2021 жылдың ең маңызды тарихи сәті дәл бүгінгі сайлау. Бүгін таңғы 7:00- ден бастап Жамбыл ауданындағы 77 сайлау учаскелерінде 103490 сайлаушы өз таңдауын жасап дауыс беруде.

      Алғашқы дауыс берушілердің бірі Қарақыстақ ауылының тұрғыны Дана Медерхан. Оның жасы 18 –де. Ол алғаш рет сайлауға келгенін айтты. «Мен Тәуелсіз еліміздің ертеңі үшін дауыс беруге келдім. Бұл менің алғашқы рет сайлауға қатысуым. Бұл сайлау маған Отан алдындағы жауапты міндетімді сезіндірді. Еліміздің болашағы жастардың қолында. Барша қазақстандықтарды, ауылдастарды сайлауға келіп, өз таңдауын жасауға шақырамын» – деді. Алғаш рет сайлауға келген Данаға белгілі сатирик Оспанхан Әубәкіровтің екі  томдық кітабы естелік ретінде берілді.

 

      Жамбыл аудандық ардагерлер алқасының төрағасы Жұмабек Чажабаев: « Мен еліміздің болашағын айқындауға  үлесімді қосып, өз таңдауымды жасадым.  Біз Тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде Қазақстанның уақыт көшімен бірге қарқынды дамыды. Бүгінде әлем халықтары біздің елді бейбітшілік пен достықтың мекені деп санайды. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы, халықтың тұрмыс-тіршілігі жыл сайын жаңа белеске көтерілуде. Барша отандастарды, жерлестерді сайлауға қатысып, өз таңдауын жасауға шақырамын.

 

     Аққайнар ауылының ең жас сайлаушысы Жібек Нұрланқызы да көпшіліктен бұрын келіп дауыс берді. Жасы 18 –ге жаңа толған Жібек барша ауылдастарын сайлауға белсенді қатысуға шақырды. Ол өз сөзінде: « Еңселі еліміздің кемел келешегіне сеніммен қарау үшін әрбір азамат өз таңдауын жасайтын сәт келді. Жасым 18- ге толып, ел қатарлы саяси таңдау жасау – мен үшін зор қуаныш. Елімізде әрқашан ауызбіршілік болса , келешегіміз кемел болады. Сондықтан барша ауылдастарымды, сайлауға келіп, дауыс беруге шақырамын» деді.

Бақтияр АЙТАЛЫ.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here