіндеген б о з б а л а л а р да соғысқа а т т а н д ы . Қолына қару алып, отқа о р а н ғ а н майданда неміс басқыншыларына қарсы жан аямай күресті. Сұрапыл ұрыстарға қатысты. Мақсаты қалайда жеңіске жетіп, ерліктің үлгісін көрсету болатын. Осылайша олар басын қатерге тікті. Қарша бораған оқ пен бомбаның астында жүрді. Өмір мен өлім белдескен сəтте толарсақтан саз кешіп, кеуделерін қорғасын оққа тосты.

Алғаш соғыс өрті тұтанғанда бір ғана Тарғап ауыланан 200-ден астам ер азамат майданға алынса, өкінішке қарай солардың жартысынан көбі жат жердің топырағында көз жұмды. Біразы жеңіспен жігерленіп, өз ортасына оралды.

 Мектепте соғыс ардагерлерінің ерлікке толы өмірі туралы үнемі айтып отырамыз. Сонымен бірге, сынып жетекшілері ардагерлерге арнап арнайы бұрыш ашып, қабырғалықтар жазып орнатты. Майдангерлердің ұрпағын шақырып, əртүрлі кездесу өткізіп тұрамыз. Осылайша, аталардың ерлігін еске түсіріп, бас иіп тағзым етіп жүрміз.

Биыл Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында мектеп алдындағы ардагерлер ескерткіші қалпына келтірілді. Соғыс өрті тұтанған сəтте алғашқылардың бірі болып менің қайын атам Қалиев Серікбай да майданға аттанған екен. Атам 1913 жылы туған. Содан пулеметші болып 8 атқыштар ротасының сапында қиян-кескі ұрыстарға қатысқан. Смоленск облысына қарасты Анновка елді мекенінде 1943 жылы жан алып, жан беріскен сұрапыл шайқас болады. Сол ұрыста Серікбай Қалиев өзінің пулеметімен жаудың пулемет дзотын жойып, үнін өшіреді. Бірақ өзі де сол ұрыста жараланады.

Жеңіс сағаты соққан соң елге оралған ол бейбіт еңбекке араласты. Алғаш ауылда диірменші болды. Содан кейін Ұзынағаштағы Ленин атындағы колхозда қой бағып, мал шаруашылығын дамытуда өз үлесін қосты. Зайыбы Раха екеуі ұрпақ өсіріп, оларды қатарға қосып, өнегелі отбасының алтын арқауына айналды.

Серікбай атамыз содан 1966 жылға дейін шопандық кəсіпті жалғастырып, зейнеткерлікке шыққан екен. Мен бұл əулетке 18 жасымда 1985 жылы келін болып түстім. Жұбайым Маратпен бақытты тату-тəтті өмір сүріп келемін. Атама шайын беріп, ақылын тыңдап, келіндік міндетімді атқардым. Күнде таңертең шай ішіп отырғанда атам өткен өмірі мен соғыстағы жорықтары туралы жиі əңгімелейтін. Арасында көңілі босап, көзіне жас алып қалатын да сəттері бар еді. Сəл тыныстап алған соң: “Сендер енді қайтып сұм соғысты көрмеңдер” деп отырушы еді біздерге.

Көптеген алғыс марапаттарға ие болған атамыз 86 жасқа келіп қайтыс болды. Енем де өмірден озды. Атамның артында ұлағатты ұрпағы, майданда көрсеткен ерен ерлігінің өнегесі қалды. Соғыс жəне еңбек ардагерінің яғни, қайын атам Серікбай Қалиевтің өнегелі өмір жолы мен ерлік істері əрдайым атап айтуға тұрарлық. Қарт майдангердің келіні болғанымды əрқашан орынды мақтан тұтамын. Қарттардың асыл қазына екенін жүрекпен ұғып жүрміз. Ердің ерен ерлігі ешқашан ұмытылмайды, өскелең ұрпақ жадында сақталып жалғаса беретін болады.

Сəуле ƏЛІМҚҰЛОВА,

келіні, Тарғап орта мектебінің директоры, аудандық мəслихаттың депутаты.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here