Абайдың – халықты білімге, ғылымға, еңбекке шақыратын шығармалары өте көп. Жалпы ғылым, білім əрбір адамды, бүкіл адамзатты əлеуметтік дамуға апаратын жол. Абай отандық тарихымыз бен əдебиетімізде аса көрнекті орын алады. Қазақтың ұлттық жазба əдебиетінің негізін қалаған ол 17-ші қара сөзінде: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста» – деп ақылды тереңдетіп, шалқыта түсетін, адамның жігерін, қайратын өсіріп, жөнімен жұмсауға жол көрсететін, оны тасытатын, жүректі ізгілікке, адалдыққа баулитын нақылдар қалдырған. Адам бойындағы осы қасиеттің басын қосып, оның əлеуметтік рөлін терең талдап, қайрат, ақыл жəне жүрек үшеуін айтыстыра келеді де ғылымға жүгіндіреді.

Қайрат айтыпты: «Ей, ғылым, өзің де білесің ғой, дүниеде ешнəрсе менсіз кəмелетке жетпейтұғынын; əуелі, өзіңді білуге ерінбей-жалықпай үйрету керек, ол – менің ісім. Құдайға лайықты ғибадат қылып, ерінбей-жалықпай орнына келтірмек те – менің ісім. Дүниеге лайықты өнер, мал тауып, абұйыр мансапты еңбексіз табуға болмайды. Орынсыз, болымсыз, нəрсеге үйір қылмай, бойды таза сақтайтұғын, күнəкарлықтан, көрсеқызар жеңілдіктен, нəфсі шайтанның азғыруынан құтқаратұғын, адасқан жолға бара жатқан бойды қайта жиғызып алатұғын мен емес пе? Осы екеуі маған қалай таласады?» – депті.

 Ақыл айтыпты: «Не дүниеге, не ахиретке не пайдалы болса не залалды болса, білетұғын – мен, сенің сөзіңді ұғатұғын – мен, менсіз пайданы іздей алмайды екен, залалдан қаша алмайды екен, ғылымды ұғып үйрене алмайды екен, осы екеуі маған қалай таласады? Менсіз өздері неге жарайды?» – депті.

Одан соң Жүрек айтыпты: «Мен – адамның денесінің патшасымын, қан менен тарайды, жан менде мекен қылады, менсіз тірлік жоқ. Жұмсақ төсекте, жылы үйде тамағы тоқ жатқан кісіге төсексіз кедейдің, тоңып жүрген киімсіздің, тамақсыз аштың жай-күйі қандай болып жатыр екен деп ойлатып, жанын ашытып, ұйқысын ашылтып, төсегінде дөңбекшітетұғын – мен».

Сонда Ғылым бұл үшеуінің сөзін тыңдап болып, айтыпты: – Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табылсаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам – сол. Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, құдай тағала қалпыңа əрдайым қарайды деп кітаптың айтқаны осы, – депті.

Міне, Абай ақын үшеуіне сондай тапқырлық пен керемет келтірген екен. Бұл əңгіменің тереңдігі, мағынасы, жастар үшін тəрбиелік мəні зор. Абайдың шығармаларын, қара сөздерін оқып, санамызды жаңғыртып, ойлау қабілетімізді өзгертіп, өмірге деген құлшынысымызды арттыра түсейік.

Балжан БАЛМҰРАТОВА, Қазыбек бек ауылдық мəдениет үйінің қызметкері.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here