Болашақ ұрпағымызды тәрбиелегенде, оларға жастайынан имандылық пен ұлттық қасиеттерді сіңіре білсек, сонда ғана біз ұлттық рухы дамыған, Отанының гүлденгеніне өз үлесін қоса алатын азамат өсіре аламыз. (Н. Ә. Назарбаев)

Күнделікті теледидар арқылы берілетін ақпараттар ағымынан, жаңалықтар желісінен көріп-естіп отырғанымыздай, әлемде болып жатқан түрлі табиғат апаттарын, бодандықта өмір сүріп жатқан елдердің тыныс-тіршілігі, лаңкестік әрекеттердің құрбаны болып, ажал құшқан жандардың тауқыметтерін көріп, Тәңір сыйлаған тыныш, бейбіт өмірімізге тәуба дейміз!

Иә, ел іргесі тыныш болғаннан асқан бақыт бар ма?! «Дегенмен» дейтін тұстар да бар. Бақытты өмірдің ішінде бақытсыздыққа апаратын жолдың бастау алатын жағымсыз жақтары жаныңды жабырқатады, айтпасаң, көрмесең, ұлттық беделіңе, болмысыңа сын емес пе?!

Ұлттық болмыс демекші… Ұлтты ұлт етіп ерекшелендіріп тұратын – оның тілі мен салт-дәстүрі. Ата-бабамыздың артына мирас етіп қалдырып отырған – ұлттық құндылықтары. Ұлттық құндылықтар қоржынында: ұлттың тілі, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, тарихы, мәдениеті, әдебиеті, ұлттық қолөнері т.б., бір сөзбен айтқанда, бір-біріне ұқсамайтын ұлтқа тән ерекшелігімен сипат алатын қатпарлы қазына сақталады. Ендеше, бала сәби күнінен-ақ, өз ұлтының салт-дәстүрін, үлгі-өнегесін бойына сіңіріп өссе, ол ертең Отанының ұлы болып ержетеді. Неге деуіңіз орынды.

Жасырып жабатын, алдаусырататын несі бар! Жетпіс жыл бойы (біздің буын) қызыл жалауға жалтақтап күн кештік, дәл біздің балалық шақ, онан кейінгі ержетіп, азамат боп қалыптасқан кезең – сол социализм дәуірі тұсында, «коммунизм» деген тегін заманды күтумен өтті.

Мектеп табалдырығын аттай сала, «Дін – апиын» деген сөзді оқып (қабырғада ілініп тұратын), миымызға тоқып шықтық. Институт қабырғасында жүргенде, «Ғылыми коммунизм», «Атеизм» пәндері бойынша материалдарды жалаң жаттап, түсінбесек те, түсінген болып, емтиханнан «сүрінбей» өттік. Айта берсек, сөз көп. Небір аласапыран, «ақтабан шұбырынды» заманды бастан кешіріп, аман жеткен көнбіс қазағым қалжырап жүргенде, Тәуелсіздіктің таңы да атып, егемен ел болып еңсемізді көтердік. Шүкір Аллаға!

Егеменді ел болдық деп бөркімізді аспанға лақтырып, «алақайлап» қуанғанмен, егеменді өз алдына ел болудың байыбына барып, мән-мағынасына, маңызына терең бойлап, түсініп жатырмыз ба, әлде… Міне, мәселе сонда болып отыр.

«Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» демекші, ұлттық тіл төңірегінде тіл жанашырлары тарапынан аз айтылып жатқан жоқ, жазудан да кенде емеспіз. Тіліңді құрметте, қазақ екеніңді, сол ұлттың өкілі екеніңді тіліңнен таныт, қазақ болып өмір сүр, ол үшін салтыңды сақта, сонда ғана егеменді, тұғыры берік тәуелсіз Қазақ елі болып өмір сүреміз дегенімізге ширек ғасырдан да асып барады-ау. Аз уақыт емес, әрине.

Айтпағым, қанша айтсақ та, жазсақ та дәурені әлі жүріп тұрған, ықпалынан алыстай алмай байланып қалған «өзгеге еліктеу» деген дерт жайлаған қоғамда өмір сүрудеміз. Оның жарасы жазылмай жатқанда, аз болғандай, батыстың батпағына да батуға шақ тұрмыз. Ол – шындық. Сонау дәуірде, орыстану саясатының әсерінен, әлі сол тілде сөйлеуді сән көретіндер көп. Санамызға, салтымызға сынадай кіріп, сіңісті болған бұл дерттің дәлелі де жоқ емес.

Сол дәлелдердің бірі – Жаңа жылды тойлау рәсімі. Бүгінгі әңгімеге мұрындық болған – әр жылы табалдырық аттаған «Жаңа жылды» қарсы алу кезіндегі келеңсіздіктер және оны болдырмаудың маңызы. Рас, өзіміз де кеше ғана (Кеңес одағы) желтоқсан айы басталысымен-ақ, жасыл шырша іздеп әлек болатынбыз. Оны әртүрлі ойыншықтармен безендіріп, балаларымызға Жаңа жыл кешіне киетін костюмдер дайындап, мәре-сәре болдық қой, шындығы сол.

Енді ше? Ауыл жағдайын қайдам, менің білетінім, қала көшелері (Алматы) қызылды-жасылды жарқыраған майда шамдарға бүкіл ағаш біткен оранады (өрт қаупі де жоқ емес). Үлкен ғимарат, мейрамхана дейсіз бе, әртүрлі мекемелердің алдында аспанмен тілдескен алып шыршалар бой түзейді. Шыршаға кеткен қыруар қаражаттан жетімдер мен жоқ-жітіктерге көмектесіп, қол ұшын созса, қайырымды, сауабы мол іс тынар еді ғой. Жаңа жыл қарсаңында қала мектептерінен бастап, ірілі-ұсақты жоғары оқу орындары, мекемелер біткен құдды бір құдасын күткендей, қарбалас алашапқын әзірлікті бастайды. Жаңа жылды тойлау рәсімінің есебінен мейрамхана, кафелер шаш етектен «табысқа» кенеледі. Қала халқының көбі ұжым болып сол мейрамханаларда келе жатқан «Жаңа жылды» тойлайды. Ішімдік деген харам «су» сел болып ағады, көңіл көтермекке келген кейбіреулер ащы суға тұншығып, тұра алмай тұралап жатады. Ұят-ақ! Арзан күлкінің артында ащы «қуаныш» күтіп тұрғанын тағы ұмытпаңыз. Алдымен құшақтасып, артынан пышақтасып жатқандар да сол күні ауруханада оянады. Не азабым десеңізші! Қазақ деген кәперінде еш күдігі жоқ, бейқам жүретін сенгіш, аңғал халықпыз ғой. Сол аңғалдықтың арқасында өз ұлтымыздың салт-дәстүріне, діліне, дініне сызат түсіріп алғандығымыздан, мән бермегендігімізден – ұлттық құндылықтарымыздан ажырай бастағанымыз да жасырын емес. Кейбір өзге ұлттың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, тіпті, мейрам-мерекелерінің өзі санамызға сіңіп, бойымызға қалыптасқаны соншалық – өз дәстүрімізден алыстап, дінімізден, ділімізден де қол үзуге аз қалдық. Әйтеуір, дер кезінде егемендігімізді алып, есімізді жидық. Бірақ, жараның аузы жазылғанымен, оймақтай орны қалады емес пе?! Себебі, қанға сіңген әдеттен арылу да сондай қиын. Оның куәсі, Жаңа жыл жақындаған сайын, зәулім сарай, ғимараттардың ортасына биік шыршаны орнатып, оны айнала ән салып, ойын-сауық өткіземіз. Бала түгіл, үлкендердің санасының уланғаны соншалық, «Аяз атаны» өзінің қайын атасы келетіндей, қуана-қуана, құшақ жая қарсы алады. Бұл жағдай өз басымыздан да өтті ғой. Насихат айтып, көкірек көзімізді ашқан кім бар еді? Соқыр сенім қайда жетелемеді ол заманда. Ақталғандай боласың, бірақ солай. Қай ата-ана болмасын, мейлі жас болсын, жасамысы болсын, Жаңа жыл күнгі бүлдіршіндердің көңілін көтеретін «ақсақалды» құдды өзінің туған атасындай қарсы алудың астарында өзге дінді уағыздаудың таптырмас құралы жатыр, осыны түсінсек. Өзге дінге үгіттеудің бірінші сатысы да осы балдәурен шақта қаланатынын ұмытпаңыз. Ислам дініне қарама-қайшылық болатынын жас сәби бала қайдан білсін, оны ата-әже, үлкендер жағы тереңінен түсіндіріп, рұқсат етілмеген, мұсылманға жат екенінен хабардар етіп, жүрегіне жол тауып жатпаса, алғашында білмеген адамға бәрі жақсы көрінетіні анық.

Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларымен Мединеге көшіп барып, оның тұрғындары мажусилердің (отқа табынушылар) мейрамын тойлап жатқанын көргенде, оған қатысуға қатаң тыйым салғанын, сосын тек екі мейрамды – Құрбан айт пен Рамазан айт мейрамдарын тойлаймыз деп айтқанын хадистерден білеміз. Осыны естен шығармайық.

Жыл сайын бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде де, теледидарда да қанша айтылып, ескертулер жасалып жатса да, отшашу (салют) құралдардан келетін зиянның шаш етектен екенін білсек те, тыйылар емес. Қалтаңыздан шыққан шығын орны толар, ата-ана баладан несін аяған, бірақ, отшашудың салдарынан жарақат алған мүшесін, көз жанарын, тағы сол сияқты дене мүшелерінің орнын немен толтырасыз?! Ең өкініштісі де – сол. Ойланайық, ағайын.

Сау басына сақина тауып алып, әбігерге түскен елде есеп жоқ. Жаңа жылдың ертесінде теледидарға қарауға жүрегің де дауаламайды. Отшашудан опық қанша жесек те, керексіз көңіл көтеруден кейбіреулердің әлі бас тартатын түрі жоқ. Жаңа жылды қарсы алатын сәтте, түн ортасына қарай, бүкіл қала десем болады, жарқ-жұрқ еткен қызыл-жасыл ысылдаған отқа оранады. Көше, аула тарсыл-гүрсіл, жарқ-жұрқ еткен, ызылдаған, ысқырған отшашқыш құралдардың даусынан құлағың жарылуға шақ қалады. Не болғанын білмей, кейде, қорқыныш, үрей пайда болады. Терезені ашуға да қорқатын халге жеттік. Осы көріністі өзіңіз де көріп, куәсі болып жүрсіз, оқырманым. Әй дер әже, қой дер қожа жоқ. Ата-аналар, үлкендер қайда қарап отыр деп ойланасың.

Тағы да өткеніме үңілейін. Қазақ өзі барлық нәрсенің (сөздің де, істің де) киесі бар деп қарайтын халық қой. Осындайда өткенің, балалық шақта көргенің, естігенің есіңе орала береді. Баламыз, ауылдың біз құралпас қара домалақтары ағаштан жасалған тапаншаларымен үйдің бұрыш-бұрышынан бір-біріне «тух-тух» деп өздері дыбыс шығарып, атыспақ ойнайтын-ды (кинодан көргендері). Осындай сәттерде, аталарымыз байқап қалса, «әй, ниетің құрғыр, соғыс шақырма, тәйт» деп жекіріп, қуалап жататын-ды. Еш тарсыл-гүрсілсіз-ақ, жай дыбыстың өзіне тыйым салатын. Яғни, әрекеттері дұрыс болмағаны ғой. Сонда аталарымыз қызыл майданды көрді, тыныш өмірдің, бейбіт азат өмірдің бағасын білді деген сөз. Ниетіңді бұзба, жаман іске бастама деген ой жатыр ғой астарында. Міне, әр нәрсенің киесі бар деген осы болар.

Осы күндері сағат түнгі 12.00-ден кейін, далада құдды соғыс болып жатқандай көріністің куәсі боласың (Құдай бетін әрі қылсын!). Сатыр-сұтыр, жарқ-жұрқ, үйдің іші жап-жарық болып, ысқырған оттың ұшқыны дәл төбеңе түсетіндей күйде жүресің. Жарайды, оның да бір мәнісі болар. Шыдайсың, сабыр сақтайсың, қуанышына елдің кедергі болмайын деген қазақы көңілжықпастық тағы бар. Бәрінен де айтпағым, өмір болғасын, дәл осы мезетте әркімнің де үйінде ауру әке-шешесі, қарт адамдары бар. Бірінің жүрегі әлсіз, бірінің басы ауру. Жарымжан төсек тартып жатқан адамдар да болады. «Ұят болады!», «Обал ғой!», «Мұныңыз дұрыс емес!» дейтін жан ашу, обалсыну, ұялу қасиеттері бар адамдар қайда?!

Тағы да сол ата-бабадан қалған салт-дәстүр санамда сайрап тұр. Менің нағашы атам тегінде Ұлы Отан соғысына қатысқан, қолынан жарақат алып, кемтар болған кісі еді, жарықтық. Көп нәрсе есімде, есейе келе түсіндік қой. Көк майса шөптің үстіне шапанын жайып отыра кететін-ді. Еміс-еміс есімде қалған осы көрініс. Сөйтсем, намаз оқитын кісі болған екен. Жарықтық, жұрт жиналған жерде ауыл балаларына ақылын айтушы еді. «Көкті жұлма», «Аяғыңмен көк шөпті таптама», «Шөпке, суға түкірме», «Түнде үйде ысқырма», «Малды басынан ұрма», «Жәндікті өлтірме», «Итті қорлама», «Өтірік айтпа», «Ұрлық жасама», «Үлкеннің алдын кесіп өтпе» және т.с.с. сөздерін естіп, миымызға тоқып, бойымызға сіңіріп өстік. Ал, қазіргі жастар туа бітті ақылды. Шетінен білгіш, «ғұлама», ақыл-нақылыңды керек етпейді. Бір нәрсені «олай емес» деп ескертуге қорқасың, еш нәрсенің қадір-қасиетін бағалап жатқан жоқ (бәрі емес, әрине). Қазіргі жастардың көбі дайын асқа тік қасық бола қалады. Алма піссе, аузыма түссе деген пиғылмен өмір сүріп, уақытын өткізуде. Ата-бабамыз көрген қиыншылықты, аштықты, жоқшылықты қазіргі ұрпағымыз дәмін татпай-ақ қойсыншы, замандары тыныш болсын! Тек, барды бағалай білсе, әр нәрсенің байыбына барып, судың да сұрауы болатынын түсінсе деген ой менікі. Ысырапшылықтың, даңғойлықтың да шегі болмай ма түбінде! Қазір, идеология басқа. Ірі тұлғалар жоқтың қасы десе де болады, бәрі ұсақталып барады.

Тағы да өзекті өртеген мәселеге, яғни, әңгіменің тұздығы болған «Жаңа жыл» кешінің кесірінен туындаған көріністерге ауысайын. Таң атқасын, ертеңіне жаңа күнмен қауышпаққа далаға беттейсің, әрине. Елестетіп көріңізші! Аппақ қар беті қап-қара қошқылданған қызылды-жасылды қағаз, шала жанбай қалған күкірт қалдығынан көрінбейді. Қазақтың жүрген жерінде артын жинайтын құл керек қашанда. Намыс, ұят, жан ашу деген адами қасиеттер қайда? Қайран Жер-Ана қайыспай, небір азғындықты көтеріп келеді-ау! Ауаның өзі күкірт иісінен арыла алмай, тұншыққандай, әуе де шайдай ашылмай, түнеріп тұрады.

Аппақ тап-таза қарға аунап, шана теуіп өскен біздер сол тазалықты аңсаймыз. Заман өзгерді деп уәж айтарсыз, білем, заманды өзгерткен адам, адамның ниеті, пиғылы, болмысы өзгерді. Адамның әдемі әдебі әлсізденді, қазақы салт санадан сырғып барады. Бөтендікін бауырымызға басып, өзінікін өзегінен тепкен байқұс қазағым-ай демеске лажың жоқ. Осы айтылғандардың бәрі жалғыз менің ғана жан айқайым емес, көпшіліктің мұңы. Өзекті өртер өкініш көп, қағаз бетіне түсіріп, ойыңды айтып, ойсыратып-ақ қопарып жазасың, оқырманға ой салар ма екен деген үміт үзілмек емес.

Қаламым – қаруым, тілім – қылыш. Ойымдағы тілімде, тілімдегіні тілімдей қағазбен сырласып, ақ парақ бетіне айшықтадым. Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ. Жаны ашып шырылдап, шындығын айтып жазыпты деген жан болса, жанына жақын алып азық етер, жоқтан өзгені жазып, аңыз етіп айта беріпті деп шала түсініп, жала жапқандар болса, патша көңілі білсін. Алдағыны Алла біледі.

Қорыта келе айтарым, ұлтты ұлт етіп ерекшелендіріп сақтайтын екі алып тұғыры бар. Оның бірі – тілі, екіншісі – діні. Екеуі қамшының өріміндей жымдасып жатса ғана, мұсылмандық ұстаным мықты болса, тіл тазалығын көзінің қарашығындай сақтай білсе ғана, толық егеменді, тәуелсіз, жасампаз Қазақ елі болып өмір сүреміз.

Өткенсіз болашақ жоқ. Десек те, өткенге үңіліп үгіле бермейікші! Болашақта ұрпағымыз ұлт болып, өз ұясында ұйысып, тәуелсіз тегеурінді ел болып, бір-бірінің саясында жұмылған жұдырықтай жұрт болып, өз жерінде жасай беретініне кәміл сенімдіміз!

Тамшыдан теңіз құралады демекші, ой тамшымды там-тұмдап жинап, талқыға салдым, ойымды айттым, ойлану Сізден, оқырманым!

Ең керегі бізге – ұлыстың ұлы мерекесі, жыл басы Наурызымызға төрт көзіміз түгел, басымыз аман, бауырымыз бүтін, елдей болып жетейік, ағайын!

  • Ұлтын ойламаған адамның қамын ұлты да ойламас болар.

Расул Гамзатов

 

  • Елдің елдігін сақтайтын – әдебиеті, тарихы, жол-жоралғысы.

Мағжан Жұмабаев

Рыскен ӘБІШЕВА

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың аға оқытушысы,

филология ғылымдарының кандидаты,

 Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here