Тұңғыш ПрезидентЕлбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы халқымыздың тарихындағы терең мағыналы бағдарламалық құжатқа айналғаны баршамызға белгілі. Бəсекеге қабілеттілік, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанатқұруы секілді мақсат-міндеттерді айқындап берген бұл мақалада рухани жаңғырудың алғышарты болатын нақты жобалар ұсынылған. Ел келешегіне үміт артқан Елбасының аталған тұғырнамасында білім мен ғылымға айрықша назар аударылып отыр. «Терең білім – тəуелсіздігіміздің тірегі», – деп атап өткен Ұлт Көшбасшысы Мəңгілік ел болуға қадам басқан егемен еліміздің жаhандану алдында ұлт ретінде жойылып кетпеуі үшін ұлттық кодын сақтаған, яғни сонау ата-бабаларымыздан қалған ұлттық мəдениетіміз бен əдебиетімізді, ғасырлар бойы табиғатымызда сақталған, қаймағы бұзылмаған, халқымыздың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан əдет-ғұрыптары мен салт-дəстүрлерін, ұлттық тіліміз бен дінімізді, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымызды дəріптеп, ұлттық құндылықтарымызды өн бойына сіңіре білген білімді, бəсекеге қабілетті, көзі ашық, көкірегі ояу саналы ұрпақ қалыптастыру керектігін алға тартады

Қазіргі таңда адам капиталы басты құндылыққа айналып отырған кезде оқу мен білімнің қарыштаған дəуірінде, Ұлт Көшбасшысы рухани жаңғырудың негізгі талабы – «білімнің салтанат құруы арқылы білімді бəрінен жоғары қоятын ұлт қана табысқа жете алады», – деп айтқан болатын. Осы орайда көрегендігі мол, мақсаты айқын Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жарияланғаннан бастап, біздің білім ордамызда рухани жаңғыру аясында мектеп оқушыларының бойына патриоттық сезімді ұялату, Отанға деген құрметін арттыру мақсатында қашықтықтан көптеген патриоттық іс-шаралар ұйымдастырылды. Біз балаларды қалай тəрбиелесек, болашағымыз да соған байланысты болады. Сондықтан шəкірттерді білімді де мəдениетті, тəрбиелі де əдепті, кішіпейіл де қарапайым етіп тəрбиелеу өз қолымызда. Елбасы өз мақаласында қазіргі жаһандану заманында ұлттық бірегейлікті сақтап қалу, өркениеттің жақсысын алып, жаманынан жирену жөнінде өте құнды пікірлер айтты. Ендігі міндет – осы айтылғандарды іске асыру жолында аянбай еңбек ету.

Бəсеке болған жерде əрбір тұлға өзінің ең сапалы қызмет түрін ұсынады. Білім мен тəрбиесі үндескен ел болуымыз үшін жақсылыққа ұмтылып, сананы рухани жағынан үнемі жетілдіріп, дамытып отыру керек. Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін əркім терең түсінсе лазым. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім əрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бəрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді.

Шолпан РАЙЫСОВА, Көкқайнар ауылындағы орта мектептің химия пəні мұғалімі.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here