• Елеусіз қалған есімдер

(э с с е)

Іргеде жатқан Ұлы жолдың бойымен сырғи жүйткіген көлік ішінде қанша сапарлағанымызды кім есептепті. Бірде жұмыс бабымен, бірде шаруа қамымен ары да бері сан рет өттік. Жолаушылап бара жатып үнсіз ойға шомғанда жадымызда кешегі күндердің естелігі жаңғырады, туған жеріміздің тура осы бір тұсымен байланысты өмірдің кейбір кезеңдерін елжірей сағынамыз, әртүрлі адамдардың асыл бейнесі көз алдымыздан құдды қазір көріп отырған кинофильмдегідей лек-легімен зуылдап өтіп жатады. Сондайда және үнемі еске түсетін бір адамдар болады екен. Әсіресе, Самсыдан ары-бері өткен сайын Мәуленқұл ағам туралы терең мұңның тұңғиығына бойлап кете барамын.

***

– Осы «сіз» дегенді қашан үйренер екенсің-ай! «Сіз» деп сөйлеу керек қой тегінде, жасы үлкен адамға, – деп кейде қарадай таусылар еді менің мэтрім.
Жас алшақтығымыз жиырма жылға жуықтайтын. Мына жарық дүниенің есігін ол кісі 1939 жылы сәуірдің 25-де (өзі солай дейтін), мен 1958 жылы желтоқсанның 30-да ашқанбыз. Баласындай десе де болады. Иә, өзінің туған баласындай болып кеткеніміз рас еді. Содан да шығар, әбден шолжаңдап, тіпті кейде басына шыға еркелеп кетеді екенбіз-ау бүгін байыптасақ. Орыстың үлгісімен үнемі «сен» деп сөйлейтінімізді өзімсінгендіктің нұсқасы санайтынбыз. Сөйтсек, Мәкеңе бұл қылығымыз ұнамайды екен. Өзге ұлттың бізге өгей әдетінен тартынса деп айтатын көрінеді жаңағы сөзді. Ақылымыздың шолақтығынан түсіне алмаппыз.
«Ой, Мәуленқұл Керімібіш, кешіріңіз. Енді бұдан былай сіз деп сызылып тұратын боламыз» деп бір күліп алатынбыз да, аузымыз үйреніп кеткен «сенге» қалай ауысқанымызды әңгіме бірқыдыру ұзағанда барып бір-ақ байқайтынбыз. Бұ жолы жақтырмаса да үндемейтін. Асыл ағам-ай, сол! Тәлімді тәрбиесінің қадірін енді біліп жатырмыз.

***

Біз пақырыңыз сонау 1981 жылы көктемде осы күні жалпы жұртшылыққа есімі мен еңбегі жақсы танымал жазушы ағамыз Нағашыбек Қапалбекұлының алқалауымен аудандық «Екпінді еңбек» газетінің білдей бір фототілшісі атанғанбыз. Өмірі қолына фотоаппарат ұстап көрмеген адамға бұл қызметті Нақаңның қалай сеніп тапсырғанын бір Алла біледі, қанат қағарда балапанын құз жартастағы ұясынан шыңырауға қарай итеріп жіберетін қыранның әрекетіне де адам таңғалады ғой, тура сол сияқты болды.
«Сол заматта-ақ көк жүзіне самғап ұшып шыға келдік» деп қалай айтайық, рас, талай жаңылдық. Қайран еңбегіміздің еш кеткен кездері қаншама. Өйткені жетектеп жүріп көрсетіп, ежіктеп айтып үйрететін адам болмады, өзімізше долбарлап түсірдік әйтеуір. Онымыз бірде жалындап кеткен бөлкедей қарайды, бірде сартап болып жатып піспей қалған күлшедей бозарды. Сөйтіп, шикілі-пісілі «өнімдерімізді» Алматыдағы цинкографияға сүйреп апарғанда бірде өткізсек, бірде өткізе алмай пұшайман хал кештік. Фото түсіруден дәріс беретін бір маман орыс табылар ма екен деп айналамыздан алақтап сұрастыра бастағанда көшеде кездескен бір таныс ағамыз: «Осы ауданда Мәуленқұл деген бар, мықты фотограф. Өзгені қайтесің, реті келсе, сен содан үйрен» деді.
Бұл есімді редакциядағы жігіттер де айтып жүретін. «Бірақ оны ұстау да қиын, қазір қайда жүр екен өзі…» деп арғы жағын жұмбақтай күлбілтелеп, мүдіріп қалатын. Содан бір күні… Иә, мүлдем жүдеу шағында жолықтық. Иығына ілген бешпеті олпы-солпылау, көптен бері… үтігіңіз не, сабын көрмегені аңдалады. Өзінің түрі де шаршаңқы, жанары солғын, бірнеше тістен ерте ажыраған астыңғы-үстіңгі қызылиектен бері тіл шіркін еркін қыдырып, қырықтан енді асқан жігіт ағасын біртүрлі мүсәпірлік кейіпке түсіріп тұрғандай. Жастықтың желігі болар, менсініңкіремей қарағанбыз. Қап түбінде жатқан алмастай асыл жігіт екенін кейін мойындадық.

***

Алғаш кездескенде бірден іш тартып сөйлеспесек те, келесі жолы ананы-мынаны жақауратып ептеп кеңес сұрадым. Мәкең фото түсірудің тәсілі туралы пәлендей ештеме айтпады. «Давай, сенің лабораторияңды пайдаланып, екеуміз сурет шығарып сатайық. Арғы жағын содан кейін көрсетемін өзім» деп шартты бірден төтесінен қойды. Менің кім екенімді ол, оның кім екенін мен білмей жатып, бірден түйеден түскендей болып мынадай ұсыныс айтқан адамға ал таңданбай көріңіз. «Мәссаған, мұнысы несі?!» деймін ішімнен. «Редакцияның сурет шығаратын терезесі жоқ қараңғы бөлмесін сырттан келген бәз біреумен ортақ пайдалану деген қылмыс емес пе, оны бастығым білсе, күнім не болмақ?» Далмын. «Жоқ, өйте алмаймын» десем, Мәуленқұлдан айрылып қалатын сияқтымын. «Ал, жарайды» десем, арты қайда апарып соғары тағы белгісіз.
Содан нартәуекел дедік. Ел аяғы басылған кезде ағамыз келді. Әбден мыжырайып, тозығы жеткен портфелінен түсірілген үш-төрт фототаспасын шығарып столдың үстіне қойды.
– Проявителіңнің составы қалай өзі, көрсетші? – деді. Көрсеттім.
– Ой, мынауың қарайып кетіпті ғой, жарамайды. Химикаттарың бар ма, шығаршы бері, – деді бейне бір мені тексеруге келген ревизор құсап. Шығардым. Қағазға салынған ұнтақтарды бір-бірлеп тексеріп көріп, жарамдылық мерзіміне бажайлап үңілді.
– Таразыңды шығар, мыналарды өлшейік. Жаңадан проявитель езбесек болмайды. Сенің ана бәңкідегі қарайып кеткен проявителіңнің тұрғанына қанша уақыт өтті өзі? Үндемедім.
– Ана тұрған бәңкіні жу. Бачоктарды да бір шайқап жібер. Сен өзі фотокорреспондент болудың осы бәңкі жуудан басталатын білесің бе? – деді төбемнен қойып қалғандай етіп. Билеп-төстеп әкетіп барады тіпті. Шамданайын дедім.
Содан ұзын сөздің қысқасы, Мәуленқұл ағам мені фототілшілікке қайта баулуды дәл сол сәттен бастап қолына мықтап алды. Фото түсірудің қыры мен сырын ежіктеп отырып үйретті. Фотоаппараттың көріністі ұстау межесін ауа райының әр сәтіне ыңғайлап өзгертіп тұру керектігі, нысан айқындылығын табу үшін диафрагманы қалай қойған дұрыс, жарықты пайдалану, фонды жіті аңғару, ракурсты, яғни түсіретін жерді тап басып табу, отырып түсіру, биікке шығып түсіру, кезі-кезінде тіпті жатып түсіру, діттеген бейненің көрінісі оң қанаттан алғанда қандай, сол қанаттан алғанда қандай болатынын аңдау мен таңдау, далада, үй ішінде, қараңғы бөлмеде қалай түсірген оң, сурет түсіргенде қосалқы жарқыл беретін құралды бөлмеде де, сыртта да кәдеге жарата алатыныңыз, панораманы қалай алу керек, жылдам ұшып бара жатқан допты, машинаны, аспандағы құсты объектив нысанасына іліктірудің тәсілі, репортаж, портрет, пейзаж, натюрморт, этюд түсіру, т.б. толып жатқан ұсақ-түйек саналатын нәрселерге дейін тәптіштеді.
Енді фототаспаны шығарып, суретті қағазға қалай басу керек, оны айқындағыш ерітіндіде қанша секунд ұстаған оң, ол суреттің бейнені бекітетін ерітіндіде қанша уақыт жатқаны лазым, құралдар мен ыдыстардың тазалығы, отыратын орынның жайлы болуы, негізінен химикаттармен жұмыс істейтін болғандықтан және қызыл жарыққа тәуелді жабық лабораторияның ауасын мезгіл-мезгіл желдетіп тұру керектігі туралы дәрісі өз алдына бір бөлек әңгіме еді.
Оны да қойшы, суретке түсіретін адамдардың әртүрлі болатыны, дерек тарту барысында бірде шіренімпаз менмендер, енді бірде мүлдем қой аузынан шөп алмайтын томаға-тұйық бұйығы адамдардың кездесетіні, олардың психологиясы, ер-әйел, үлкен-кіші алдындағы журналистік әдеп, солардың бәрімен қалайда тіл табыса сөйлесу қажеттігі туындайтыны, іссапар барысында қалай жүріп-тұру керек, тіпті сапарға жиі шығатын болғандықтан кез келген сәтке сақадай сай, әрі сергек болу үшін фототілшінің үстіне де, аяғына да әрдайым мұқият қарағаны, ықшам киінгені, жинақылықты айнымас әдетке айналдыруы аса қажет екеніне дейін тәптіштеді.
– Сен тура бес қаруы сай десант сияқты болуың керек қой қысқасы, және сурет түсірген кезде өзіңді ерекше аңғарымпаз аңшымын деп сезін. Көз алдыңда секунд сайын өзгеріп тұратын объекті аңнан да жылдам өтеді кейде. Үлгерсең алдың, үлгермесең кетті. Саныңды бір соғып қала бересің. Екінші қайтып ешқашан оралмайды.
Алла-ау, сен уақытты бір сәтке болса да тоқтата алатын құдірет иесі емессің бе, сенің бүгін түсірген әрбір суретің күні ертең тарихқа айналады, сен екеуміздің осы дәл қазіргі заманымыздың баға жетпес дерегі болады ол. Ана Мәскеуден шығатын «Советское фото» деген кәсіби журналды жаздырып алып оқы. Орысшаң жетік қой. «Мен де сен сияқты құрылысшымын, стройбатта болғанмын. Әскерде жүргенде кешкі мектепті тағы бір рет орысша оқып бітіргем» деп мақтанатын сөзің рас болса, сол журналға ежелеп үңіл. Көп нәрсе үйренесің.
Фототілші дегеніңіз өз елінің тарихын, адамдарының жарқын бейнесін там-тұмдап сомдап, ертеңгі күнге жеткізетін тұлға. Әттең, сурет түсіріп жүргендердің көбісі соны білмейді. Әй, су мый-ай, сен де оны қазір сезіп-біліп, менің айтқанымды бағалап отырған жоқсың-ау, – деп, Мәулен ағам маған миығынан күліп еді бірде. Сол сөзі рас екен.

***

Бүгінде біз пақырыңыз осы газеттің бас редакторы міндетіндеміз. Жазған-сызғанымыз жұрттың назарында. Бірақ, қолымызға фотоаппарат ұстап газет үшін арнайы сурет түсірмегелі шамасы отыз жылдан асты. Заман өзгерді. Техника жетілді дегендей. Цифрлы фотоаппараттарды былай қойғанда, әркімнің қолында жүрген қымбат бағалы смартфондар түсірген суреттегі түрлі-түсті бейнеңіздің айқындылығы сонша, тіпті кірпігіңізді әр талын санап алуға болатындай. Қысқасы, қалай түсірем десеңіз де мүмкіндік мол.
Алайда, мен кейде газетке салатын ыңғайлы сурет таппай қиналамын. Тілшілер әкелген он-он бес, кейде жиырма-отызшақты кадрдың арасынан газеттің табиғатына лайықтысы ұшыраспай дал қылады. Былай қарасаңыз жұтынып-ақ тұрғандай, техникалық сапасына мін таға алмайсыз. Бірақ амал не, көбісі газет этикасына сай келе бермейді. Нөмірге бара жатқан хабарға, не мақалаға қатысты кейіпкеріңіздің әлпетінде әйтеуір бір қимыл келіспейді, немесе қасындағы адамның көзі жұмылып қалады. Кейде киген киімінің реңкі артындағы фонға жұтылып кеткендіктен тұрпат кескінін ажырату қиынға соғады. Кейде әбден алыстан түсірілгендіктен, бейнесін жақындатам деген сайын бұлдырай-бұлдырай жайылып кетеді. Енді бірде кадрға қырынан ілінген әлгі адамыңыз сұлбасы ғана таныс біреу сияқты болып шықпақ, мына көріністе тура өзін тап басып ажырату мүмкін емес. Тіпті артында кездейсоқ түсіп қалған біреулер кадрға кедергі келтіріп, не қырқып алып тастауға, не фотошоппен өшіруге келмей әре-сарсаңға түсіретіні тағы бар. Ал, енді мұндайда суретті түсірген адамның фототілші ретіндегі сауатсыздығына күйінбеске шараңыз қалмайды. Қараптан қарап отырып таусылуға тура келеді. Ақырында, мақаланы суретсіз жіберуге мәжбүр боласыз.
Біздің бір байқағанымыз, газетке фото түсіру үшін де тілші адамға белгілі бір дәрежеде суреткерлік аңғарымпаздық керек екен. Әлбетте, бір кезде бізге Мәуленқұл мэтр жиі айтатын аңшының қырағылығы, оңтайлы ракурсты таңдай білу, нысанаға алған адамның бет бейнесіндегі, қимыл-әрекетіндегі жағымды сәтті ұстап қалуға деген ұмтылыс, оны қалт жібермей қағып алатын әбжілдік қасиет болмаса қайран есіл еңбектің көп ретте еш кететіні де рас. Барған, тұрған жерінің сурет түсіруге қаншалықты ыңғайлы екенін ұғыну, жарық пен фонды қас қағым мезетте бағамдай білу де оңай шаруа емес. Және фототілші сурет түсіріп жүргенде бәз біреулерден қысылып-қымтырылса, алдындағы елден, яки лауазымды тұлғадан жасқаншақтаса болды, онда газетке дұрыс өнім әкеле алмайды. Жүрген жерінің аурасы мен мысынан жеңілген фототілшіден лайықты сурет күту де бекер.
Бұл фото түсіру дегеніңіздің өзі өте бір күрделі өнер ғой. Оның сәні мен мәнін, маңыздылығын әлі күнге дейін дұрыс түсініп, бағалай білетіндер сирек. Ал, енді небір жарқын жүзді азаматтардың жадырап отырған бір сәтін оңтайы келіп суретке көшіретін болсаңыз, ол енді күні ертең баға жетпес асыл мұра емес пе? Тарих дегеніміздің өзі мына зымырап өтіп бара жатқан уақыт көшіндегі бір мезеттік көріністердің жиынтығынан құралмай ма, сол көш-керуеніне ілесіп бара жатқан сіз бен біздің бір бейнеміз қағаз бетінде қалса, одан асқан қандай нығмет болуы мүмкін?!
Енді ой жүгіртіп қарасақ, бұл өнердің ерекшелігін бір кездері Мәуленқұл ұстазымыз бізге өстіп тәлімдегісі келген екен ғой.

***

Қайран, Мәкең! Отбасында жолы болмаған жігіт еді. Бір отырғанымызда ол қайын енесі араға киліге берген соң жеңгемізбен жараса алмай өз шаңырағынан жырақтап, жары мен бірнеше баласынан да бөлек кеткенін, көптен бері әр жерде жалғыз жортып жүргенін айтқан. Сурет шығарып отырып, қасып-қасып сұраймын ғой кейде, өзгені кінәлауға әуестігі жоқ адам еді, одан басқа жарытып ештеме демеді. Өзін тіпті де кінәламайтын. Ауданда ағайын-туысы, тамыр-танысы жеткілікті, оның үстіне сөйлескен адамын бірден үйіріп әкететін сиқыры бар ма, айналасынан Ұзынағаштағы автокәсіпорындардың шоферлары шықпайды. Мәуленқұл әлгілерге бір аптаға, кейде он күнге «план» әперіп қояды да, қалаған кезінде, қалаған жағына қарай мініп жүре береді. «План» дегеніңіз, белгілі бір мекемеде жүк мәшинесінің пәлен уақытқа дейін жұмыс істегені туралы берілетін анықтамалық қағаз. Оны көбінесе ірі-ірі құрылыс орындарының бухгалтериясы береді. Мәкең кезінде құрылыс техникумын жақсы тамамдап, бірнеше шаруашылықта құрылыс шебері, прораб болған, бұл салада араласпаған адамы кемде-кем. Қалай алатынын кім білсін, есебін табатын әйтеуір.
Салт жүргендіктен ептеп күйсіздікке ұрынды демесеңіз, жайдары мінезінен танған емес. Қолының ашықтығын айтпаңыз енді, өзінде бар кездері бейне бір сақи жаратылған байдың баласындай шалқып жүретін, өзім дегенге ең соңғы бұйымын да ойланбай ұстата салатын.
Бұған дейінгі ұстаздығы өз алдына, 1983 жылы көктемнен бастап Мәкең біздің үйдің шынайы тілеулесіне айналды. Етене араласқаны соншалық, жаңа құрған отбасымыздың бір мүшесіндей еді. Кейде сырт кетсе алаңдап, үйге оралған кезінде бәріміз масайрап қалатынбыз.
Е-е, біздің басымыздан да жетімдік пен жалғыздықтың небір сынағы өтті ғой кеше. Әйтеуір, ел-жұрттың арқасында әупірімдеп жүріп қатарға қосылдық. Үй болды деген атымыз ғана, әйтпесе белгілі баспанамыз жоқ. Ұзынағаштың әр жерінде пәтер жағалап жүргенбіз.
Бір күні жаны жаннатта болғыр қайын енем Күлжахан келді де: – Ана үлкен ұл Жолдыбек болса үш жылдық әскерге кетті. Совхоздың бір отар қойының артында көшіп-қонып жүрген біздің жайымыз мынау. Үлкен үйде Қалима мен Дүйсен ғана қалды. Екеуі әлі ес тоқтатпаған бала. Сендер барып соларға бас-көз болыңдар. Күшік күйеу деген әңгіме жоқ, өйтіп ойлама да, намыстанба, қарағым! Өздерің би, өздерің қожасыңдар, – деді маған қарата. – Қазір кімде кімнің не жұмысы бар. Қайта екеуің біраз ес жиғанша, біз де бір жағынан септесінбіз. Ана, екі балаға дұрыстап қараңдар, – деді әңгімесінің тоқ етерін қызына қарата түйіндеп.
Сонымен Майбұлаққа көшкенбіз. Мектептің тоғызыншы класында оқитын балдызым Қалима мен кенже қайын інім Дүйсен төртеуміз үлкен қайын атамыз Мырқасымнан қалған қара шаңырақта бірге тұрамыз. Мәуленқұл ә дегенде-ақ оларды да тура бір өз баласындай еркелетіп, бірден үйіріп әкетті.
Қайын інім сол кезде мектептің сегізінші класында оқитын. Екеуі жылдам тіл табысты. Мен жұмысқа кеткенде есік алдындағы ескі тамның бір бөлмесінде терезені қымтап алып, сурет шығарады. Дүйсеннің көңілін әбден жаулап алған, айтқанын істетеді. Ол да бейне бір күшік сияқты артынан ілесе жүріп, сурет шығару техникасын кәдімгідей меңгере бастапты. Мәкең бізге білдірмей оны ара-тұра дүкенге жұмсап алатын көрінеді. Кейде қарасаңыз, сәл масайрап отыратыны да содан-ау, әңгіме арасында: «Әй, маладессің-ей, сен! Саған бір қызымды берсем бе екен осы, а? Өзің әскерден келгенше, ол да оныншыны бітіріп дайын тұрмай ма?!» деп қояды Дүйсенге. Бұл қалжыңына өзі мәз болады.
Айтпақшы, осы Майбұлақта тұрған жылдары Мәкеңнің желкелеуімен «Советское фото» журналын үш жыл қатарынан үзбей жаздырып алып ыждағаттап оқыдым. Ай сайын келетін әрбір санынан әйтеуір бір пайдалы нәрсеге кезігем. Фото түсірудің әдісі, химиялық ерітінділердің жаңа құрамы, фотоөнерінің кешегі тарихы мен болашақ мүмкіндіктері туралы мазмұнды материалдарға бай еді, шіркін. Мені фототілшілікке Мәкеңмен бірге баулып, тағы бір көмекші ұстазыма айналған сол журналға да қарыздар екенімді дәл осы арада зор ризашылықпен айта кеткенім лазым шығар.

***

Қаншайым екеуміз тұңғышымызды күтіп жүрген кез. Сонда ғой, бірде шәй ішіп отырып Мәкең: – Жұмыс-жұмыс деп жүріп өлеміз бе, ей! Давай, мына келін «буксовать» етіп қалмаса, Алматыға барып Горький паркін бір армансыз аралап қайтайық, а? – дейді бала құсап. Менің ұлы мэтрімнің кейде осындай аңғалдау мінезі де бар еді. Өйткені жаны таза болатын.
1985 жылы қыркүйектің 5-де Ұзынағашқа біржолата көшіп келдік. Бұрынғы Комсомол, қазіргі П.Спиваков көшесінде тұратын бір жалғызбасты орыс кемпірінің екі бөлмелі қоржын тамын пәтерге жалдадық. Түпкі бөлмесінің бір қапталында ені бір жарым, ұзындығы төрт метрдей оны-мұны қоятын шағын бөлмесін фотолабораторияға айналдырдық.
Иә, бұйыртқаны болды. Әсіресе күз айларында мына іргедегі Қаскелеңде, ауыл шаруашылығы жұмыстарына бір ай амалсыз жегілетін алматылық студенттерді суретке түсіру Мәкеңнің айнымас әдеті еді. Оны екеулеп отырып бір түнде шығарамыз. Ертесінде ізін суытпай апарып сатып, қолма-қол тиынға айналдыратын да өзі. Табыстағы үлесіміз тең. Жай кездері мектеп оқушыларын түсіреді, кейде той-томалақ кездесіп қалады дегендей, қалай да нәпақасыз емес едік.
Бірақ, кейде Мәкең «тәртіп бұзып» кететін. Дүние есептеу дегенді білмейтін ол шайтанның жетегіне ілескен сәттерінде барын шашып жіберіп, артынан маған көрінуге ұяла ма, кейде екі-үш ай, кейде тіпті алты айға дейін ат ізін салмай қоятын шақтары да болды. Алайда, қайда барады, «ат айналып қазығын табатын». Кінәласып барып, іске қайта кірісетінбіз. Өйткені оның көңілі баладай кіршіксіз еді, соған сай өмірі де өте күрделі болды. Өзіне өкпелеу де мүмкін емес сияқты, оған бәрі кешірімді сияқты көрінетін де тұратын. Адам баласын жатырқамайтын мінезіне басып, арда емген тайдай арсалақтап жетіп келген кезінде енді ренжіп береке таппайтынымызды біз де білетінбіз. «Әй, давай, бәрін қоялық та, екеуміз усердно жұмыс істейік» дейтін, түк болмағандай кейіпте. Не айтасыз мұндай уәжге. Сөйтіп менің айналамда метеорит тәрізді бірде алыстап, бірде жақындап жүріп еді-ау кеше, қайран мэтрім менің.

***

Самсыда жерленгенін білетінбіз. Бірақ, кезінде өз қолымыздан топырақ салмаған соң қай зиратта екенін тура айта алмайтынбыз. 2013 жылы күзде ауданға аса танымал кәсіпкер Ақылдос Әбілев кенеттен қайтыс болды. Көпшілікпен бірге Самсыға барып жерлесуге қатыстық. Әлгі маңнан Мәуленқұлдың бейіті де көзіме шалынғаны бар емес пе. Былай жазылыпты: «22.4.1939 – 15.11.1987. Керімов Мауленқұл»
Қайран, азамат! Қайран, менің мэтрім! Сонда оның мүрдесіндегі топырақты жеңілдеткен болып бір шымшым алдым да, өзін ең соңғы рет көрген сәтті еске түсірдім.
«Қашанғы елдің есігінде жүре беремін осы» деген ой ширықтырып, 1986 жылы көктемде үй салмаққа талап қылғанбыз. Бұл ниетімізді ауданның айтулы архитекторы, бүгінде марқұм ағамыз Әбілхан Бәкіров қолдап, әлгі пәтерін жалдаған орыс кемпірдің огородынан арнайы жер кесіп берді. Енді суыртпақтап жіп жинап, алаша тоқып алмақпын ғой баяғы, біреуден цемент, біреуден ағаш сұрай бастадым. Сөйтіп жүргенде бір күні Мәуленқұл жетті. Алдында біраз уақыт көрінбей қалған. «О-о! – деді менің шағындап құйып қойған фундаментімді көріп: – Болды, болды. Енді тиме. Мен өзім ішіндегі қамысы қусырыла шегеленген дайын тақталарды әкелем, көресің, мұның қабырғасын бір-ақ күнде орната саламыз. Содан кейін шатырын жабамыз. Сылағына болмаса, сен енді тіпті әуреленбей-ақ қой. Жер алғаның мұндай жақсы болар ма! – деп, құдды бір өзі үй салатындай шаттана қуанып еді сол күні марқұм.
Рас, оның бұл сөзі риясыз көңілден туған ақ ниеті болатын. Қуанғаны да ақиқат еді. Алайда, Мәкеңнің уәдесі құмға түскен іздей-ақ екенін біз де көкейімізбен көріп тұрғанбыз. Күлгенбіз де қойғанбыз. Адалдығына, ағалық қамқорлығына риза едік дегенмен. Бірақ сол кездесу ең соңғы кездесуіміз екенін қайдан білейік. Кейін… бір жарым жылдан кейін ғана барып мына жалған дүниеге қол бұлғап кете барғанын, сонау Шымкенттің бір жерінде кенеттен келген ажалдың құрығына ілінгенін, қазасы туралы хабарды ең алдымен туған інісі Бейсеғұл естіп, артынан ағайын-туғаны барып сүйегін әкелгенін, сөйтіп Самсыға жерленгенін елден естігенбіз. Қайран ұстазымызға бізден тым болмаса бір уыс топырақ бұйырмағанына іштей өкінгенбіз.
Иә, оның жарқын бейнесін біз қазір де отбасы ортасында үнемі еске алып отырамыз. Кейде жұма күндері дәметкен аруақтарға арнайы құран бағыштағанда Мәкеңнің рухы да есімізде тұрады. Ертеректе қағазға түскен бір өлеңімізде: «Фотоны жетік үйретіп еді, Мәулендей мэтр мықты адам» деп екі тармаққа дерегін қыстыра кеткенімізді тіпті місе тұтпайтынбыз. Өзі туралы кеңінен толғанып, әйтеуір бір күні жазатынымыз кәміл еді. Соның реті енді келіпті.
Жатқан жерің жайлы болсын, менің мэтрім! Мен сені өзімнің көзім жұмылғанша ұмытпаймын. Соған сен. Әсіресе, Самсыдан ары-бері өткен сайын әрдайым есіме оралатының тіпті рас.
Сіз деп сөйлеуді үйрен деген едіңіз-ау, айтпақшы. Тірлігіңізде қадіріңізге жете алмаған сәттеріміз үшін біз жазғанды асыл рухыңыз кешірсін, Мәуленқұл Керімібіш!

Рәтбек САҒИД-УАҺАС,
Қазақстан Республикасы «Ақпарат саласының үздігі»,
«Қазақ журналистикасының қайраткері».

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here